31 шіл, 2019 сағат 10:38

Көлік прокуратурасы: Mobius жүйесі заңсыз билет саудасын жойған жоқ

ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов теміржол билеттерін сатуға арналған Mobius жүйесін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жасұлан Еламанов әуелі «Нұрлы жол» бағдарламасының қаржысын игеру бойынша кешенді тексеру басталғанын мәлім етті.

«Тексерулер көліктік бақылау органдарының жұмысында елеулі кемшіліктер бар екенін анықтады. Өткен жылы әкімшілік жауапкершіліктен жалтару, арнайы рұқсаттарды заңсыз жолмен беру, мәжбүрлі тыйым шараларын қолданбау сияқты кемшіліктер анықталған болатын. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тиісті ұсынымдар бергенбіз. Сол ұсынымдар бойынша Көлік комитетіне қарасты аумақтық бөлімшелердің 14 қызметкері әкімшілік жауапқа тартылды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің өкілдері бірнеше лауазымды тұлғаны пара алғаны үшін ұстады», - деген көлік прокуратурасының өкілі «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының жұмысында заңбұзушылықтар анықталғанын атады.

«Көліктік бақылау қызметіне сауал көп. 2015 жылдан бері «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 51 жоба жүзеге асырылған. Олар 1700 шақырым автомобиль жолын салып жөндеуге бағытталған жобалар болатын. Жалпы сомасы 700 млрд теңгеге таяу. Қазір уәкілетті органдармен бірге сол қаржының қаншалықты заңды игерілгенін тексеріп жатырмыз. Әзірдің өзінде «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы мен оның аумақтық бөлімшелерінің қызметінде өте күрделі заңбұзушылықтар анықталып жатыр», - деді ол.

Жасұлан Еламанов теміржол билетінің саудасын реттеу үшін іске қосылған Mobius жүйесінің жұмысын сынға алды.

«Бұл жүйе билет алып сатқыштардың жолын кесуі тиіс болған. Қазір олай болмағанын көріп отырмыз. Билетті алып-сату әлі жалғасуда. Оған БАҚ-тағы материалдар дәлел. Соның бірі бойынша тексеру жүргізіп, Шымкент қаласындағы вокзалдардан бір күннің ішінде билетті заңсыз сатып жүрген 6 адамды ұстадық. Олардың бәрі әкімшілік құқық бұзу кодексінің 449-бабы бойынша жауапқа тартылды. Дәл оындай жағдай Алматы қаласының вокзалдарында да орын алып отыр. Бұл мысалдар Mobius жүйесін айналып өтуге болатынын көрсетеді. Бұл мәселе әлі жойылмағандықтан, өзге де жауапты органдармен бірге шара қолданамыз», - деді ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы.