04 нау, 2020 сағат 12:45

Көлеңкенің көз жасы

Күн қапырық еді. Аспан айналып жерге түскендей. Шаңқай түсте үйге бет алып келемін. Шақырайған күн көзі жан алқымнан алғандай алапат алау төгіп тұр. Маңдай терімді алақаныммен сыпырып тастадым. Шағын қалашықтың шолақ көшесі үнсіз мүлгіп жатыр. Орман ойдың құшағында келе жатқан ем. Мен үшін тосын құбылыс байқалды. Аңдап қарасам, көлеңкем кідіріп келе жатыр екен. Иә, иә! Аңызақта бу болғандай ұшты-күйлі жоғалып барып, қайта пайда болады.

Кежегем кері тартып келе жатқаны аздай, жанымдағы қара сұлба екі-үш қадамға шегініп қалып қоя беретінін енді аңғардым. "Бәтшағар!" - дедім жеки оған. Айналамда не түрлі тылсым болып жатқанын жиі еститінмін. Етім үйреніп кеткен еді. Бірақ көлбеңдеп қасымнан қалмайтын көлеңкемнің менен ажырай бастағаны ұнамады. Жаяу жүрсем де, жалпақ әлемді жаулап алардай, тәкаппар болмысым бір бөлек.

Көлеңке-м оқшырайып тұрып барып, үйге ілесе кірді. Қожайыны көз қырына да алмағасын шығар. Қараңғылық құшағына ене ғайып болды. Шам түймесін басып ем, жарық бөлмеге лезде қайта оралды. Моп-момақан күйі ербеңдеп, табан астынан бір елі ұзамады.

Тоңазытқыштан шырын бөтелкесін алдым да, салқын сусынды сыздықтата жұттым. Жұмсақ орындықта басымды әнтек шалқайтып,  мырс еттім. Көңілім алаңсыз еді. Ұшар биіктегі мансап жолы елестеді. Бастық кеше еңбегімді бағалайтынын айтты. "Сәл күте тұр, жуырда орынбасарым басқа қызметке ауысады. Дайындала бер..." - деп емеурін білдіріп қойды. Көмейі бүлкілдеп тұр. Сезіп отырдым. Сәл жымиып ем, қабағымен ишара етті. Лып етіп түрегелдім де, кабинетінен шығып кеттім...

Бар ойымды қою, қоңыр дауыс бұзды.

- Тірі өліксің! Еһ!

Селк ете қалдым. Үйде жан жоқ еді. Көз алдымда көлеңкем ғана жылыстап тез қозғалды да, қарсы алдымдағы қабырғада малдас құрған адам сұлбасы пайда болды. Екі көзім шарасынан шығар ма еді? Тоңмойындығым көк желкемнен басып тұрмаса. Сәл қозғалақтадым да, бейқам ғана қалпымда қалдым. Өрекпіген көңілім байсал тапты. Шын мәнінде, сүлесоқ едім. Немкетті мінез қаныма сіңгелі қашан?

Көлеңке жыбыр етті де, тағы да "Өліксің!" деп тас төбемнен сарт еткізгендей болды.

Үйді жаңғырықтыра күлдім.

- Неге олай? Сен де өліксің. Бейшара! - дедім өрекпи сөйлеп.

- Тірінің жүрегі тірі болуы керек еді. Құр сүлдерің қалыпты, - деп жұмсара сөйледі көлеңке-м.

"Қамқорсынуын!" Ми түкпірінде дүдәмал сауал лыпылдап тұрды да, кекесін райы тілімнің ұшынан ытқып шықты.

- Пәлі!.. Неге жаның аши қалды?

- Ұзақ уақыттан бері бақылап жүрмін, ием. Шектен шығып барасың.

- Не айтқың келіп тұр!?

Шамданып қалғаным дауыс ырғағынан байқалды ма, көлеңке-м именгендей қалып танытты.

- Әнеукүнгі басқосуда "Ақиқат қымбат" деп аузың көбіктене сөйледің жолдастарыңа. Бәрі аузын ашып, көзін жұмып, ұйып тыңдады. Сені де мықты маман дейді-ау. Жаның таза еді, иә, кезінде... Кейінгі кезде мансап дәмесі көзіңді тұмандатып, көкірегіңді күмпитіп барады. Турасын айтқанда, айла-шарғыға жүгініп, парамен бұлдап, бар істің амалын басқа байыппен табатын болдың...

- Һе, һе... Сандырағыңа болайын. Адалдық ұшпаққа шығарады демекпісің! Кірпиязға күретамырдан қымбат шығар шындық. Бірақ дүмбілез қоғамға дүние айналып түссе де, бәрібір. Адамзат баласы жаралғаннан жалғандық салтанат құрып келеді. Көппен көрген ұлы той. Айтпақшы, сенің емешегің неге езіле қалды?

Қабырғадағы сұлба түрегелді де, лезде теріс айналғандай қалып танытты. 

- Сен жалғыз емес едің. Қаумалаған дос та, қабағы күлімдеген қарындас та қасыңнан табылатын. Шетел көрдің. Мемлекет есебінен оқыдың. Қызмет баспалдағынан тез көтеріліп келесің. Бірақ жүрек үніне үңілуді, білім-білікке сүйенуді қойдың. Қу дүние құлқыныңа жағып барады. Төте жолды тапқаныңа бәлсінесің...

- Тұра тұр... Менің хұқыма қол сұғатындай қандай дәрмен бар сенде, ә?

- Маған бәрі мәлім. Бала күннен дос болған тең құрбың телефон шалды. Қабыл алмадың өтінішін. Мекеме басшысына жолыққысы келген танысыңа делдал болдың. Есесіне, екі айдан бері сарылған ана бейбақ уақытын сарп етіп келгенімен, ауылына қайтты. Көпшілікпен кездесуде данышпан ойыңды айтып, дандайсуды қоймайсың. Қоғам дамуы саған қарап тұрғандай, тура жолды өзің тапқандай көкисің. Саяси тартыс астарын сауатты талдағандай астамсисың.

- Япырмай, сені әбден өкпелетіп алыппын... (У кекесінмен қырылдай сөйледім).

- Сен - менің көлеңкем ғанасың. Абайла! - деп сұқ саусағымды екілене көтердім. - Менің талантыма кімнің түкіргені бар! Дүмділердің көңілін табу керек. Көлеңкелер қоғамы бәрінен қорқады. Бойымдағы күш-жігерім, ыстық ынта-ықыласым, жаңа идеяларға деген құштарлығым кімге дәрі? Меңіреу жүйеде жаңа жобаларымды жүзеге асырғанша күйіп-жанып кетпеймін бе? "Ләппәйдің" де жөні бөлек. Өсіп алайын. Ертең-ақ ерекше идеяларымды жүзеге асырамын. Ібіліспен де індетіп, періштемен де пейіл жарастырып, діттеген мақсатыңа жетуге болады. Мен - интеллектуалмын! Ертең-ақ мемлекет қабілет-қарымымды таниды. Министр болатыным хақ!..

- Жоқ! - Көлеңке-м баж етіп, шоршып түсті. - Талантыңды тулақ құрлы көрмедің. Тірі өліксің! Жылмиған шашың, суық қабағың, меңіреу көзің кәстүм-шалбарыңмен маңғаз маска жасап берді. Жүрегіңдегі гауһарды көміп тастағаның қашан? Халыққа қызмет ету келмеске  кетіп, нарыққа қызмет ету нағыз нан табу жолына айналды. Ұлтым деген ұлан ұрыға айналады деп кім ойлаған. Рас айтасың, көлеңкелі биліктің келбеті! Сендер көлеңкелер қоғамының мызғымас қалқанысыңдар. Екеуіміздің бір-бірімізден айырмамыз жоқ! Жиіркеніштісің! Сендейлерді, түбінде, құрдым жүйе қалпақпен ұрып алатынын аңғармайсың.

Көлеңке-м еденге алақанын бетіне басқан күйі бүк түсті. Екі иығы бүлкілдеп жатқанынан көз жасына ерік бергенін аңғару қиын емес.

"Көлеңкенің көз жасы?.." Өз ойымнан өзім қыстыға күлімсіреп, қылмыс жасағандай қуыстанып қалдым.

- Жетер, бейшара! - дедім әмірлі дауыспен рақаттана күліп. Бойым шымырлап, мүсәпір көлеңкеге мүсіркей қарағанымнан ерекше ләззат алдым.

...Бірақ. Кенеттен. 

- Сілімтік! Бәрің де бір оқпаннан шығасыңдар. Бір-ақ шүріппе тағдырыңды шешеді. Сен де біреудің табан астындағы көлеңкесі ғанасың,  - деді ызғарлы дауыс. Қабырғадағы көлеңке есепсіз ұлғайып бара жатты.

Жүрегім шым етті. Бойымды үрей билеп, қол-аяғым дірілдей бастады. Бөлмені қапырық басқандай. Қою түнек рабайсыз қимылдаған қалпымен төне түсті. Тынысым тарылып бара жатты. Қара терге шомып, қимылсыз қалғанымды сездім. Сәлден соң көзімнің оты жарқ етті. Түпсіз тұңғиықта көлеңкелер күбірлесіп жатқандай...

Төңірек түгел меңіреу еді.

Нұртай ТЕКЕБАЙ,

Орал қаласы