25 қаң, 2018 сағат 10:51

Коммуналдық қызметке төлегенде ақшаны қалай үнемдеуге болады? (Видео)

"Крыша" басылымы YouTube хостингіндегі арнасында коммуналдық қызметке төлегенде ақшаны қалай 50 пайызға дейін үнемдеуге болатыны жайлы видео жариялады, деп жазады kaz.tengrinews.kz.

Видеода бастапқыда түбіртекті мұқият қарап шығуға кеңес беріледі.

"Түбіртекте мүлде төлемей-ақ қоюға болатын пунктер көрсетілуі мүмкін: анықтама қызметі, бос жұмыс орындары жайлы мәліметтер, заңгер кеңесі, жылжымайтын мүлікті сақтандыру, құтқару қызметі. Мұны адам өз еркімен төлегісі келсе ғана төлейді. Сондықтан да сіз көрсетілген қызмет түрлеріне ақша төлемей-ақ қойсаңыздар болады. Жалпы ол талаптар заңсыз. Себебі коммуналдық қызметтегілер бұл мәселе жөнінде әрбір үйдің иесімен жеке келісімшарт жасасу керек", - делінген видеода.

Сондай-ақ, видео авторы алматылықтардың жоғарыда көрсетілген қызмет түрлері үшін жыл сайын 270 миллион теңге төлейтінін айтады.

Мұнымен қоса, автор көпқабатты үйдің тұрғындарына жарықты уақытында өшіріп жүруге, қарапайым лампаларды энергия үнемдеуіш лампаларға ауыстыруға, сондай-ақ, энергетикалық класы жоғары тұрмыс техникаларын сатып алуға кеңес береді.