06 мам, 2019 сағат 16:12

Коммунистік идеяның табытына шеге қағатын уақыт жеткен жоқ па?

Кімде-кім коммунизмге қарсы болса, сол - нағыз адам.

Солженицын

Өткен ғасырда коммунистік идея, яки бірді-екілі көрнекті философтың шексіз утопиялық қиялы мен қызыл-көсемдердің жалаңаш пайымы, үрейлі ұр да жық ұрандары ғаламдық сипат алып, жүйеге көнуге икемді халықтарды аждаһадай жалмағаны рас. Коммунизм әуелгі формасында "бүкіл адамзаттың бірлігін, халықтың теңдігін" басты концепция ретінде қарастырғанымен, діңі жоқ "Құдайсыз қоғамның" соқыр идеологтары жарқын болашаққа жете алмады һәм адамзат үшін ертегідегідей "ортақ әлем" құра алмады. 

Ұланғайыр әскері мен жар қайысқан қолы болмаса да, 19 ғасырдың екінші ширегінде Лион көтерілісінің құрсауындағы Франция Королдігінен бастау алып, Гракх Бабеф, Этьен Кабелер сынды идеялық жақтастардың қанат қағуымен, алғашқы түсініктер мен жалқы ойларды одан әрі іліп әкеткен Маркс пен Энгельс, Дезами, Лаготьер, Пийо сынды ойшылдар әм қоғам қайраткерлерінің, революционерлердің қолдау-әспеттеулерімен коммунизмнің тамыры тереңге кетіп, шекарасы кеңейгені белгілі. Иә, алғашында елесі Еуропаны кезген қоғамдық құрылымның әр елдегі ірі өкілдері, белді табынушылары атышулы "Коммунистік партияның манифесті"-нен рух алып, "Пролетарии всех стран, соединяйтесь!" деген ілкіде өздері үшін қасиетті ұранға айналған жанды лозунгпен әрпіл-тәрпіл жұртты революцияға шақырып, бұратана халықтардың басын өзіне бұрып, қандаладай қанын сорып, кейін тұрмыс-тіршілігіне біржолата сіңісіп алды. Сіңіскені соншалық, бұл сенім - Құдайға әм дінге деген сенімнен жоғары тұрды. 

Сөйтіп, ірі идеология XX ғасырда бүкіл әлемдегі коммунистік партиялардың қызметінің негізіне айналды. Коммунистік қиялдың нақтылы белгілеріне аса көңіл бөлмей-ақ, компартиялар билікті басып алу мәселесіне және төңкерістік күрестің қозғаушы күштеріне бар назарын тікті. Алдымен, олар пролетариаттың билікті қарулы күшпен басып алуына бағытталды, кейіннен 1910 жылы соңында Еуропа елдеріндегі коммунистік төңкерістер жеңіліс тапқаннан соң, компартиялардың басым көпшілігі қарулы көтеріліс бағытынан бас тартып, күрестің заңды жолдарына (ол мүмкін болған кезде) көшті. II дүниежүзілік соғыстан кейін компартиялар заңды жолмен Шығыс Еуропада билік басына келді. 1950 жылы соңына дейін әлемдегі көпшілік компартиялар кеңестік құрылымды коммунистік қоғамның жарқын үлгісі ретінде қарады. Сөзсіз, біздің білетініміз де сол - аспан астын тітіреткен тентек орданың басқаруындағы қанды-қаһарлы кезеңдер. Ал, бұл кезеңдер қандай идеологияның бастауымен "ілгері жүргенін" қазақтан артық ешкім білмес.

Асылы, төңкеріс арқылы, халықты билеп-төстеп, оны қанау арқылы әділ қоғам құрмақ болған коммунистік жол бүкіл адамзатқа қасірет әкелді.

Күн көсем-қызыл көсемдер өркениеттен алыс, субаумақта қалған кей ұлттардың интеллектіден, мәдениеттен, этикадан да жырақ қалу жағдайына әкеп тіреді.

Тәуелсіз зерттеуші Қанағат Жүкешевтің пікірінше, коммунистік билік иелері әлеуметтік алалау саясатын жүргізді және оны біртіндеп, әдістемелі жүзеге асырды. "Оның мәні: қазақтарды, мүмкіндігінше, ауылды елді мекендерде шоғырландыру, индустриядан аулақ ұстау, қалаға келтірмеу, керісінше, қалаға славянтекті жұрттар өкілдерін жайғастыру. Бұл бағытты іске асыру үшін жергілікті әкімшілікке құпия нұсқаулар да берілді. Қала кәсіпорындарына квалификациялы жұмыс күші қажеттігін желеу етіп, КСРО-ның славянтекті халықтары тұратын республикалардан адамдар топтап әкелініп жатты. Жайлы пәтерлер соларға берілді. Осылай, Қазақстан қалаларында тұратын славянтектілердің үлесі үздіксіз артып отырды. Ал, ауылдан қалаға келуге ниет білдірген қазақтарға әкімшілік тосқауыл қойылды. Олардың қала тұрғыны ретінде тіркелуі қиынға соқты. Бұл қазақтан шыққан жұмысшыларға ғана емес, зиялы тобына жататын адамдарға да қатысты болды. Білім, ғылым, көркем шығармашылық салаларында ұзақ уақыт бойы жұмыс атқарып келе жатқан танымал адамдардың көбінің Алматыдан пәтер алуға қолы жетпеді. 

Осылай, коммунистік билік иелері қазақтарға қатысты ғылыми негізге сүйеніп жобаланған екі бағыт ұстанды. Біріншісі – Қазақстан тұрғындарының ішіндегі жергілікті халықтың үлесін мейлінше азайту, екіншісі – олардың өзін ауылды елді мекендерде шоғырландыру. Әлеуметтік-демографиялық саясаттағы осы екі бағыт бұдан былайғы уақыттардағы қазақтардың рухани күйін де айқындаушы факторға айналды.

Шаруа табының ешқашан ұлт мүддесі үшін күресте жеңіске жете алмайтынын тарихи тәжірибеден түйіп, пайдалы қорытынды шығара білген большевиктік идеологтар әр кездегі қазақ шаруасының көрсеткен дөңайбатынан сескенген жоқ, шаруамен санасқан да жоқ. Шаруа тапты қазақ халқы Кеңес өкіметіне XX ғасыр бойы құлақ естіп, көз көрмеген, жан түршігерлік әлеуметтік эксперименттер жасауға жол берді, қырса – қырыла беретін, үркітсе – қаша беретін халық екендігін көрсетті. Бірыңғай шаруа халқы болып қалған қазақтар ауылдық мешеулік пен пасықтықтан арыла алмады, өздерін ұйымдасып қорғауға сауаты жетпеді, әр кезде болған аштықтарда шыбынша қырылды, шет елдерге қашты.

Қазіргі қазақтар Кеңес тұсындағы ауылын ілтифатпен еске алады. Ол кезде ешкім жұмыссыз, демек, жалақысыз қалмайтын. Бәрі өлместің күні қамтамасыз етілетіндей бірдеңе алып тұратын, мамыражай күн кешетін. Бірақ осы қамтамасыздықтың бұқараны өзінше ойлаудан, әрекет атаулыдан айырып тастағанын ешкім аңғармады. Ол кезде күлшелі мәмбет коммунизмге таяп қалғанына масайрап, «қазақ, төбесі көкке жетпей тұр аз-ақ» деп, «ауылым, ауылда туған бауырым» деп ән салуды ғана білетін. Ұлттығы мен мемлекеттігінің қабырғасы сөгіліп бара жатқанын сезбейтін..."

Біздіңше, коммунизмнің негізгі минусы - өмір сүруге қауқарсыздығында. Дәл қазір ондай алып баржаны қайта құру мүмкін емес. Өйткені оның құрылымының арнайы моделі жоқ. Тек қана құр сөз, аңғал сенім және агрессивті көзқарас бар.

Коммунизм - жәй ғана адамдар сөзге сенген, дәлелсіз ғылымға иланған уақытта туған ғажайып утопия. Сол кездегі көпшілік әу баста "мінсіз қоғам құрай алсақ, бақуатты күн кешіп, өсіп-өркендеп, түбі әділетті, шыншыл һәм мейірімді орта қалыптастырамыз" деп есептеді. Бірақ бұл иллюзияға сенумен бірдей еді... 

Бүгінде бәзбіреулер "ҚКХП 2004 жылы құрылған және ол Қазақстан Компартиясының құқықтық мұрагері болып табылмайды. Қазіргі заманғы коммунистерді 1930-шы жылдардағы қуғын-сүргіндерде немесе жаппай аштықта айыптау, Шыңғысхан әскерлерімен Көне Отырарды бұзуда Моңғол азаматтарын айыптау сияқты ақылға қонымсыз нәрсе" деп былжырап отыр. Сонда, ұлтымыздың асылдарының көзін жойып, халыққа жөйтті қырған фашистердей қиянат жасаған, қорлық пен зорлық көрсеткен шовинистік партияның бүгінгі өкілдерін төрімізге шығарып, оның біреуін патша ғып төбемізге көтеруіміз керек пе екен? Бұл - сорлылық әм надандық!

1993 жылы Түркия астанасы Анталия шәрінде өткен "Түрік мемлекеттері мен қауымдарының достық, туыстық және ісбірлігі құрылтайында" сөз алған қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Мағауин: "Біз үшін соңғы жетпіс жыл тіпті қиын болды. Әсіресе қазақ түріктері ауыр қазаға ұшырады. XX ғасырдың бас кезінде, Түркия түріктері он миллион болған кезде қазақтардың саны алты миллион еді. Қазақтар түркі жұрттары арасында екінші орында тұрған. Сол кезде бүкіл Орта Азия, Түркістан өлкесіндегі халықтың елу жеті процентін қазақтар құрайтын. Орыс коммунистері Қазақстанды еркін иелену үшін ғаламат жауыз жоспар жасады. Ібілістің ойына келмеген жоспар. Коммунистер колхозға ұйыстыру деген ұранмен қазақтардың қолындағы барлық малын түк қалдырмай тартып алды, сөйтіп, жасанды жолмен аштық ұйымдастырды. 1932-1933 жылдары коммунистік геноцид кезінде қазақ халқының тең жарымынан артығы қазаға ұшырады. Егер осы коммунистік геноцид болмаса, қазір қазақ халқының саны жиырма бес-отыз миллионға жететін еді. Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы, бүкіл түрік дүниесіндегі гео-саяси жағдай мүлде басқаша болар еді. Коммунистік билік, орыс шовинизмі бізді дінімізден айыруға тырысты, тілімізді ұмыттыруға тырысты, мыңжылдық тарихымыз бен мәдениетімізді жоққа шығарды. Пантүркизммен қорқытты, панисламизммен қорқытты, Анадолыдағы түрікті жау деп жариялап, қатар отырған қазақ пен қырғызды, өзбек пен түркіменді бір-бірінен алыстатпақ болды. Коммунистік империя түрік деген сөздің өзін айтқызбады. Бірақ біздің халқымыз өзінің шыққан тегін ұмытқан жоқ. Тарихынан бас тартпады. Біздің ұлы мұрамыз "Күлтегін жазуында" айтылған: "Елліг бұдұн ертім, елім әмті қані - қағанлығ бұдұн ертім, қағаным қані?" - деген сөздер үнемі көкейде тұрды. Ақыры бұл жолы да өлмедік, жоғалмадық", - деп, шындыққа тура көзбен қарауға үндеген еді.

Міне, "жақсы өмір сыйлаймыз" деген партияның керісінше қиянаты, ұлтымыздан тартып алғаны көп болды. Бәлки, аға буын өкілдерінің партия тарихы мен оның ұстанымдарына қатысты түсінігі бөлек, құрметі ерек шығар. Оларды айыптау да - оғаш қылық танытқанмен бірдей. Бірақ біз уақыттың дегеніне қарсы тұра алмаймыз. Жаңа заманның сұраныстарын елемей жүре алмаймыз. Ендігі біздің ел кемел болашаққа көз тастап, дүниеге және онда болып жатқан ауқымды өзгерістерге басқа ракурстан қарауы қажет.

Сондай-ақ, Қазақстанда декоммунизация процесі бүгіннен басталуы керек. Бұл жерде көптеген факторлар, субъективті және объективті бағалаулар бар. Жалпы, біз бұл қадамға жаңа ғасырдың басында-ақ баруымыз керек еді. Билік Тәуелсіздігін алғанына көп бола қоймаған елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы факторлардың әсерін ойлады ма, әлде процесс уақыт өте келе табиғи түрде өзі шешіледі деп сенді ме - бұл жауапты мәселеге әлі де салқынқанды қарай алмай келеміз.

Демократиялы елдер компартияларды әлдеқашан келместің кемесіне мінгізіп жібергенде, біздің төрімізде олар әлі отыр. Неге? Қандай жақсылығы үшін? ҚКХП-ның парламенттен орын алғалы Қазақстан халқына осы кезге дейін ештеңе берген жоқ. Тіпті партия электоратының өзіне де ештеңе бермеген сынды. Халықтық ұйымның атын жамылған коммунистердің атап өтер оң бастамаларын да еске түсіре алмадық...

"Ештен кеш жақсы" дейді қазақ. Жаңа қоғам ретінде біз еліміздегі "ең кәрі" саяси топты және оның жетекшілерін тағынан тайдырып, елесін өткеннің қайта оралмас сәттері мен қайта ашылмас парақтарына орап, тұрмыс-тіршілігімізден мүлде алыстатуымыз керек. Олар - өткен ғасырда радикалды идеологияларды ұстанған топтың туын көкке көтергендер. Олар - ұлттық сананы, ұлттық мәдениетті, яки ұлттық кодты таптамақ түгілі, оны түбімен жойғысы келген көсемдердің ізбасарлары.

Коммунизм адамгершіліктің барлық абсолютті түсініктерін жоққа шығарғанын ешқашан жасырған емес. Ол мейірім мен жауыздық категорияларына бірдей күле қарады. Қоғаммен санасқан жоқ, шешімін талқыға түсіртпеді, адамдарды жануарға айналдырды. Қоғамдық-саяси ахуалға қатысты түрлене берді, бірақ озбырлыққа, қастыққа жаны жақын табиғаты ешқашан өзгермейтінін дәлелдеді. 

Сондықтан әлемнің көз алдында күйреген жүйенің күлін қайта тұтата бермейік. Коммунистік идеяның табытына шеге қағатын уақыт жетті!

Алдағы сайлау науқанында да сол партияның өкіліне дауыс беріп, Ахметбеков пен оның командасына төр ұсынғанша, нақты іспен айналысатын, ел-жұрттың мүддесін жеке ұстанымдарынан биік қоятын кандидатты таңдағанымыз абзал болар! Cөзсіз, әркімнің таңдау еркі әм құқығы бар. Бірақ президенттіккке лайықты саясаткер көп пе? Мәселе сонда...

Мағжан Қожа