17 қаз, 2017 сағат 13:36

Кирилл қарпін кімдер қолданады?

Елімізде латын қарпіне көшу мәселесі кейінге жиырма жыл бойы айтылып келеді, соңғы жылда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселе бұған дейін де неше мәрте көтерілген, бірақ ұсыныс күйінде қалды. Осы жолы билік ресми бағдарлама қабылдап, оны 2025 жылға дейін орындаймыз деп шешті. «Латын қарпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғыртудағы ішкі қажеттілік. Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізуді қажет етеді. Осы орайда, XX ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз жөн. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазір халық Елбасының айтқан сөзін қолдап, латын алфавитіне көшудің жолдарын қарастырып жатыр. 

КСРО тұсында қазақ тілі үш алфавит жүйесін өткерді – 1929 жылға дейін араб әліпбиін, 1929-1940 жылдар аралығында латын алфавитін, 1940 жылдан бастап бүгінге дейін кирилл қарпін қол­данды. Өткен ғасырдың 20- жылдарында РКП(б) (больше­виктердің жұмысшы-шаруалар партиясы) бір ортаға біріккен әртүрлі халықтарды біртұтас жүйеде сауаттандыру мақсатында Орта Азиядағы ұлттардың жазуын араб әліпбиінен латын қарпіне ауыстыру туралы шешім қабыл­дады. Бұл процесті жандандыру үшін 1926 жылы Әзірбайжан астанасы – Бакуде конференция өткізілді. Әрі қарай кеңестендіру, орыстандыру саясаты жүргізіліп, КСРО-дағы бүкіл түркі тілдес халықтардың әрқайсысы кирил­лица негізінде өздерінің алфа­виттерін жасады. Біз сол жылдары жасалған алфавитті қазірге дейін қолданып жүрміз.

Өткен ғасырдың 20-40 жыл­дарындағы Қазақстанда (ол кезде Қырғыз, Қазақ және Қазақ КСР деп аталған) болған жазу-сызуға қатысты өзгерістер туралы зерт­теулер жоқтың қасы. Бір ұрпақтың ғұмыры барысындағы уақытта бір алфавиттен екінші алфавитке өту қалай жүргізілді, оның қандай артықшылығы мен кемшіліктері болды, мұны ешкім зерттеген жоқ. Түркі тілді халықтардың сырт әлеммен араласуы тек орыс тілі арқылы жасалып, минори­тарлық тілдер біртіндеп өше бастады. Бұл процесті саясаткер Дос Көшім 365info.kz порталына берген сұх­батында: «Мен үшін кирил­лица орыс колониализмінің масқара таңбасы сияқты» деп көрсетеді. Ресей болса, Қазақ­стан­ның ки­рил­лицадан латын қар­піне көш­кенін, әрине, қала­майды. Кезінде, 2002 жылы Татарстан кирилли­цадан латын алфавитіне көшпек­ші болғанда, Ресей билігі бұған мемлекеттік тұтастыққа қауіпті деп қарап, заң жүзінде тыйым салған болатын. Осы заң бойынша Ресей Феде­рациясы құрамындағы аз ұлттар­дың автономиялары басқа алфавитке көшуге құ­қықтары жоқ. Алайда бұл заң­ның бұрынғы одақтас республикаларға құзыры жүрмейді. Бір елдің ішін­дегі тіл саясатын сыртқы сая­сатпен ара­ластыруға болмайды. Әлем тари­хында көптеген елдер бұрынғы метрополиядан бөлініп, өздерінің саяси және лингвис­тикалық тә­уел­сіздігін сақтап қалды. Мысалы, Норвегия мен Дания, Испания мен Португалия, Сербия мен Хорватия мемле­кеттері бөлінген кезде әрқайсысы өз тілдерінде, өз алфавиттерінде қалды.

Бұл жөнінде Мемлекет бас­шысы өз сөзінде былай деп мә­селенің басын ашып берді: «Л­а­тын қарпіне көшкенде біз орыс тілінен кетейін деген жоқпыз. Алып-қашпа сөзбен бұны кей­біреулер, саясаткерлер айтады. Әсіресе, орыс тілінде. Әліпби – тек қана қазақ тіліне байланысты мәселе. Ғылым менен техниканың көзі болып отырған, орыс тіліне көп аударылған барлығын ажы­ратпасақ меніңше, біз байы­маймыз, кедейленеміз. Сондық­тан бұл жағынан айта кету керек. Бұл – үлкен мәселе. Үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Жақында мен бір-екі нұсқасын қарайтын боламын. Осымен шұғылданып жүрген ғалымдармен қарап, бір жобаға тоқтайтын боламыз», – деді Елбасы Н.Назарбаев.

КСРО ыдырағаннан кейін бұрынғы одақтас республика­лардың көбі латын алфавитіне көшті. Грузия мен Арменияның атам заманнан қолданып келе жатқан өздерінің ілгек сияқты қаріптері болды. Балтық теңізі жағалауындағы республикалар да кириллицадан бас тартып, өзде­рінің латын алфавитіне толықтай көшті. Кейіннен кириллицаны қолданып жүрген Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан респуб­ликалары латынға көшті. Бүгінгі күнге дейін кирилл қарпін қол­данатын ТМД елдері ішіндегі бізден басқа, Беларусь, Тәжікстан және Моңғолия. Беларусь славян халықтарына жатады, біз түркі тілдіміз, тәжіктер парсы тілінде сөйлейді. Моңғолдың жөні бір бөлек. Беларусь пен Қазақстан­ның қазіргі кездегі ұстанымы белгілі, ал енді Тәжікстан мен Моң­ғолиядағы жазу-сызу жағ­дайы қалай деген сұраққа келейік.

Басқа да посткеңестік ел­дердегі сияқты Тәжікстандағы хат тану мәселесі саясатпен тығыз байланысты. Елде латын алфа­витіне көшуді көрші Өзбек­станмен және батыс әлемімен ынтымақтастықты жақтайтындар қолдайды. Иранмен одақтас болуды қалайтын, тәжік пен ирандықтардың ұлттық мұралары бір деп санайтын діни ислам­шылар парсы алфавитін наси­хаттайды. Ресейден қол үзгісі келмейтін үшінші жақ қазір қолданып жүрген кириллицаның қала бергенін дұрыс көреді.

Осы өңірге келген исламның ықпалы нәтижесінде, тәжік ал­фавиті 1900 жылдары араб әліпбиі негізінде жасалды. Ол кездерде тәжік тілі жеке тіл емес, парсының диалектісі болып саналды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1928 жылы түркі ғалымдарының жұ­мыстары негізінде жасалған латын алфавитіне көшті. Осыдан бастап, тәжік тілі пайда болды. 40-жылдардың басында Орта Азиядағы басқа республикалар сияқты бұлар да кириллицаға көшті. Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейін тәжік тілі мен парсы тілі қатар мемлекеттік тіл болды. Елде арабша хат тану бас­талды. 1999 жылы парсы тілі ығысып, мемлекеттік тіл мәрте­бесінен айырылды, бірақ кирилл қарпін қолдану тоқталған жоқ. Тәжікстанда балаларды қазірге дейін осы алфавитпен оқытады.

Моңғолияның жазба тарихы XII – XIII ғасырдан басталады. Ол кездегі жазу-сызуға моңғолдар оңнан солға қарай жазылатын араб әліпбиін қоданған. Қазіргі кезде моңғол тілінің екі жазба түрі бар. Біріншісі –жоғарыдан төмен қарай тігінен жазылатын моңғол алфавиті, екіншісі – кириллица. Тігінен жазу алфавиті үнемі сауда келісімдерін жасау барысында Қытай жағынан келген сияқты. Қытайдың тыйым салынған қа­ласындағы қақпада маньчжур тілінде моңғол қаріптерімен жа­зылған сөздер қазірге дейін сақ­талған. Сонымен қатар моңғолдар Юань династиясына бағынышты Тибеттің Пагба-лама будда мо­нахы құрастырған квадрат алфа­витін де пайдаланған. Корей­лердің хангыль алфавиті осы Пагбаның негізінде пайда болған екен. Юань династиясы 1368 жылы құлағаннан кейін моң­ғолдар Пагба жазуын қолдан­байтын болды.

Осылайша, 600 жыл қолда­ныста болған моңғол алфавиті 1921 жылы Моңғолияға келген революциямен жойылды, 1924 жылы мұнда социалистік билік орнады. Кеңес үкіметі бұларды да алдымен, латын алфавитіне кө­шіріп, артынан кириллицаға ауысуға ықпал жасады. 30-жыл­дардың басында елдегі оппозиция моңғол қарпін сақтап қалу үшін күресіп, біраз уақыт ұстап тұрған екен, бірақ Мәскеу жақтан қысым көрсетіліп, олар бас сауғалап қашуға мәжбүр болған. Моң­ғолдар кириллицаға 1946 жылы көшті, қазірге дейін осындай екі түрлі жазудан олар зардап шегуде. Моңғол алфавиті Қытайдағы Ішкі Моңғолияда кеңінен қолда­нылады, ал кириллица Моңғо­лияның аумағында жүреді. Жа­пон­дықтардың айтуынша, моңғол тілі грамматика жағынан жапон тіліне жақын екен, сондықтан кириллицамен жазу оларға тым ауыр көрінеді.

1950-жылдардың аяғында кириллицаны Ішкі Моңғолияға енгізбекші болған қозғалыстар ешқандай нәтиже берген жоқ. Оған сол жылдары кеңес-қытай арасындағы саяси шиеленіс кедергі болды. 1980-жылдардың екінші жартысындағы қайта құру дәуірі тұсында Моңғол Халық Республикасында ұлттық дәс­түрлерді қалпына келтіру қозға­лыстары басталды. Ұлттық дәс­түрдің символы моңғол алфавиті болды. Осы кездерде кирилли­цадан шығып, моңғол қаріптерін қалпына келтіру туралы ұран тасталды. 1992 жылдың қыр­күйегінен бастап, мектепке жаңа барған балалар моңғол әріптерін оқи бастады. Алайда бұл балалар үшінші сыныпқа келгенде қай­тадан көлденең жазылатын кирилицаға ауыстырылды. Оның себебі – химиялық формулалар тік жазумен қабыспады, ең бастысы, экономикасы тұралап, өте қиын жағдайда отырған елге тік жазуды оқытатын мұғалімдер табу, жаңа оқулықтар шығару өте қиынға түсті. Сөйтіп, шекараның екі жағына бөлінген моңғолдар қазірге дейін екі жазуды – бірі – ескі моңғол алфавитін, екіншісі – кириллицаны қолданады. Тілдері бір, жазулары екі түрлі. Бұрын Моңғолиямен тығыз бай­ланыс жасап, моңғол алфавитін қолданатын буряттар да қазір бұлардан алыстап бара жатыр. Осындай жағдай әлі де өзгеріссіз қала беретін сияқты.

Осындай жағдайларды жазу-сызуды пайдалана отырып, ықпал етумен байланыстыруға болады. Егер ой жүгіртіп қарасақ, латын, кирилл, араб жазулары, үнді деванагарлары немесе қытайдың иероглифтері бір жағынан белгілі бір ортаға мәдени, діни ықпал етуді білдіреді. Демек, жазу мәдениетіне қатысты мәселенің де саяси ықпалы бар.

Қайыржан ТӨРЕЖАН,

"Айқын" газеті