22 қаз, 2018 сағат 09:10

"Коммунизм идеологиясы - ең қанқұйлы идеология!.."

Қазаққа қаншама қасірет алып келген коммунистердің "қарғыбаулы төбеттері" болған комсомолдар бас көтеріп жатыр. Комсомолдың 100 жылдығын Абай атындағы опера және балет театрында айқайлап тұрып атап өтті.

Ең сорақысы, олар осы мәселені ҚР ҒА Философия және политология институтында жиналып, талқылапты. Ал осы институт Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай "әу" депті ме екен?

Коммунизм идеологиясы ХХ ғасырдағы ең қанқұйлы идеология болып, адамзатқа, соның ішінде қазаққа зор қасірет алып келгені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сөйтіп келіп, коммунистердің жандайшаптары болған комсомолдың 100 жылдығын дүркіретіп тұрып атап өтуге тыраштану - барып тұрған сатқындық!

Бұл - армандары ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТІН құру болған АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ӘРУАҚТАРЫНА түкіру болып та табылады.

Сондықтан да, өзін ҰЛТШЫЛМЫН деп санайтын барлық қазақтар бұл шабаштың өтуіне қарсы. Ол үшін ең алдымен Қуаныш Сұлтановпен кездесіп, саяси қателік жасап отырғанын түсіндіруіміз керек. Түсіне алмаса (түсінгісі келмесе), басқа да әрекеттерге баратынымызды ескертуіміз керек. Коммунистік идеология күйрегеннен кейін 27 жыл өткен соң Алматының төрінде комсомолдарды тайраңдатып қою, ұлтшылдығымызға сын.

Нағыз тойлағылары келіп өліп бара жатқандар болса, онда төсектерінде әйелдерімен тойласын, ас үйлерінде отбасыларымен тойласын, үйлерінің қасындағы кафеде достарымен тойласын, мейрамханада жақтастарымен тойласын.

Қазақтың қасиетті Театрында комсомолдардың тайраңдағандары өкінішті!

Нағашыбай Есмырзаның фэйсбуктағы жазбасынан