06 мам, 2019 сағат 09:26

Коммунист Ахметбеков президенттікке кандидат куәлігін алды

Қазақстан коммунистік халық партиясының үміткері Жамбыл Ахметбековті 6 мамырда орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына кандидат ретінде тіркеді.

Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған бірқатар саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Қаулы жобасы туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Сәрсенбайұлы Мельдешов  баяндама жасады.

2019 жылғы 26 сәуірде «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігі Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың құжаттарын ұсынды. Атап айтқанда:

- «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» қоғамдық бірлестігін Әділет министрлігінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген, осы қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы отырысының Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;

- Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың Президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтініші;

- өмірбаяндық деректер;

- сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат.

Осы құжаттардың, сондай-ақ кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау негізінде Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 29 сәуірдегі № 21/254 қаулысымен Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі анықталды және азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтары берілді.

Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар:

-Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың кірістері мен мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;

-Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековта оны тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытынды;

- аумақтық сайлау комиссияларының Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты қолдайтын азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары ұсынылды.

Осы хаттамаларға сәйкес Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты қолдап Қазақстанның 16  өңірінен 138 294  азаматтың қолын жинаған, олардың ішінен 135 506 рас қойылған қолдар болып есептелінді.

Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылғы 15 сәуірдегі №13/237 қаулысымен белгіленген Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын рас қолдардың қажетті саны кемінде 118 140 қолды құрайды.

Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты Президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде «2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы» қаулы қабылданды.

Қаулымен төмендегілер белгіленді:

- 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Жамбыл Аужанұлы Ахметбеков Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін;

- Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековке тиісті куәлік берілсін;

-Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың тіркелгені туралы мәліметтер арнаулы уақытша шот ашу үшін «Қазақстан Халық жинақ банкі» акционерлік қоғамына берілсін;

-бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековтың тіркелгені туралы хабар жариялансын.