04 жел, 2018 сағат 11:33

Қоғамнан оқшауланып қалған тұлғаның құқығын білу – міндетіміз

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс. Бұл біздің қоғам алдындағы парызымыз» деп атап көрсетті. Елбасының жолдауында айтылған тапсырма елімізде қаншалықты орындалып жатқанын «Азамат әлеуеті» жеке қоғамдық қорының жетекшісі Алмагүл Сейсенова айтып берді.

– Мүгедектігі бар тұлғалар мен білім алуында ерекше қажеттілігі бар балаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Аталмыш тұлғаларға арналған денсаулық саласында, білім беру саласына негізделген заңнамалық актілер бар. Мысалы, «ерекше қажеттілігі бар тұлғалардың орта білім алуы міндетті» деген тармақ енгізілген. Даму бұзылысына қарамастан, ешқандай шектеу болмауы керек. Сонымен бірге қолжетімді қызмет көрсетілуі де міндеттелген. 2000 жылдан бастап мүгедектігі бар тұлғалардың әлеуметтік мәселелері талқылана бастады. Осыған сәйкес заңнамалық актілер мен кодекстер жасалды. Алғашында денсаулық сақтау саласында кепілді түрде қызмет көрсетілді. Бұл процесс скрининг түрінде жүзеге аса бастады. Скрининг дегеніміз – науқас адамның ауру факторларын ертерек анықтау үшін кешенді түрде профилактикалық - медициналық сараптама жүргізу. Сараптама нәтижесі дамуында бұзылысы барын анықтаған жағдайда әртүрлі медициналық мекемелерге тіркеліп, қадағаланады. Мектеп жасына жеткен, дегенмен ойлау қабілетінде бұзылысы бар балалар арнайы түзету кабинеттерінде немесе педагог-психолог мамандарынан дәріс алады. Диагностикалық орталықтары да аталмыш тұлғаларға қызмет көрсетеді. Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілімін. Бізде барлық заңнамалық актілермен қоса, заңға тәуелді нормативті құжаттар бар. Солардың барлығымен таныстырып отыру міндетіміз.

ЖИЫРМА ҮШ ЖАСТАҒЫ МҮГЕДЕКТІГІ БАР ТҰЛҒАНЫҢ АНАСЫМЫН

Өзім де жиырма үш жастағы мүгедектігі бар тұлғаның анасымын. Жоғарыдағы әлеуметтік қызметтің барлық түріне жүгінеміз. Қаншама өзгерістердің нәтижесінде балаларымыз керемет мүмкіндіктерге қол жеткізді. Ерте жастан скринингтен өтсе, кейін денсаулық саласындағы қызметтерді алды. Сонымен қатар үлкен қаржыны талап ететін күрделі медициналық аппараттардың көмегімен тегін медициналық сараптамадан өтуге мүмкіндікке ие болды. Барлық дамуында ғана емес, белгілі дене мүшесінде бұзылысы бар тұлғаларға оңалту орталықтарымен бағдарламалары қызмет көрсетеді. Мысалы, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қажетті құралдар сатып алынады. Медициналық қобдишасындағы керекті медициналық құралдардың түгел болуы, ортопедиялық аяқ-киімі, гигиеналық заттардың жеткілікті болуы қадағаланады. Бұл көмектің барлығын мемлекеттен алып отырмыз. «Үкіметтен ештеңе алмаймыз. Мемлекет ауру балама көмектеспейді» деген сөздерді де жиі естиміз. Олай айтуға негіз жоқ. Ұлыма мемлекет тарапынан жәрдемақы аламын. Кезінде қоғамдық көлікпен жүрдік. Өте қиын болатын. Қазір мүгедектігі бар тұлғалаларға арнайы көліктер пайдалануға берілді. Тапқан табысымыздың жартысын дәрі-дәрмекке жұмсайтынбыз. Қазіргі таңда кепілді түрде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілеміз. Балам үйден білім алып, әріп таныды. Әрі қарай білім алуы қалай болар екен деп уайымдадық. Нәтижесінде инклюзивті білім беру бағдарламасы енгізілді. Инклюзивті оқыту оқушылардың тең құқығын көрсетеді. Ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті білім беру арқылы барлық балалардың мұқтаждығын ескеріп, ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесіндегі дәстүрлі түрде қалыптасқан даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта біріктіреді. Осы бағыт арқылы мүгедектігі бар балалардың жетістікке жетуіне ықпал етеді. Жақсы өмір сүруге мүмкіншілігі қалыптасады. Инклюзивті білім беру – толеранттылыққа тәрбиелеудің негізі. Олқылықтар жетерлік, бірақ бұрынғыдан көш ілгеріміз.

БАЛАҢЫЗДЫҢ МҮГЕДЕКТІК МӘРТЕБЕСІН ҚАБЫЛДАҢЫЗ

Күні кеше Астана қаласында Елбасының қатысуымен VIII Азаматтық форум болды. Отыз беске жуық секциялық жиналыстар болды. Үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар, ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әлеуметтік саланы тізгіндеген басшылармен жүздесті. Нақты тұлғалардың міндеттемелері мен ұсыныстарын талқыладық. Жұмыспен қамту бағдарламасына да тоқталдық. «Заңда жазылған, құжатта көрсетілген» деп отыра бермей, соларды іске асыру әлеуметтік тұлғаның міндетіне жүктеледі. 2015 жылдың ақпанында мүгедектігі бар тұлғалалардың құқықтары туралы конвенция ратификацияланды. Құжатта тұлғаға тән қадір-қасиеті, таңдау еркіндігі, жеке дербестігі мен тәуелсіздігін құрметтеу секілді жалпы қағидалары жазылған. Мемлекет дегеніміз – механизм. Тетігі – қоғам. Қоғамға тұлғалар да кіреді. Солардың ықпалдасуынан мемлекеттің жұмысы жүреді.

Баласына мүгедектігіне қатысты мәртебе берілгенін есту ата-анаға оңай емес. Ұлыма берілген мүгедектік мәртебесін бес жыл бойы қабылдай алмадым. Жастайынан жүріп-тұруы мен даму процесі кешуілдеді. Ата-ана да күйзелісті басынан өткереді. Көп жағдайда ата-ана баласына мүгедектік статусы берілгенін қаламайды. Қазіргі таңда басқа типтегі ата-аналар қалыптасуда. Алдымен олар сауатты, екіншіден эмоцияға берілмейді, үшіншіден нақты іс-қадамдарға өтеді. Дамуында азғантай ғана бұзылысы бар ата-аналар мемлекет тарапынан берілетін көмектерді қалт жібермейді. Мүгедектіктің үлкен-кішісі болмайтын шығар. Дегенмен әртүрлі өңірлерге дәріс оқып, кездесулерлерде өкріп жүргенімдей, позициясы мүлдем бөлек ата-аналар көп. Мысалы, инклюзивті білім беру бағдарламасы қабылданды. Соны жүзеге асыру – ата-ананың міндеті. Ата-ана мемлекеттің берген жәрдемақыға баланың білім алуына жағдай жасауы керек.