15 қар, 2018 сағат 22:20

Көмір алуға барған атақты спортшы төбелес кезінде көз жұмды

Танымал дзюдошы Жасұлан Әбиев Семейдегі Қаражыра көмір разрезінде болған төбелес кезінде қаза болды, деп хабарлайды "Sputniknews.kz". 

Қайғылы оқиға сейсенбі, 13 қарашада болған. Factum.kz куәгерлерге сілтеме жасап хабарлағандай, спортшы көмір кезегінде ауыр жарақат алып, көз жұмған. 

Басылымның мәліметінше, көмір алуға кезекке тұрған екі жігіттің арасында жанжал шығыпты. Ауыр бас жарақатын алған Жасұлан сол жерде ажал құшқан.

ШҚО полиция департаменті марқұмның Степной ауылында тұрғанын мәлімдеді. 

"Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-тармағы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді полицейлер. 

Күдікті ұсталған, қазір уақытша ұстау изоляторында. Ол Семей қаласының 24 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Қаза болған Жасұлан Әбиев – республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық турнирлердің жүлдегері.