18 нау, 2017 сағат 09:52

Көмбе нанның дәмі таңдайда қалды

Кеше М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында драматург М.Омарованың “Көмбе нанның дәмі” драмасының премьерасы өтті. Спектакльде соғыс жылдарындағы Қазақ жеріндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген бауырмашылдығы, ашқұрсақ Қазақ халқының жер аударылып келгендерге жарты нанды бөліп берген мейрімділігі суреттеледі. Оқиғаға арқау болған өзекті мәселелер диуана шалдың ащы айқайымен басталып, ұлдарынан қара қағаз келген аналардың мұң-зарымен әрі қарай жалғасады. Қойылымда халыққа төнген нәубет, жастар арасындағы махаббат, адамның жаманы болса да, ұлттың жаманы болмайды қағидасын ұстанған неміс шал, әскерилер, ауыл адамдарының образдары сәтті байланысып, көрермендерді еліктіріп әкетеді.

“Театр көктемі-2017” фестивалі аясында көрсетілген премьераға шетелден арнайы шақырылған театр сыншылары қатысып, шығармашылық құрам жұмысына жоғары баға берді. Қиямет-қиыншылығы қазақтың мойнына шылбыр болып ілінген, сұмдығымен тарихта қалған Кеңес өкіметінің саясатына қайшы болып көрінген ұлттарды туған жерінен айырып, жер аударту, өздері аш-жалаңаш қалса да, пана іздеген жұртты сыртқа теппеген қазақ халқының бойына ғана тән ұлы қасиеттерді ұлықтайтын қазақ сахнасындағы қойылымдар жиі қайталануы керек екенін баса айтты.Астана Жастар театрының директоры Н.Жақыпбай "Көмбе нанның дәмі" спектаклінің премьерасымен театр ұжымын құттықтап, бұл қойылым арқылы жаңа композиторды танығанын, көріп қуанғанын жеткізіп, Ә. Омарованың еңбегін жоғары бағалады. О. Қыйқымов, Д. Темірсұлтанова, Б. Қаптағай, Ш. Асқарова, Қ. Бейсеғалиев, М. Мұхтарұлы, Б. Қожа, Г. Жақыпова, Д. Анарбай, Д. Үсенова, Д. Жүсіп, Б. Манжігітов, А. Сатыбалдиева, А. Бекжанов сынды театр артистерінің актерлік ансамбліне көрермен ықыласы жоғары болды. Илья атындағы Мемлекеттік ғылыми зерттеу университетінің басшысы, Өнертану докторы, Лаша Чхартишвили Д. Жүсіптің актерлік шеберлігін кәсіби түрде жоғары бағалап, өз ықыласын жеткізді.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Кәкішованың режиссерлігімен сахналанған қойылым келген қонақтар мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Спектакльдің алғашқы премьерасы 17 наурыз күні өтті. Келесі премьера 19, 25 наурыз күндері екенін хабарлаймыз.

                                                           М.Әуезов театрының баспасөз қызметі