07 там, 2019 сағат 11:08

Көлігіне киік етін тиеген қарағандылық ұсталды

Қарағанды облыстық табиғатты қорғау полициясы көлігінде киік етін тасымалдап бара жатқан азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

5 тамызда табиғатты қорғау полициясы заңсыз киік аулаудың алдын алу және жолын кесу бойынша жүргізілген іс-шаралар барысында «Жезқазған-Есіл-Петропавл» тас жолының бойында Сәтбаев қаласының аумағында Қарағанды қаласының 47 жасар тұрғынының басқаруындағы «Тайота-Сюрф» автокөлігін тоқтатты.

«Көлікке жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында автокөліктің жүк салғышынан 2 пакетке оралған ет тәркіленді. Көлік жүргізушісі табылған еттің киік еті екенін және оны белгісіз азаматтан сатып алғандығы туралы түсініктеме берді», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінде.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері тиісті сараптама тағайындап, тергеу амалдарын жүргізуде.