18 қаз, 2019 сағат 11:19

Көкшетауда латын графикасына көшу мәселелері талқыланды

Көкшетауда Ж.Мусин атындағы жоғары колледжінде латын графикасына көшудің негізгі аспектілерін талқылау бойынша «Латын әліпбиі және жазу реформасы» атты дөңгелек үстел өтті.

Бұл мемлекеттік тілді насихаттауға арналған шара Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесін түсіндіру бойынша Республикалық жұмыс тобының құрамына енген Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері, сондай-ақ облыс орталығының жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкері Оразкүл Асанғазының айтуынша, қазақ тілінің жаңа әліпбиіне көшу - қазіргі заманның талабы. Жаһандану дәуірінде латын әліпбиіне көшу әлемдік ақпараттық кеңістікке кіру үшін қажетті және уақтылы шара болып отыр. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз»,- деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын тілге тиек етті.

Іс-шараның соңында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Көкшетау техникалық институты және Ж. Мусин атындағы жоғары колледж студенттері «Қазақстан жастары болашақ туралы» тақырыбына латын графикасында жазылған эссе-байқауларына қатысқаны үшін марапатталды.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бағытындағы дөңгелек үстелдер мен семинарлар Целиноград, Аршалы, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Сандықтау, Зеренді, Бурабай, Біржан сал аудандарында және Степногорск қаласында өткізілді.