29 там, 2016 сағат 09:22

Классик

Сайын аға…

Көзі тірісінде мақталатын ақын-жазушылар көп кездеседі. Көзі тіріде мақталу – көңілжықпастыққа да апарып жатады. Қалай дегенмен де тірідей мақталып жатқанға іштей күмәнмен де қарайтының рас. Біреуден пайда келер, біреудің қызметі жоғары болар, біреудің әулеті – дәулетті болар. Қазақы бақай қулық, бас есеппен де Абайдың: «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда» деген сөзінің үлгісінен айнымайтын «мен туралы бірауыз жылы сөз айтыңызшы» деп қиылып сұрап, алақан жаю, ол бейшараға көлгірсіп көлдей алғысөз, мақала жазу бүгінгі күні таңсық емес. «Жарым молда, жарым адам, жарым мұсылман қиянат жасайды», – дейді Абай. Жарым жазушы да қиянат жасайды. «Тәңірі атқанды тәңірі атқан мақтайды», деген де Абайдың өз сөзі.

Сонымен, қазақта жазушы аз емес, бірақ Сайын Мұратбеков – дара. Бұған ешкімнің дауы да жоқ.

Әкім Тарази: «Менің Сайын досым – классик!» деді қырық үш жыл бұрын шыққан Сайынның сарғайған кітабын аялай ұстап отырып. Маған досының классик екенін дәлелдеп баққысы келеді. «Сайыным әдебиетте өз бағасын ала алмапты-ау!» деп, кейінгі кездері, тіпті, жиі айтатын болды. Сайын ағаның қос томдығын ерінбей, жалықпай ұзақ қарап, сүзіліп оқып шығып болған соң: «Сайынның ұлы жазушы екенін тіршілікте өзіне айта алмағаныма налып отырмын», деді бір күні. «Қалайша айтпадың, айтпауың мүмкін емес қой, талай айтқансың! Өзім талай куә болдым!» – деймін естігендерімді есіне түсіріп.

«Айтқан да шығармын, бірақ дәл қазір­гідей бағалап, өзіне дәлелдеп отырып, бар шығармаларын осылай тәптіштеп ақтарып, ой түйіп, зерттеп, суреткерлігін мойындатып, Сайынның өзін сендіріп айтпағаныма өкініп отырғаным да. Қалиханым мен Сайыным табиғатында таза суреткер екен. Әттең, тіршілікте бірге жүрген кездерімде бағасын бере алмағаным. Осыған өкінемін, оларға теңдесер жазушы жоқ екен. Екеуі де ұлы суреткер екен», деп қолындағы кітапты аса ыждаһаттылықпен парақтай бас­тады. Жүзінде сағынышпен қатар өкініштің табы байқалады.

Жазу бөлмесінде Сайынның кітабының мұқабасына алақанын қойып отырып, ойға кетіп қалатынын бұрын да байқайтын едім.. Енді, міне, әр сөзін, әр сөйлемінің астын сызып өзінің пікірін, Сайынның әр сөйлеміне құмары қанғандай, ризашылығын бөлісіп кітап беттерін толтырып жазып тастапты.

Сайын Мұратбековтің де досы Әкім Таразиге жазған қолтаңбаларына көзім түсті. Сарғайған сағыныштың үні келеді құ­лақ түбіне.

«Жабайы алма» 24.02. 1973ж. «Әкім аға! Қалай екен? Оқып көрерсің», «На вершине Ушкара»26.04.1982ж., «Әкімге! Басында Үшқараның… жайдан-жай арнал­маған еді ғой. Солай…» , «Дикая яблоня» 3.09.1990 жыл­қы жылы, «Әкім аға Өртайұлына! Азаматқа, үлкен жазушыға, ылғи да алдымнан көріне бер, деп! С.Мұратбеков», «Таңдамалы повесть және әңгімелер» 28.04.1981 ж «Әкім ағаға, осы кітаптың қақ жартысының жазылу тарихына көзбе-көз отырып, талай пікір-сырларды бөліскен досқа!». Екі дос бір-бірімен ақ­тарыла сырласып, сағыныштарын баса алмай қауышып, табысып отырғандай көрінді. Бірі – кітап, бірі – оқырман.

Жақсы адамдар неге өмірден кетеді екен… Үйіңнен ертерек шығып кеткен жақсы қонақ секілді. Бауыр басып отырып, ол кеткен соң қоңылтақсып, жетімсіреп қалғандай күй кештіреді. Жақсыға, жаманнан гөрі, ғұмырының ұзақтығы лайық қой. Қоғам тозбас үшін, адам азбас үшін де жақсы адамның жалғаннан жоқ іздеп кетпеуіне болатын еді.

Ізгілік пен достықтың, сырластық пен үйлесімнің табысуын Әкім мен Сайын ағадан аңғаратынмын. Жұмыс бөлмесінде Сайын мен Қалиханның кітабын алма-кезек ұстап, қайта-қайта оқи беретін Әкім Таразидың күйі ойландырып тастады. Айтылмайтын, айтылса да жауабы жоқ сағыныштың ізін сеземін.

Бірінің кітабын сөреге қойып жатып, бірінің кітабын сөреден қайта алып жатады. Екеуін де ренжіткісі жоқ. Ара-арасында әлдене есіне түсе ме екен, сәл езу тартып жымиып қояды. «Жарайсыңдар, мықтысыңдар!» дейтіндей. Жүзінен сонау көз ұшында қалған жастықтың дүбірі сылаңдап, әр нәрсені еске салып, бірде жымиып, бірде ой түбіне ерік беріп көңіл күйді күпті етіп қоятынын да байқаймын. Сырласар достың орны толмай ойсырап тұрғаны да рас.

Тоқсаныншы жылдардың басында екеуі де қызметсіз. Бірін-бірі қимай сағы­нысып кездесетіні, әңгімесі жарасып Алатауды бетке алып оңаша, оқшау ке­тетіндері есіме жиі түседі. Сайын ағама ұсы­ныс жасаса-ақ болды, сөзге келместен, Әкім­нің жолын күтіп, қыдыра кетуге дайын тұратын.

Серуендеп келгеннен кейін ерекше көңіл-күймен: «Сайыным-оу, қыдыруға әрқашан дайыным-оу», деп Әкім үйде әндетіп жүретін.

Сайын ағам өте мәдениетті, биязы адам еді. Қалихан ағамның кейбір қазақы әзіліне түзету енгізіп: «Әй, Қал-аға! Қарын­дасымыз ғой, ортамызда Роза отыр, сен қалай болса солай сөйлемесейші», деп жұмсақ күлкісімен Қалихан ағамды ықтырып, тартынтпақ болады. Оған бой беретін Қалихан ағамның жайы жоқ. «Мен қарындасымды көп ұрғашының бірі деп қарамаймын. Ол – жазушы! Жазушы «жынысқа бөлінбейді деп жүрген де өзі», деп айызын қандыра рахаттанып күліп алады. Сосын сөзін бұзған Сайын ағамның жаңағы қылығын кешіре қоймағаны түрінде тұрады. Әкім екеуін қосақтап бірге сыбап алып, қыр асырып, темекісін қайсарлана, құшырлана ұзақ сорып үнсіз қалады. «Екеуің жабылып мені жәукемдегілерің келген екен ғой, көне қояды екенмін сендерге», дегендей екіленіп, білек сыбанып екі досын есесі кеткенше бір сыбап, іске алғысыз етіп тастайды-дағы, манағы әдемі әңгімені қолын шошайтып, қайта басынан бастайтын. «Мына екеуі, бүгін, тіпті, қыздай сызыла қалыпты ғой», деп жеңілген екеуге шиқылдай күліп алып, «Өйпір-өөөөу, мәдениетін қарай гөр екеуінің…», деп дауысын мысқылдай созады. «Ал көке! Сараңдығыңа салмай, құй анауыңнан, кәні!» деп бағжаң етіп алая қарайды да, қырлы стаканды Әкімнің алдына ысыра салады. Мұндай сәтте Қал-ағамның сұранысын «серьезно!» қабылдайтын Сайын ағам мен Әкім лезде Қал-ағаңа бағынып, мойынсұнып: «Ләббәй, тақсыр!» деп кішірейіп шыға келеді. Осы жеңіс – Қал-ағамның көптен күткен шын жеңісі. Енді көңілі жайланып, рахаттанып, әңгімені әріден ағытып, бір өзі – бір тарихтың қойнауына еркін еніп, екі досының аузын аштырып, көзін жұмдырып болмайынша жуық арада тоқтай қоймайтыны байқалады. Сол сәтте түзету енгіземін десеңіз басыңыздың бәлеге қалғаны, Қал-ағам бұл жолы қарсы келгенді аямайды. Найзаның ұшына ілініп қалмайын деген адам демін ішіне тартып ұзаққа шыдауы тиіс. «Мына жерін менен естігенсің, әнеу жерін Сайыннан естігенсің. Енді бәрін өзі білген, өзі оқы­ған, өзі зерттеген болып…», деп Сайын ағам мен Әкім Қал-ағама тағы қарсы «ша­буылға» қамданады. Ұзаққа құлаш сермеген Қал-ағамды қалайда тоқтату, тосылту керек. Әйтпесе таң атып, түн батады. Әр бүйірден бір түрткілеп, әңгіменің әрін кетіре берген екеудің не айтқысы келетінін аңдып, Қал-ағам көзінің астымен бұл екеуге барлап қарап алады. Осы тұсты күткендей екеуі Қал-ағам жайлы анекдоттардың түр-түрін ағыта бастайды. Сол сәтте әлгілердің сөзіне еріп, темекісін құшырлана сорып-сорып жіберіп, Қал-ағам:  «Жоқ олай емес, бұлай болатын», деп өзі туралы анекдоттың майын тамызып өзі айтып кететінін аңғармай да қалатын.

Сөзі мірдің оғындай, қадап айтқаны да, бейнелеп айтқаны да дөп түсіп жататын. Әп-сәтте суретке айналған жанды бейнелер кинолентадай сырғып, көз алдыңда айнала беретін, айнала беретін. Қалихан ағам сөйлеп кеткенде Сайын аға мен Әкім тым-тырыс қалатын.

Иә, олар бірін-бірі байытып, бір-бірінің жансарайын өздері ғана біліп, өздері ғана ұғып-ұйып, іркілмей күліп, кейде мұңайып, бірімен бірі толығып, бүтінделіп отыратын. Бастары қосыла қалғанда дүниеден ерте кеткен достарын жиі естеріне алатын. Соның ішінде құлағыма қанық болып, жадыма сақталғандары: Ақан Нұр­манов, Тельман Жанұзақов, Жұмекен Нәжі­меденов, Асқар Сүлейменов. Олардың әр қылығы, әр сөзі өздерімен бірге жасады. Бұлар шын мағынасындағы жан бүтіндігін сақтайтын тұлғалар еді. Бір-бірімен рухани байланыста, қалыпты тартылыста тұратын. Бірінсіз-бірі жүре алмайтын. Алыста қалған Алтайға да, төбе асып Құлан қала­сына да, иектегі Ешкіөлмеске де күн демей, түн демей жортуылдап жүріп кете береді. Олардың табиғатының ерекшелігін, жан дүниелерінің ғаламат тереңдігін көріп таң қалатын едім, қызығатын едім.

Сайын ағам мен Қалихан ағам дүниеден өткеннен кейін жас кездерін Әкім мен Әбіш ағаның еске алғандары бар. Екеуі бірінен бірі асып түсіп, жастық кезеңнің дәурен дәуірін жарыса айтып отыр. Бастан өткенді айту, әңгімелеп айту бір басқа, екеуі де сол кезеңге қайта оралғандай, бірін-бірі толықтырып, балаша мәз болып, түрлерінің өзі балаға, жастыққа қайта оралғандай. Күлкілері байсалды, сали­қалы емес, сол кездегі жеңіл бозбала күлкіге көшіп алып, қыршаңқы әзіл­дерін қайта тірілтіп, жарасып, қайта түлегендей құлпырып отырады. Әңгімені де құлпырта айтады. Бұлардың әңгімелерін естігенде Фариза апай таң-тамаша қалып, құмарта тыңдаған еді. «Әбішті мен жас­тайымыздан білемін деп жүрсем, сіздер, тіпті, бағзы заманнан, бала кездеріңізден бірге жүріп, бірге өсіпсіздер ғой», дейді таңырқап. Әбіш аға үзілген әңгімені қайта бас­тайды. «Тахаң (Ахтанов) бізді қызық көруші еді, ересек болса да ортамыздан қалмай еріп алатын. Бізге жарасады әр үйге бір қонып, дуылдасып жүре береміз, бәріміз бойдақпыз. Тахаң болса отбасылы, балалы-шағалы. Біздерге еріп алған, Тахаң бәрін ұмытатын. Күні-түні бірге жүреміз. Бір топ ұялас күшіктердің ойынын қызық көрген ауылдың бір төбет иттері болушы еді. Аңырып алыстан қарап қызығып тұрып-тұрып, жаңағы ұялас күшіктерге жүгіріп жетіп келеді де, ойындарына құйындай араласып, уғын да шуғын қылып жіберетін», деп Әбіш аға маңғаздана күлді. Сөйтіп отырып, өздері ғана білетін атақты «көк есек, сараң есек, қоңыраулы есек» анекдоттарын айтып, Әкім екеуі отырғандарды қыран-топан күл­кіге қандырып еді. Иә, сол күнгі әңгі­менің сарыны мүлде бөлек, өзгеше болған.

Мұқағалидың: «Әбіш, жұмыстан келе жатырсың, жарты-ақ сағат уақытың бар екенін білемін. Бірақ, сен тыңда! Мен мына өлеңімді саған қазір оқимын», деп түскі үзілісте Әбіш ағайды күтіп, жолын тосып тұрған Мұқағали көз алдыма келді. Бұл бөлек әңгіме…

Ахматованың айтатыны бар еді ғой. «Блок ұлы ақын ғана емес, ол бір өзі бір дәуірдің көрінісі», деп. Мен әдебиеттің осы буынын сол дәуірдің көрінісі деп ұғамын.

Әлқиссамды, Сайын ағамнан бастап едім ғой. Әңгімемді қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбеков сынды ұлы тұлғаның шығармаларының құпиясынан бастайын.

Муратбеков

Суреткер жанының көзі

«Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, есі қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аян­ды көргендей болам.», «Бізді Иман­жа­нов деген шашы аппақ қудай, қолы- басы тоң­ған адамша дірілдей қалшылдап, көзі қып-қызыл боп жасаурап отыратын қарт кісі оқытты.», «Күннің көзі қан­та­лағандай боп ерекше қызарып ұясына қо­нуға таянған», «Сәл үнсіз отырған соң Бапайдың кемпірі Аянды кінәлай сөйледі. –Жүгермек-ай, десеңші, өзіне де обал жоқ. Түн жа­рымынсыз бір қайтпайды ғой, ел­ден ерекше осыны алып бара жатқан ненің ойыны екенін білмеймін, ойыны осыл­ғырдың… Ибай-ау… – деп мұның арғы сөзін сы­бырға айналдырып жібереді. – Осы үй­дің көр­песін осы шірітіп… Есі кіріп қалса да…

Бапайдың кемпірі қанша сыбырлай айтса да соңғы сөздері бізге анық естілді. Қып-қызыл болып кеткен Аян тістене шытынап, басын бұрып әкетті. Іргеге қарап жатты. Әлден уақытта басын көтеріңкіреп маған:

– Анау пальтоны әперші, – деді  төрде ілулі тұрған қара пальтоны нұсқап. Мен осы үйдегі жалғыз орындыққа шығып пальтоны алып оның алдына әкелдім. Аян басын жастықтан әзер көтеріп, екі қолы дірілдеп пальтоның жағасына тұмсығын тығып жіберіп құшырлана иіскеп-иіскеп алды да:

– Тез іліп қой, әйтпесе ұрсады, – деді. Онан соң шалқасынан түсіп көзі бажырайып, кірпік қақпастан үйдің төбесіне тесірейе қарап ұзақ жатты.», «Аян қараңғы бұрышта бір уыс боп бүрісіп, екі алақанымен бетін басып солқылдап жылап отыр екен. Ұзақ жылады. Онан соң көзін сүртті де, қорадан шықты. Сыртқа шыққан соң көрдім, көзі қып-қызыл боп кетіпті. Маған қарады да, өз-өзінен жымиып күлді..

 -Күн ыстық, ә,-деді.».

Жазушының әйгілі «Жусан иісі» повестіндегі кейіпкері Аян. Шығарманың соңында Сайын ағам: «Жазға салым Жусантөбе жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Сондайда есіме тағы да Аян түседі», деп аяқтайды.

Бала Сайынның суреткерге ғана тән жанының көзі, жүрегінің түбіне соғыс салған шоқпыт-шоқпыт жаралы сезімнің күйін шерткізеді. Суреткер жанында көз болмаса, жетім Аянның ішкі мұңын, сыртқы күйін түсіне қояр ма еді. Балалар үйіне кетіп бара жатқан Аянның еншісіндегі қоңыр сиырды қимай тұрған Бапай мен кемпірінің екеуара әңгімесінің өзі жетімнің малынан дәметкен мынау екеуінің сорақы сиқынан, тіпті, безін­гендей боласың. Бірақ жазушы Сайын бұл екі бейшараны да аяйтын сияқты. Өйткені, суреткердің жаны жұмсақ. Мына екеудің дәметкені – жетімнің малы. Жұмсақ мысқыл, астары ауыр. Жазу­шы Аянды ғана емес, оқырманның да жүрегіне қаяу салғысы жоқ. Кедейшілік, «жомарттың қолын жоқшылық байлаған» қазақтың кедей тұрмысы. Бізге таныс тұрмыс. Бүгінгі қазағыңның сиқы да елес беріп тұрған шығар, бәлкім…

«– Алатын адам болмай тұр, мына қоңыр сиырды дереу сатып ақшасын қалтаңа салып берер ем. Кейін қолым тисе, базарға айдап барып сатып, ақшасын салып жіберем ғой…» деген шалына:

– Е, қойшы әрі, сен де осы, не болса соны айтпай. Сатқаны несі. Ертең ержетіп келе қалғанда мал керек емес пе Аянға… Қоңыр сиырыңды өсімімен қолыңа тапсырамын…». Кемпірдің көмейін­де қоңыр сиырдың ақшасынан әзірге дәмеленбесін деген сыңай жатқанын аңғарасың. Қазақтың кісі малына емініп, жетім мен жесірдің малына да көз салып, дәнігетіні, дүниеқоңызданып отырып, аузының жомарт бола қалатын мінез-пиғылын қалай дәл көрсетіп отыр. Суреттеудің қажеті жоқ, түсіндіру де керек емес. Баяндауға да бой шалдырмай диалог арқылы екеудің бейнесін айна қатесіз жасай салған. Диалогтың нақтылығы сол, жарымаған Бапай, жәрдемі пәрменінен аса алмайтын керенау кемпір келеді көз алдыңа. Образды жасаудағы бұл әдіс Сайын Мұратбеков шығармашылығына ғана тән құбылыс.

Ұлы жазушының кез келген шығар­масын алыңыз, оқырманға етене таныс, жаныңа жақын, ұйып сала бересің. Бәрі саған таныс образ, алыстан іздеп алас ұрып, жоқтан бар жасаймын деп отырған жоқ. Өзіңді өзіңе танытып қойып, іштей ұялтып отырады. Суреткер сезім мен ойдың тартпасы сынды. Тыңдай бастасаң-ақ өзіне қарай тартып, тұңғиығына жұ­тылып бара жатқаның. Шеберліктің құпиясы осы болса керек. Жеті қат жерді мекен ететін өз тұрғындары сияқты, әр ғасырдың өз кейіпкері, өз оқырманы бар. Өткен ғасырдың оқырманына Сайын Мұрат­бековтің суреткер ретіндегі жасаған кейіпкерлері де, өмір жайлы айтқысы келген философиясы да, шығармасының идеясы да, сол кезеңді нақты көз алдыңа әкеліп, жайып салған шеберлік кел­бетін ешкім қайталай алмас. Өйткені, барлық шы­ғар­­масы Сайынның ғана жан дү­ниесіне, жаратылысына тән. Сайын өз зама­нының, өзінен кейінгі заманның оқырмандары сағынып, іздеп оқитын суреткер. Мысалы менің замандастарым – соғысты көрмеген ұрпақтың буынымыз. Бірақ, жазушының ұлылығы соғысты көрген ұрпақпен тең дәрежеде сезінтіп, жанарыңа жас толтырып, тебірентіп, толқыта алады. Ол – өткен тарихи кезеңнің ізін суытпай үлкен буынның қасіретін кейінгіге таныта алатындығы. Өз әкелерінің тауқыметіне соңғы буынның өкілдері жатсынбайтындай жалғастырып отыр.

Көркем дүние жазылмаса менің санама Аян да, Қамар да, Әжібек те, Тана да ортақтасар ма еді, мен оқырман ретінде, тіпті, қарапайым адам ретінде адамдарды тани алар ма едім. Қасірет пен қуанышқа, шаттық пен жұбанышқа тебірене алар ма едім. Өз дәуірін ғана танытып қоймай біздердің санамызды, түйсігіміз бен сезімімізді жазушының жанымызды жаңа бір соқпаққа салып, бағындыра алғандығында. Жан дүниемізге ықпал жүргізе алғандығында.

Сайын Мұратбековтің шығарма­сынан автордың өзіне ғана тән жан тазалығы, жүрек лүпілі естіледі. Қандай бақытты жаратылыс еді. Сайын аға. Қайсыбір әңгімесін алса­ңыз да. «Менің қарындасым», «Күзгі бұра­лаң жол», «Басында Үшқа­раның», «Ұлтуған», «Жеңеше» әңгі­месін оқып шық­қанда Қамар жеңгесін осыншалық жақсы көруі, бала болса да жеңгесіне пана болып, оны қызғыштай қорып жүріп, көз сүзген әркімнен қызғанып, ең соңында өмір бақи жалғыз қалып бара жатқан Қамар жеңгесінің жанына үңіліп, лайықты бір азаматтың кез­десуін тілеп мұңаюы сары бала Сайын­ның жүрек түбіндегі сыршыл құпиясы.

Тілепбергеннің Қамарға сөз салып келгендегі бейнесін: «Тіпті, алпыс­тан асқан адам деп айта алмайсың, жүзі жайнаң қағып, тұз көздері ойнақтап кетті. Осы бір көздері-ай! Жас адамның көзі сұқтана ойнақшып тұрғанда қаншама әдепсіз болса да, біртүрлі кешірімділік етуге болатын сияқты, ал алпыстан асқан шалдың көзі сөйткенде денең дір ете түсіп, түршіге тітіркенеді екенсің. Қандай сүйкімсіз, жиіркенішті көз». Ақыры, суреткер Қамарға Тәңірбергенді тең көрмеді, біз де жазушының шешіміне жығылдық. Бірақ, жазушы жеңгесінің бақытты болуын жанымен қалайды, соған жол көрсетуге қадам жасайды.

«Айналайын Қамар жеңгей, маған сенің сәтке болса да жады­рағаның, күлгенің керек қой. Менің өз басыма қуанышым мен күлкім әбден жетеді. Мен жиырмаға енді ғана жеткен қысқа өмірімнің ішінде тек қуаныш пен күлкіні ғана көріп келемін. Менің бар қызығымның әлі алдымда екенін сен жақсы білесің ғой. Мен ұзақ жасаймын. Сол ұзақ өмірде тек қана қуанып, тек қана күліп өтетін боламын. Ал сенің қырықтан енді ғана асқан өміріңнің тең жарымы сарғаюмен, шермен өтіп келе жатқанын мен жақсы ұғамын. Сені сабағыңнан ерте үзіп, көктей солғызған соғысқа ылғи да көзім жасқа толып лағнет айтамын. Сондықтан да мейлі, аз сәтке болсадағы сенің тұңғиық жанарыңдағы толып тұрған мұңның сейілуін тілеймін».

Сайын Мұратбековті адам ретінде, азамат ретінде, суреткер ретінде жақсы тани алған­дығымнан болар, әр кейіпкерінің көлеңкесінде Сайын ағамның өзі сығалап тұрғандай көрінеді. Өз бейнесі айнымай танылып қалады. Қараңызшы, осы әңгімесінде Қамарды тұрмысқа шығармайды. Қамар тұрмыс құрмақ та емес. Ол тұрмыс құруды мұрат тұтса, баяғыда-ақ сөз салғанның жете­гіне еріп кете берер еді. Онда жазушының талғамынан кейіпкері шықпас та еді. Өзіне тілекші боп алас ұрған қайнысына сырын ақтарып отырып: «Шырағым-ай, күзетке мені біреу байлап қойды дейсің бе, құтылғым келсе ертең-ақ басқа жұмысқа ауыспас па едім, бірақ… түнгі күзетті ұнатамын… Түнде ұйықтай алмай дөңбекшіп төсекте жатқаннан да ояу жүрген жақсы… Рас, түн суық, бірақ маған сол суығы ұнайды, ішкі мұңымды сейілтеді. Әлі жассың ғой, ұғамын дейсің бе?..», деген Қамардың іштей ұлып жатқан сағынышын, қол жетпес арманына ортақтастырған екеуінің әңгімесінен ұғасыз. Автор өз жан дүниесінің де астан-кестен болып отырғанын жасырмайды. «Көрші ауылдың иттері үрді, күзетшілер айтақтап шулап кетті де, сәлден соң жым-жырт боп тына қалды. Жал арасынан баяу ғана ызғырық жел есті» – деп аяқтайды.

 Иә, бұл Сайынның Қамар жеңгесінің бейнесін жасап отыр­ғандағы күрмеуі қиын әйел тағды­рының суреткер жанына түскен терең сызаты, ызғырық желі деп ұғасың. Жазушы жанының нәзік­тігі шығармасының әр демінен аңға­рылады. С.Мұратбеков шығар­маларына тән күш, ол – ішкі тылсымды қозғай алатындығында.

«…Біз қыстайтын жерде – қыс­тың қақаған аяздарында буы бұрқырап, көмейіне күлкі ты­ғылғандай бүлк-бүлк етіп қайнап жат­қан мөлдір бұлақ бар…» дейді суреткер. Жылыбұлақтың суы Сайын ағаға дәл осылай көрінеді. Кез келген жазушы қыстың күнгі бұлақты күліп жатыр деп елестете алмас. Демек, Сайын көретін СУРЕТ, ҚАБЫЛДАУ, ӨЛШЕМ басқа сипатта анықталады. Сайынның ішкі дүниесімен жымдасады. Сайынның Жылыбұлақтың суын «көмейіне күлкі тығылған бұлаққа» теңегені оқырманын сендіреді. Са­қылдаған сары аяздың ызғарының қатысы қанша, бұлақ басы қайнап, буы бұрқырап жатса? Қайнаған бұлақтан нәр алып жатқан көмейде неге күлкі болмасқа. Дәл осылай тану, сурет салу, сендіріп, сезіне алу С.Мұратбековтің ғана еншісіне тиген.

«Басында Үшқараның» шығар­масын досы Әкім Таразиге арнап­ты. Шығарманы оқып шығып: «Са­ған арнауының сырын айтшы», дей­мін Таразиге. «Әсеттің прототипі боларсың», – деймін.

– Байқамадың ба? – дейді.

– Нені байқауым керек? – деймін ғой.

– Менің қайсы шығармама ұқсай­ды? – дейді бір сырдың жұмбағын ашпаққа. Ойланып қалдым. «Тасжар­ғанға!» – дедім бірден.

– Дәл таптың! – деді Тарази.

Ғажап, Әкімнің Әлиі мен Әлиясы диалогтың табиғилығы, мінез ұқсас­тығы. Рәзия, Уля, Омар. Сайын аға­ның Әсет пен Шынары, Сәулетай мен Зағипасы.

«Тасжарған» Әкімнің алғашқы атышулы романы. «Кеңес заманында мұндай кейіпкерлердің болуы тиіс емес», деп туралып тасталған «Тасжарғаннан» Сайын ағамның өз «тасжарғаны» туып, «Басында Үшқа­раның» болғанына таң қалдым. Сөзсіз, «Тасжарған» Сайынға ұна­ған, «Тасжарған» арқылы өзін ізде­ген, өзін тауып алған, өзіндегіні жаз­ған. Өз Зағипасы, өз Шынары мен Сәулетайы келген көз алдына. Бұл жазу­шылардың табиғатындағы заң­дылық.

М.Цветаеваның: «Ваша книга. Пастернак, у меня к Вам просьба. «Так начинаются цыгане» – посвятите эти стихи мне. (Мысленно.) Пода­рите. Чтобы я знала, что они мои. Чтобы никто не смел думать, что они его», – дейтіні естеріңізде болар.

Жанды шығарма – суреткерді оятады. Ойды оятады, жетелейді. Көркемдік көкжиегін кеңейтеді, сөйтіп, бір шығарма екінші бір шығарманың тууына себеп болады. Бір шығарма – бір суреткерді өзіне ынтық етеді, ғашық етеді. Қайталап тағы бір оқуға аңсары ауып тұрады. Суреткер – ең үздік оқырман.

«…Әсеттің көңілі алай-түлей боп кетті. Жеткізбейтін алыс армандар, қиялдар көктемгі қара суық желдей бүкіл тұла бойын діріл қаққызып азынап берді. Не үшін өмір сүріп жүрміз, осы? Не үшін тіршілік етеміз? Аңсаған шақ, қимас сәттер неге баянсыз болады, осы? Неге тез айырылып қаламыз. Әне, Зағипа да аңсап отыр ғой сол бір шақты. …Қайда сол Үшқара? Мүмкін, сол Үшқара біздің Ешкіөлместің бір жотасы болар…».

«Тасжарғаннан» Ешкіөлмесін таныған, сол тас қоғамнан сытылып ауыл шетіне келгенде Омар­дың күйін кешкен Сайынның Әсетінің де өз азабы бар. Омар мен Әсеттің ұқсастығы. Өмірдегі Сайын мен Әкімнің суреткер ретінде оқырманға да, өзіне де қойған сұрақтары. Өмірден жауап іздеу… Суреткер ретінде қойған сұрақтарына жауап таба алды ма екен? Табылған жауап өміріне өзгеріс енгізіп, тағдырына таңдау жасата алды ма екен? Әлде жауап іздеу арқылы шығармалар жазыл­ған үстіне жазыла берді ме екен…

Мақсат – ұқсас, мағына – бір. Әдіс, Астар, Ой – өзге. Осы­лай өзектес болып, өзге бір шы­ғарманың нысанасы анықталған. Бұл шығармашылық лаборатория Әкім мен Сайын екеуінің арасындағы сыр, құпия. Бәлкім, мен үздігіп сұрамасам, Сайын ағамның шығармасына тереңдеп үңілмесем, Тарази бұл сырды ашпаған да болар ма еді. Қос суреткердің өздері ғана білетін жұмбақ сырдың кілтін тауып, бұл жолы да олжалы болдым. Мүмкін, зерттелмеген тың дүниенің соқпағына із салған болармыз.

Аға!

Менің Сайын ағам!

Жасыратыны жоқ, қысыр сөзі көбірек, жүзің айнала бере күндес әйелдей күбірлесе қалатындар да болды. Бірақ, «аштықтың кезінде жеген құйқаның дәмі тәтті» болғанындай, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» қорғаным бола білген ағаның да бірегейі Сайын аға.

«Мәңгілік бала бейне» спектаклінен шыққандағы алғашқы сөзі: «Күш –атасын танымас!» деген қарындасым, жас та болсаң талантыңның мөлшерін таныттың, құтты болсын!» – деп еді. Сонан кейінгі ағаның менің өмірімдегі тағы бір қуанышыма ортақтасқан сәті әлі көз алдымда. Күтпеген жағдай, осы күнге дейін есіме түссе езуіме күлкі келеді. Сырт адамды босағасынан аттатпайтын «Әйелдер босанатын үйге» Сайын ағам қалай кіріп кеткені белгісіз. Палатаның есігін құлаштай айқара ашып, қолында үш тал гвоздика гүлі, қойын қалтасына жасырып салып алған «Семей» деген көк мойын арағы бар аға келіп тұр. Өңі бал-бұл жанады. «Айналайын қарындасым, Алпамыстың бауы берік болсын!» деп жаңа туған қызылшақаға қарады да: «Әй, Алпамыс! Мықты азамат бол! Сен қазақтың мықты азаматы болуың керек! Ең жаман дегенде, ең іске алғысыз болды дегенде, мына мен сияқты жазушы бол!» – дейді Сайын ағам.

– Аға, рұқсат бермейтін еді ғой, қа­лай кірдіңіз? Досыңыз қайда? – деймін қысылып.

– Әкім бұрын кіріп кеткен сияқты еді. Келмеген екен ғой. Әлі күтіп тұрмын келетін шығар деп, көрінетін түрі жоқ бол­ған соң. Коридорда жан баласы көрінбейді, сосын ақырындап кірсем, қой дейтін қожа жоқ. Ендеше, – деп қойып кеттім, – деп тұр Сайын ағам. Сөйткен Алпамыстың тұсауын Сайын аға, Арузаның тұсауын Мәрия тәтем кескен еді. Бірі – қазақ әдебие­тінің классигі, бірі – отбасының ұйытқысы, қазақтың қасиетті анасына айналған, Сайындай ұлы тұлғаның жары – аяулы Мәрия тәтем.

Сайын аға да өмірінің соңына қарай жазудан бой тасалағандай, жалғыздықта ғұмыр кешті. Қала сыртындағы үйіне біздерді жиі алдыртады, Мәрия тәтеге кең дастарқан жайғызып, Әкім, Алпамыс, Аруза төртеуімізді төредей күткізеді. Басқа ешкімді қоспай, даралап алып ұзақ күнге қонақ етеді. Жазудан жерінгендей, оның есесіне оқып жатқан кітаптарын көбірек айтады. Біздің үйдегі кітаптар мен ол кісінің кітапханасы ауыс-түйіс болып алмасып жатты.

Сайын аға тау жақтан екі қабатты үй салды. Қалихан ағам күлетін: «Жазу­шылардың ішінде өзі үй салып кірген осы Сайын ғана», деп. «Ағаң керемет пысық қой, бұл үйді тоғыз жыл салды», деп отыратын Мәрия тәтем. «Бұл үйді Мәрия ғой салған, менікі жәй аты ғана», деп Сайын ағам сәл ғана жымиып қояды.

Төбе басында орналасқан Сайын ағамның ақ сарайдай кең үйі. Есік алдынан аспанмен таласқан Алатаудың тамашасына құмарың қанғанша көз алмай қарап тұруға болады. Жал-жал болып, Алатаудың басына қарай жылжи орналасқан қарағай мен аршалар жымдасып, бойжеткен қыздың бүрме етегіндей қиюласып, тігісін бұзбай ұшар биікке өрлей береді, өрлей береді. Көз ұшына байланған осы сұлулыққа елігіп отырып, қаланың у-шуынан тым-тырыс бір мүлгіген тыныштыққа бөленесің. Ұзақ қарап сүзіліп отырғанда аспан мен жердің ортасына ілініп қалғандай күй кешесің. Әкім мен Сайынның жарыса шыққан дауысынан селт етіп оянғандай болып отыратынмын. «Әй, Әкім! Бері жүр!» дейді Сайын ағам.

– Сені өзіңнің бөлмеңе апарайын. Өз бөлмеңді де бір көрсейші, – деп, жоға­ры қабатқа көтеріліп бара жатады. Мұны­сы Әкім досының үйсіз-күйсіз, жаны жабыр­қап жүдеп жүргенде: «Бір бөлме саған арнайы қосып салғызып жатырмын, осында тұрасың!» деген уәдесі бар екен. Сол бөлмені ағаның отбасы «Әкімнің бөлмесі» атап кеткен көрінеді. Әкімнің бөлмесінен Алатау анық, айқын, әдемі көрінеді. «Қарашы, Әкім аға, терезеңді әдейі тау жаққа қаратып салдырдым, осында отырып жазасың», деп Алатауға сүйсіне көз салады Сайын ағам. «Әй, менің бөлмеме көп кіре бермеңдер!» деп Әкім де арқаланып, әзілдеп қояды.

Екеуінің бір-біріне деген сүйіс­пеншілігін бұл жолы да аңғарып, бірінің соңынан бірі еріп бара жатқан екі досқа назар салдым.

«Мынау ағаң, Райгүл (Сайын ағаның үлкен қызы, 40 жасында дүниеден озды) қайтқаннан кейін жылайтынды шығарды. Өзі жалғыз оңашада үй артына барып, отырып алады. Балаға ұқсап еңкілдеп жылап отырғанын көріп, шошып қаламын» – деп еді Мәрия тәтем.

Иә, мен оған имандай сенемін, өйткені, Сайын ағаның жан әлемі басқа, нәзік. Жаны таза адамның ғана жанарына жас тез ұялап, тез тарқап сейілетін болар. Біздің заман: «Жылады!» деп мін артып жатады. Біздің заманда жан тыңдауға уақыт тапшы, жылаудың да маңызы кеткен. Жылау – алдауға, арбауға, кемсітуге айналған. Адам – сұлба! Адам орындау­шы ғана. Жан ғой, жылап тұрған. Жан жыласа, сұлба қалай күлмек? Жанынан жаралған Райгүлін іздеп тұрған ағаның жаны жыламағанда қайтпек керек? Жаны жылап тұрып, сыртын күлдіре салатындардан емес еді ғой, Сайын аға. Ол өзін де, маңайындағыларды да ешқашан алдап та, алдарқатып та көрген емес. Жаны қалай игерсе, ол тек солай икемделетін суреткер. Шығармаларында қолдан жасалған бірде-бір жасанды кейіпкер кездеспейді. Суреткер ретінде шалыс басқан бірде-бір шы­ғармасы жоқ. Бәрі табиғи, бәрі шынайы. Сол шынайылықтан өзіңді көріп отырасың, өзіңді мінеп отырасың, жоғалтып алған ізіңді танып, өзіңді іздеп отырасың.

М.Әуезов Абайдың Әбіштен, Мағауия­дан айырыла берген сәтін суреттейтін тұсы бар еді. «Абай енді өз сапарын, өмір сапарын тауысып қойған жандай сезілді де, ол уана алмай көп жылап, көп егілді» дейді. Сайын ағаның да ішкі дүниесінде осындай аласапыран қопарылыс болды. Сөз қадірі қаша бастаған заманмен бетпе-бет келді, ӘДЕБИЕТтің заманы өткендей болды, ӨНЕРдің құны кеткендей болды. Бұрынғы дәуір де, дәурен де аяқталғандай, тозғандай көрінді. Бірақ, қазақтың қайраткер ұлы ретінде елінің тәуелсіздігіне сенді, сеніп отырып алаңдау да табиғи заңдылық.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ақын-жазушылардың кітап шығаруы, қаламақы алуы бүтіндей құлдырауға кетті. «Кітабыңның шыққанына разы бол, қа­ламақы жоқ!» деген принцип жүзеге асты. Бұл кезде қазақтың талантты буы­нының қатары да селдірей бастаған. Рамазан Тоқтаров, Зейнолла Серікқалиев соңғы шығарған кітаптарын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынар, ұсынбастан өмірден өтіп жатты. Сол тұста Сайын ағаның да денсаулығы сыр беріп, құлазып жүрген кезі болатын. Ол кезде Ақпарат министрлігінде қызмет жасайтын едім. Басшыларға ағаның жағдайын айтып, кітабына «қаламақы төленсе» деген өтінішін жеткіздім. Бірақ… Бізде «қолда барда қадірлеу» қашанда кеш болып жатады. Сайын Мұратбеков сынды қазақ әдебиетінің классигіне әдебиетке бүгін ғана келген, қазақ әдебиетінің тарихында қалатын-қалмайтыны белгісіз жас­тардың деңгейіндегі өлшеммен қарады. Қаламақыны да солай бөлді. Ол кезде баспа кімді шығарғысы келсе, қанша қаламақы қойғысы келсе өз еркінде.

Сайын ағам ренжігендей.

– Мынау екі томдығыма берген қалам­ақыларыңның түрі дәрі-дәрмекке де жетпеді ғой, – деді. Мен мұрнымның астынан міңгірлеймін. Бастықтарға жала жабу – көргенсіздік!

Қазіргі кезде де жазушылар мен өнер адамдарының жалғызсырауын, үмітсіздік пен қажетсіздікті сезінуі байқалады. Қоғам үшін олар тыныштықты қалап алғандай көрінер, бәлкім. Бірақ, тыныштық сарыны о дүниенің үлесінде емес пе?.. Тыныштық – өмірдің өзегі емес қой. Өмір – қозғалыста, дамуда, жетілуде болмас па?

Суреткер шығармасы өмірдің шынайы бейнесін көрсетуімен дараланбайтын ба еді? Біз тәуелсіздік алғалы қоғамның қазіргі бет-бейнесін көргіміз келмейді. Егер қоғамда келеңсіз жағдайлар орын алса, қоғам аза бастаса – жазушының да кінәсі. Демек, ол халқын дұрыс жолға бастауға ат салыспай отыр, енжар, өз міндетін орындамайды. Оқырман – халық. Халыққа дер кезінде рухани азық боларлық шығарма ұсынылып отыруы керек. Қазіргі қоғамда жазушының орнын әсіре діншілдік, миссионерлер, әр түрлі ағымдар иеленді. Бос орынға кім-көрінген отыра салады, көзбояушылықпен, жаман-жәутікпен толтыра салуға да болады. Иесіз қалған бос орын бар бүгінгі қоғамда. Ол – кім-кімді де өз пікірімен санастыруға тиісті жазушының орны.

Ғ.Мүсіреповтің бір фельетоны Кремль­дің кадрын кері қайтартқаны бұл күн­де аңызға айналған. Сол кездің өзін­де абырой-бедел жазушыда болды. Бүгінгі күннің сұранысына бос орынды нұс­қаймыз. Неге жазушыдан бас тартуға мәжбүр болдық?

Жазушы – халық жүрегінің шырақ­шысы. Ешбір билік тетігі халықтың мұң-мұқтажын жазушыдай түсініп, халық­тың сезім-күйін ұғатындай тілде сөйлей алмаған. Олай болса, жазушыны оқырманынан, оқырманын – жазушыдан айыру қоғамға абырой әкелмейді. Әркім өз саласының кәнігі маманы болуы керек. Депутат – драматург, (барлық облыстарға шимайын қойғызып, қаламақы бопсалай­ды) шенеунік – (қызметсіз қал­ғанда нәпақасын табу үшін) ғылыми атаққа, Мем­лекеттік сыйлыққа ұмтылады. Парадокс!

Жазушы Сайын Мұратбеков қоғамда бет ала бастаған осы үрдістен секем алды. Іштей күйреді, бірақ тәуелсіздіктің атқан таңына имандай сенді. «Көш жүре келе түзеледі», деп үміт артты болашаққа.

– Сайын аға, әдебиет тоқырауға түспей ме, жастардан үмітіңіз бар ма? – деп төте­сінен бір сауал қойып қалдым. Ағам жымиып, жерге көзін салып ұзақ тұрды да, лезде өзгеріп, екпінмен сөйледі. «Әрине, әдебиет сан түрлі дағдарыс кезеңді бастан кешеді. Бірақ, әдебиетсіз ұлт болмайды. Тоқырап та, жетіліп те, қарыштап дамып та отырады» – деді. Осы тұста: «Ендеше, өзіңізге бір бұйымтайым бар, аға!» – дедім.

– Айта ғой! – дейді Сайын ағам.

– Менің қатарластарым кітап шығара алмай қалды. Есімдері белгілі болғанмен кітаптарын шығара алмай жүр. Әдебиетке өз қолтаңбасымен келген он шақты қыз-жігіттер бар. Солардың аяқ алысын, сөз сап­тауын көресіз бе? Көңіліңізден шы­ғып жатса, «Қазақ әңгімелері» деген антоло­гия­ға алғысөз жазарсыз? – деп тілек білдірдім.

Сайын аға келісті. 2003 жылы «Нарық нақыштары» деген қазақ әңгімелері мен новеллаларынан тұратын жинаққа «Таланттардың жолы болсын» деген тақырыппен алғысөзді жазып алып келді.

«…Жинаққа енген авторлар бүгінгі әдебиетіміздің талантты өкілдері. Бұл кітаптың авторлары еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдарда әдебиетке жас екпін – жаңа екпінмен келген, бойлары құрыс-тырыстан аман, ойлары еркін, мақсат-мұраттары да биік қаламгерлер тобынан. Мақсатымыз тек шығарма жазып қою емес, сол шығарма арқылы еліміздің еркіндікте бой жазып, мемлекетіміздің нығая беруіне күш салу. Ғасырлар бойы отаршылықтың темір құрсауында болған әр елдің тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірден-бір халықтық ой-арманы осы болса керек», – дей келіп, талантты жас жазушылар: Ж.Қорғасбек, Т.Ахмет­жан, А.Алтай, Т.Әсемқұлов, Н.Ораз, Ж.Шағатай, Қ.Сәрсенбай, Г.Шой­бек, Қ.Мұқаш, С.Хасан, Ә.Салықбай, т.б. шығармаларына жеке-жеке тоқталып, суреткерлік пайымын, сүйсінісін жасырмаған еді. Бүгін тарихқа айналған тұлғаның бір ауыз тілекке ерекше көңіл қойып, уақытын бөліп ақжарма пейілін танытып жазған қолтаңбасы көңілді сергітіп, жауапкершілікті жүктеп отыр. Осы аталған қыз-жігіттердің расында да осалы жоқ. Бүгінгі прозаның бір-бір тұлғасы.

Сайын ағаның «Жеңеше» деген әңгімесінде Жылыбұлаққа деген махаббатынан туған жеріне, еліне, ұлтына деген сүйіспеншілігі аңғарылады.

«…Шынында да Жылыбұлақ теңізге кіндік болар. Кейбір бұлақтарға жүз қара мал келіп, бірден бас қойғанда тақыл-тұқыл болып тартылып қалатыны бар, ал Жылыбұлаққа әлденеше жүз мал – тек тұмсықтары сыйысып тұра қалса болды – айнала жапырлап келіп бас қойғанда да қыңқ етпейді. Қайта суы молая түсетін тәрізді. Жылыбұлақтың суын мал да мейірі қанғанша тамсана-тамсана ұзақ сіміреді. Егер адамша сөйлей алатын болса: «Ах, шіркін, қайран Жылыбұлақтың суы-ай!» десер еді олар да».

Қазақ әдебиетінің алыбы, келер ұр­пақтың өкіліне Жылыбұлақ дегені – өз ұлты, өз бәйтерегі, өзінің туған топырағы екенін аңғартуы шығар. «Сен де, ұлт руханиятына қанығып, тілің мен діліңнің рахатын сіміріп өс! Қазақ әдебиеті де әлем әдебиетімен кіндіктес. Ұлты барда оның әдебиеті өз халқының шөлін қандырып, сарайын ашады, тынысын кеңейтеді. Ол тақұл-тұқыл таусылып қалатын кездейсоқ келген өнердің арзан түрі емес. Әдебиет – ғасырлар бойы шөліңді қандырар, бойыңа қуат берер тың күш», деп сөйлеп кеткендей. Әр әңгімесінің астарында С.Мұратбековтің өзіне тән интонациясы бар. Сол интонация – тағы бір жұмбақты, тағы бір сырды айқын танытып, тамсандырып отырды.

Муратбеко-1

«Дон»

Сайын ағамның есігінің алдында бұлаң қағып жүгіріп, шапқылап жүретін қаракүшік – Дон.

– Әй, Дон! Бар, болды, үйшігіңе кір! Қонақтардың мазасын алма! – дейді Сайын ағам. Сол-ақ екен, баяулап басып, үйшігіне кіреді де, басын сыртқа шығарған қалпы, қонақтар үйіне қайтқанша үйшігінде тапжылмай жатып алатын. Сайын аға мақтаса, мақтауға лайық еді, Доны.

«Сайын қала жаққа шығып кеткен­де ешкімді тыңдамай, алып-ұшып құйын­датып бір құтыратыны бар-ей, осының. Мынаны-ай, ә! Бар, кір үйшігіңе!» деген Мәрия тәтені тыңдамай еркетотай болған сәтін де көріп едім. Дон үйге келгендерді айналып-толғанып алады да, кімді қуып, кімді қызықтап жүргені белгісіз, зу-зу ете түседі.

– Қуанышы қойнына сыймай тұрғанын қарашы. Қонақты жақсы көреді, әсіресе, балаларды, – деп, Сайын ағам дәл бір немерелерін еркелеткендей:

– Бар. Бара ғой енді, Дон, болды! Таяқ жейсің ей, Мәриядан. Барсайшы! –деп, адамша сөйлесе беретін.

Сайын ағам дүниеден өткенде, Дон үйшігінен шықпай жатып алды, – деп еске алатын еді Мәрия тәте.

«Есіктің алдындағы киім ілгіште Сайын­ның далада жамылып отыратын ескі кү­пәйкесі бар еді, соған қарап-қарап қойып, ертелі-кеш ұлитынды тапты. Сосын Донға ұрыстым.

– Болды, немене ұли бересің, сенен басқалар аза тұтпай жатыр ғой деймісің Сайынды. Сайын кетіп қалды, енді келмейді. Болды, іздеме де, сағынба да, – деп сөйлеп жүрмін, сөйлеп жүрмін. Балаларға кешкі асын дайындап жатқан едім. Донды ермек қылып көп сөйлесем керек, ұрыссам да керек. Дон үнсіз қалған соң, кетіп қалған ба деп қарасам алдыңғы екі аяғын алдына созып, көзінен жас парлап жыла-а-а-ап жатыр. Жүрегім шым етіп ауырып кетті.

– Әй, Дон мұның не? Сен жылама, мә! Жейсің бе? – деп тамақ берсем, жемейді. Бір уақытта ырғып бірақ секірді де, Сайын­ның күпәйкесін алдыма алып келді. «Тізеңді жауып отыр», дегені, аяғымның ауыратыны бар ғой, оны да біліп алғанға ұқсайды. Бұл жолы мен де, Дон да бірге жыладық, ұзақ жыладық. Екеуміз де өз Сайынымызды сағынып, іздеп жыладық», – деп еді, Сайын ағаның аяулы жары.

Иә, жеті қазынаның бірі Дон да Сайын ағадай адам баласының қадірлісінен, аяу­лысынан, өзінің құтты иесінен біржола айырылғанына, енді ондай жанның мұның өмірінде кездеспейтініне өксіген болар. Көп ұзамай Дон қайғыдан өліп қалды, – деп отыратын Мәрия тәте.

Қазақ әңгіме жанрының үлгісін Бейімбет салған соқпақтан өзгеше өріп, тереңнен сыр шерткізе алған, көркем тілдің құдіретіне тағы бір мойынсұндырып, оқырманына ой салған қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы КЛАССИК Сайын Мұратбеков 2007 жылы қыста дүниеден озды.

Роза МҰҚАНОВА,

жазушы

Суретте: жазушы Сайын Мұратбеков және зайыбы Мәрия апай