10 шіл, 2018 сағат 17:40

Көмірмен жұмысты басқа ведомствоға ысырған Бозымбаев Премьер-Министрдің әзіліне ілікті

Көмір саласын қадағалауды басқа ведомствоға ысырып тастаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Премьер-Министрдің әзіліне ілік болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Бүгінгі Үкімет отырысында Қарағанды облысының 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған өңір басшысы Ерлан Қошанов әріптестеріне қазірден бастап көмірді сатып ала беруді ұсынған болатын.

«Былтырғы жылғы жағдай қайталанбас үшін биыл Шұбаркөл разрезінде көмір жеткілікті. Біз басқа облыстармен бірігіп, кестесін жасадық. Сондықтан әріптестеріме өтінішім, сол кесте бойынша қазірден бастап көмірді шығара берген дұрыс болады», - деген еді ол.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа бұл мәселені бақылауға алуды тапсырған еді. Алайда ол осы айдан бастап көмірге қатысты барлық мәселе Инвестициялар және даму министрлігінің қарауына берілгенін айтып құтылды.

«Қайырбек Айтбайұлы (Инвестициялар және даму вице-министрі), Сіздерге ысырып тастапты ғой. «Іскер» министрліктер солай жұмыс істейді. Пайдасыз нәрсені шығарып тастайды, пайдалысын қалдырады», - деп әзілдеді Премьер-Министр.