27 шіл, 2017 сағат 13:12

Кочетов: «100 жаңа есім» жобасы арқылы өзіміз танымайтын адамдарды біліп жатырмыз

2017 жылғы 27 шілде күні  Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстандағы 100 жаңа есім – жетістіктер тарихы» тақырыбындағы «SarapTime» сарапшылар клубының  отырысы өтті.

Отырысқа «Бюро 100» бастамашыл тобының көшбасшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, сарапшылар және журналистік қауымдастықтар, үкіметтік емес ұйымдар, ғалымдар, қоғамдық пікірлер мен азаматтық қоғам көшбасшылары, танымал блогерлер қатысты.

Аталған іс-шара барысында  қатысушылар ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы тұрғысында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының негізгі бағыттарын, мақсаттарын, міндеттері мен іске асыру тетіктерін талқылады.

«100 жаңа есім» жобасы арқылы өзіміз танымайтын адамдарды біліп жатырмыз. Жалғыз Қазақстаннан емес шетелден де өтініштер келіп түсіп жатыр. Мәселен, жақында Берлиндегі қазақтардан ұсыныс келіп түсті. Көпшілік маңызды жобаға назарын бұрса деген тілек білдіргіміз келеді», - деді өз сөзінде «Казконтент» АҚ басқармасының төрағасы Евгений Кочетов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы баспасөз қызметінің басшысы Қымбат Досжан: «Әрбір тұлғаның, 100 жаңа есімге ұсынылған қайраткерлердің екі жағы барын ұмытпайық. Мысалы біз бүгінгі күннің батыры ретінде таныған азаматтардың, қоғамға, келер ұрпаққа үлгі болар қандай ерліктері барын, қандай қызметтері барын нақтылай түсуіміз керек. Көршісінің үш баласын өрттен құтқарған азаматты 100 есімнің бірі ретінде қосқанымызбен, оның қалған өмірі қалай өрбіп жатқанынан хабарымыз болмаса, оны қалай 100 есімнің қатарына қоса аламыз? Немесе, Қазақстан атын әлемнің өзге түкпірінде ұлықтап жүрген азаматтарымыз бар. Оларды Қазақстанда тұрмайды деп, 100 есімге кіргізбей тастауға бола ма? Міне осындай мәселелердің басын ашып алған орынды», - деді.