12 қыр, 2017 сағат 12:27

Кирилл қарпі - құлдық сана мен отарлық қамыттың синонимдері

Латын қарпі жəне тарихи контекст.

Елде болып жатқан аса күрделі реформаларға орай мынаны есте сақтау керек. 

***

Атам қазақ, бағзы замандағы бабаларымыз неге рунаны тастап, араб қарпіне көшті? 
Былай қараса бабалар мұрасы, рунамен жазылған қаншама мұра, тасқа қашалған дүние бар. Бірақ, көшті.
Себебі бір: сол кездегі руна сол заман адамдарының рухани ізденістері мен қажеттілігін өтей алмады. Тəңір ілімі күрделеніп бара жатқан заманға ілесе алмады, адамдардың метафизикалық, экзистенциалды ізденістеріне, сұрақтарына жауап таба алмады.
Сондықтан да ата-бабамыз дəстүрлі мұрасынан бас тартып, ислам дінін қабылдады. Исламмен қатар рунадан да бас тартты...

***

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы əліпби өзгерісінің астарында да үлкен рухани ізденістер болды. Əрине, сырттан қысым да болды, қазақты діннен, дəстүрден күштеп үзу саясаты да тұрды. 
Бірақ, қазақтың бəрі болмаса да біразы жаңа əліпби қазақты сан ғасырлық ұйқысынан оятады, еңсесін көтереді, заманауи өзгерістердің көшін қуып жетуге сеп болады деп ұқты. 
Жаңа əліпби қазақты заман талабына сай қылады. Жахандық бəсекеге, ғылыми-техникалық прогресс тілін ұғындырады деген ұстаным да болды.

***

Бүгінгі өзгерістерге де осы тарихи көкжиек тұрғысынан қарау керек. 
Орыс тілі мен кирилл қарпі қазаққа аздық етіп жатыр. Тіпті қазақтың рухани ізденістерін тежеп, заманға керіағар роль атқарып жатыр. Не десеңіздер о деңіздер, бірақ кирилл қарпі құлдық сана мен отарлық қамыттың синонимдеріне айналып болды. Сондықтан құлдық санадан құтылу міндет, парыз. Егер бұл қадам екі не үш саты арқылы келсе де қарсы емеспін. Бəрібір керек. Тіпті бүгінгі латын нұсқасын билік күшпен өткізсе де, ертеңгі жаңа билік оны қазаққа жақындатып, тіл қажеттіліктеріне сай өзгертеді. Əліпбиді жаңарту, апгрейдтеу болашақ саяси оппозицияның ұраны болып кетсе де таңым жоқ!

***

Ойлансын билік!

Айдос Сарымның фейсбуктағы жазбасынан