#
#
Жексенбі 29/03/2020

Клонымды іздеймін!

  • 17.02.2020
  • 0
  • 478

Қазіргі уақытта мектепте оқу қызық емес. Google көке аман болсын. Балалар көшіре салады. Бұл іспен бұрын студенттер айналысушы еді. Бұрнағы күні өз көзіммен көрдім. Балам интернеттен эссе көшіріп отыр екен. Үндемедім. Бастауыштағы оқушы эссе табиғатын қайдан білсін! Ең жаманы, көшірме дүниесін мұғалімі мадақтап оң бағалап жатса, сол - қасірет.

Университет студенттері үшін интернет материалы дипломға азық, емтиханға қазық болуда. Студенттерді қойшы, ғалымдардың күні ғаламторсыз қараң. Эйнштейн плагиаттың көкесі технологияның төресі болатынын білмей ғапыл қалды-ау. Докторлардан ұят, профессорлардан мұрат кеткелі ғылымның сорабын мүк басқалы қашан!

Балабақшадан келген бөбегім тәрбиешісінің тақпақ жаттау тапсырғанын айтты. Мақұл. Бірақ қағазға басып ап келген тақпақтың төрт тармағы төрт жаққа қарап тұр екен. Интернеттен көшіргенін бірден білдім. Тәрбиешісіне хабарласып, наразылық танытып ем, "таңдауым дұрыс" деп бет бақтырмады. Менің өлең шатпақтап жүрген дүлдүл екенімді қайдан білсін. Сөз сарасын білмеген соң, саңылау қайдан болсын.

Аудандық газет редакциясында қызмет еткенімде, прокурор газетке басуға мақала алып келді. Таныс дүние секілді. Былтырғы газет санына үңілсем, бір депутаттың мақаласы екен. Қаз қалпында. Пірақаңдардың беделі мықты ғой. Сол күйі қайта басылып кете барды.

Мәдени қайыршылық деген болушы еді. Қазіргі кезде "мәдени ұрлық" пайда болды. Журналистер арасында тіпті социалистік жарыс секілді сипат алды. Мақалаңның шәпкесі теріс айналып, өзге сайттарда ілулі тұрады. Мәдени қылмыс енді бұл, әріптестер! Бір пресс релиздің қаншама көшірмесі бізді асырап отыр, ә?

Әншілердің даусы да ксерокстен өтеді-ау. Тойдың әуені тонын ауыстырмайды. Эстрада әні есерлігінен танбайды. Өзбекке жиен, қырғызға бауыр, орысқа тамыр, шетелге үйір болған соң, Магданеллолар мәңгіріп, Оригиналдар өкіріп жүреді. Өнердегі көшірме - өмірдегі көшірме.

Сән әлеміндегі көшірмеден көз ашпаймыз. Қайсы ару, қайсы жанға дәру екенінен ажыртудан қалдық. Бір пошымды ерін, бір пішінді қас-қабақ, бірдей шаншылған найза-кірпік, бір қалыпта қиылған шаш үлгісі. Әйел әлеміндегі әдемілік, қыз бетіндегі қызыл опаның көшірме астында қалғаны кәдік.

Көшірме дерті тендер әлеміне де жетті. Бірін бірі айнымайтын АҚ, жаңылмайтын ЖШС қаптады. Шошқаша балалап, бір емшекті еміп отыратын холдингтер биттен бетер өруде. Сәулет-сәні келіскен ғимараттар бір қалыптан шыққандай, әр ауданға тапжылмай қонжияды. Бірақ құны жер мен көктей болады-дүр. Көшірмемен шенеуніктер де ауырып жүр. Бір-бірімен жарысып, баланы шетел асырудан ұялмайды, коттедж салудан қиналмайды.

Көшірмеге дау жоқ екен! Бизнестің сабасын сапыратындар көбейді. Жан дауасын емдейтіндер елеңдетті. "Өзгер" деседі. Бірақ бір сонардан шыққандай, тәп-тәуір тұрсынбаевалар, майыспайтын матайлар, елден ерек есентаевалар еселенді. Табынушыларын бір ізбен жүргізетін жеке илеу, жеке патшалық құрып алған деседі.

Бәрі джинсы кигендерден басталды. Басында бітеу еді. Балағы кесілді. Тізесі жыртылды. Бұтына қол салардай болды. Киім түрленді. Қалып іріленді. Алды-арты қыз болды. Оң-солы еркек болды. Қыз бен жігіт елден ерек болды. Сахнада шашын жұлқып биледі, кім көрінгенді сүйреді. Мұрынға сақина, бетке татуаж түсті. Африкалық. Америкалық. Еуропалық болды. Бәрі де бір-бірінен ажырағысыз. Амал қайсы? Көшірме!

Көшірме ғылымын зерттегім келіп жүр. Шошқа тағалап жатқым келмейді. Байлардың методикасын, білімділердің педагогикасын, күштілердің менталитетін көшіріп алғым келеді. Шамам келмей жатыр. Бет-әлпетімді шолайын деп, айнаға қарап ем. Шошыдым. Бейнем жоқ. Ғайып бопты. Жөткірініп ем, даусым жоқ боп шықты. Кінәліні таптым. Клоным шыққан екен. Сол пәлекет ұрлап кетіпті бәрін!

Мәңгіріп жүрмін. Клонымды іздеймін! Қоғам сондай.

Солар. Солар - дирижер! Құдірет! Бәрін көшірме қылғысы келеді. Қылды да. Бірдей дауыстайтын. Бірдей сөйлейтін. Бір сызықпен жүретін. Ләм демейтін. Ләппәй дейтін. Бірдей киінетін адамдар керек. Қалыпқа түскен қоғам үшін бәрін көшіріп басып жатыр. Бәрін де! Қытайларды жолда қалдырдық
Ұят!

Дирижер, қайдасыз?! Құтқарыңыз!..

Нұртай Текебаев

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар