10 там, 2019 сағат 14:30

Қонақ күту мен ысырапшылдықтың арасы...

Қонақжайлық қазақтардың ежелгі қасиеті. Бұл жөнінде XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушісі Виктор фон Герн былай деп жазған болатын: «Жалпы алғанда, қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет».

Үйге келген қонақ оларда әрқашан үй иесінің қамқорлығы мен қорғауында болады. XIX ғасырда Қазақстанда болып, оны зерттеген неміс зерттеушілерінің бірі Ф. фон Хелльвальд та былай деп жазды: «Қырғыз-қайсақтар барынша қонақжай мейірімді болып келеді. Олардың киіз үйіне кіріп жайғасқан кез келген жатжерлік адамның өзімді біреулер тонап немесе өлтіріп кетеді-ау деп қауіптенбей, алаңсыз ұйықтай беруіне әбден болады».

Қазақтың дархандық, жомарттық қасиеті бұрынғы көшпелі ата-бабаларынан үзілмей келе жатқан дәстүр. Ислам діні келген соң осы дәстүрлерді одан әрі бекітіп, оларға мұсылмандық реңк берді. Ардақты аяттар мен Пайғамбар (с.а.с.) өсиеттері, сахабалардың сөздері ілкіде қалыптасқан ізгілік ұстанымдарын одан әрі нақтылап, олардың басты мақсаты Жаратқанның жарылқауына жету екендігін түсіндіріп, қайта жаңғыртты. Кейіннен қазақтар сақилық қасиет сөз болғанда Атымтай жомартты мысалға келтіретін болды. Ал Атымтай персонажының түп негізі араб дәстүрінде мәшһүр болған Хатим ат-Таи, яғни Таи тайпасынан шыққан Хатим деген кісі. Арабтар оны жомарттықта мысалға келтіретін. Мұсылманшылықпен бірге келген бұл мысалды қазақтар жатсынбай, өзінікіндей етіп өңін келтірді. Хатим ат-Таиға тілі келмегендіктен Атымтай деп қазақыландырып алды. Уақыт өте келе ол адамның араб екендігі ұмытылып, қазақы мысалға айналды.

Кең сахараны жайлаған қазақ халқында қонақ кәдесінің орны ерекше. Әр үйде қонаққа арналған сый-сияпат алдын ала дайын тұратын. Бұл үрдіс қазірге дейін сақталған. Қонақтың сыбағасы әрқашан дайын тұрады. Мейман күту қазақтың заңына айналған. Егер қонаққа лайықты құрмет көрсетілмесе, халық биі үй иесіне айып салатын. Қонаққа деген мұндай құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген.

Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», − деген.

Қазақтар қонақты арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ деп төртке бөлген. Солардың ішінде құдайы қонақ үй иесі танымайтын бейтаныс жан, жолаушы. Отағасы оны бұрын-соңды көрмеген адамын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған.

Халық нақылында қонақтың құрметін білдіретін «қырықтың бірі – қыдыр», «қонақтың өз ырыс-несібесі, құт-берекесі бар» деген сияқты ұғымдар қалыптасқан. Мейман бейтаныс болса да, үйдің төріне шығарылып қонақ хағы беріліп, құрмет көрсетіледі.

Қазақта қонақ болудың қатып қалған мерзімі болмайтын. Арнайы қонақтар апталап, айлап мейман болатын. Ал «үш күнге дейін қонақ» дейтін қағида көбіне құдайы қонаққа қатысты айтылатын. Оған дейін келген кісінің мақсаты сұралмайтын. Аталмыш қағиданың діннен алынғанына дау жоқ. Оған төмендегі риуаят дәлел болады.

Әбу Шурейх Хуейлид ибн Амрдан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға, ақырет күнінен иман келтірсе, қонағының сыйын жақсылап берсін», – дейді. Сахабалар: «Оның сыйы не?» – деп сұрағанда, ол (с.а.с.): «Оның сыйы – бір күн және түн. Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы», – деген.

Қазақ халқында сақталған әдептілік дәрістерінен нағыз мұсылман ұстанымының көрінісін көреміз. Солардың бірі дастарханда отыру, тамақтану әдебі. Енді халық санасында сақталған сол әдептерді хадис шәрифтермен ұштастырып көрелік.

Дастарханға отырғанда Алланың атын ауызға алып, тамақты табақтың жақын жерінен оң қолмен алып жеу ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі әдеп. Бұл Пайғамбардың (с.а.с.) өсиеттерінен алынған өнегелер.

Омар ибн Әбу Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Маған Алланың Елшісі (с.а.с.): «Уа, бала! Алланың атын атап, оң қолыңмен же. Өзіңе жақын жерден же», – деп айтты».

Асты ала бастағанда Алланың есімін айтуды ұмытып, кейіннен есінен түсірсе, «алдында да, аяғында да Бисмилла» десе болады.

Мүміндердің анасы Айша (р.а.) былай дейді: «Алланың Елшісі (с.а.с.): «Егер де біреулерің тамақ жесе, «Бисмиллә» деп айтсын. Ал егер басында ұмытса, онда «Басында да, аяғында да «Бисмилла» деп айтсын», – деп айтты».

Асқа сол қолын салған балаға үлкен кісілер оң қолмен жеуді үйреткен. Бұл келесі хадистен алынған тағылым болып саналады.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің тамақ жесе, оң қолымен жесін, ішсе де оң қолымен ішсін. Шындығында, шайтан сол қолымен ішіп, сол қолымен жейді».

Осы тұрғыда оң жақ пен сол жақ жайындағы халық ұғымы мен мұсылмандық дәстүрдегі пайымды түсіндіріп өтудің реті келіп тұр.

Дегенмен халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдық. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллиондарды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөздерінен қорқу, пәленшеден кем болмауым керек деген сияқты жалған намыс жатыр. Демек, барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер. Ал рияның өзі күнә, өзгелер көрсін, мақтасын деген ниетпен жасалған істер жақсылыққа жатпайды.

Ысырапшылдықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбір адамдар Жаратушының өздеріне берген ризық-несібелеріне шүкіршілік ету былай тұрсын, оларды қалай болса солай пайдаланып, арам жолдарға сарп етеді. Мал-мүлікті, ақшаны жаман жолдарға, Алла Тағала тыйым салған құмар ойындарға, арам істерге, араққа, темекіге жұмсап ысырап қылады. Өлгендері үшін де шектен тыс мал шашып ас беріп, керемет мазарлар тұрғызып әуреленеді. Кейбіреулер өз басында үй, көлік болса да, дүниеге көзі тоймай, ішінде адам тұрмайтын зәулім сарайлар, мінілмейтін су жаңа көліктер сатып алып та ысырап қылады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Пенденің түбіне жететін теріс сипаттардың қатарында ысырапшылдықты да қосқан ақын былай дейді:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз!

Негізінде, «ысырап» сөзі араб тіліндегі исраф деген сөзден шыққан. Бұл сөз шектен шығу, малын пайдалануда, сөз сөйлегенде шектен асып, ысырап ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғат ғалымдарының түсіндіруінше, ысырап ету мал-мүлікті, ақшаны пайдалануда кездесетін теріс қылық. Осыған орай ысырап екіге бөлінеді:

1. Мал-мүлікті, ақшаны арам нәрсеге жұмсаумен ысырап ету.

2. Мал-мүлік, ақшаны адал нәрсеге мөлшерден тыс жұмсаумен ысырап ету.

Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) да бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған. Бірде Алла Елшісі (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Амрдың (р.а.) дәрет алып жатып суды мөлшерден тыс көп пайдаланып жатқанын көреді де: «Бұл не деген ысырап?»  – дейді. Абдулла ибн Амр (р.а.): «Дәрет суында да ысырап бола ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Иә. Тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап береді. Демек, суы мол дариядан дәрет алып жатсаң да суды ысырап етпеу керек екен. Бұл тек дәрет суында ғана. Ал мал-мүлікті ысырап етудің қателігі одан да зор.

Алла Тағала былай дейді: «..Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді жақсы көрмейді».

Тағы бір аятта бекер мал шашушылар албасты шайтандардың достарына жатқызылған.

Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын бер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші».

Демек, ысырапшылдық пендені ең төменгі дәрежелерге түсіріп, малғұн шайтандардың қатарынан бір-ақ шығаратын, ақыры жамандыққа апарып соқтыратын апатты іс екен. Сондықтан әрбір мұсылманның ысыраптан сақтануы керек.

Амр ибн Шуғайыбтың атасынан жеткізген риуаятында Алла Елшісі (с.а.с.): «Ішіңдер, жеңдер және садақа беріңдер һәм ысырап пен тәкаппарлық танытпай киініңдер», – деп ескерткен .

(Материал ҚМДБ-ның мақұлдауымен жарияланды)

Ағабек Қонарбайұлы,

ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы