11 қаң, 2019 сағат 13:11

Кино заңы туралы киногерлер не дейді?

Жуырда Парламент Мәжілісінде «Кинематография туралы» Заң жобасы мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» Заң жобасы мақұлданған болатын. Ол Заң бойынша, ұлт­тық кинофильмдерді қаржы­лық қолдау және басқа да бірқатар өзекті мәселелер қарастырылған.

Біз осы Заң туралы кино мамандарының өздерінен сұрап білген едік. Кино заңы туралы киногерлер не дейді?

Заңға қол қойылғаннан кейін, жол ашылды

 Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер:

- Заң жақсы жазылған. Бұрын бізге  кедергі болатын көп мәселелер бар еді. Қазір мына Заңға қол қойылғаннан кейін, жол ашылды. Осы уақытқа дейін бізге қалталы жігіттер көмектесіп келген еді. Енді оларға да салықтық жеңілдік жасалды.

Сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау туралы бастамалар көтерілді. Бұл әрине құптарлық дүние. Бірақ, оны нақты  жүзеге асыру үшін нақты сценарий жазылу керек. Бізде Президенттің “Ұлы Даланың жеті қыры” атты мақаласы бар ғой. Енді сол мақаладан кейін тарихқа жіті көз салу керек. Бұрынғыдай жалтақтап, көршілердің көңіліне қарамай, өзіміздегі бар нәрсені ақтарып, зерттеп, көрерменге жеткізуіміз керек.

Ал,сценарилерді қарайтын көркемдік кеңестің құрамында киноны жақсы түсінетін мықты режиссерлар, мықты драматургтар мен жазушылар, киноға жаны ашитын қаржыгерлер болу керек.

Тағы бір айтарым, бізде 1950 жылдардағы, Сталиннің кезіндегі қаламақы сол күйінде өзгеріссіз қалған. Көрші елдердегі кинода істейтін жігіттердің қаламақысы жоғары. Оларда сметаның 10%-ы кинодағы әр маманға беріледі. Бізде қанша пайыз екенін білмеймін. Оны нақтылау қажет. Бірақ, біздің режиссерлар де, сценаристер де, актерлар де бұрынғыша сол қаражаяудың күйін кешіп келе жатыр. Сонықтан сол қаламақы жағы көтерілуі керек.

Қазақстанда түсірілген 90% өнім өз тілімізде жасалуы керек

Рүстем Әбдірашов, кинорежиссер:

-Біз бұл Заң жобасының Парламенттегі отырыстарына бір жыл бойы қатыстық. Қаншама талқылаудан өтті. Оның алдында министрлік кино саласында жұмыс істейтін адамдардың басын қосып, жан-жақты талқылаудан өткізді. Егер біз ұсынған дүниелердің барлығы қолдау тауып жатса, қазақ киносына үлкен қолдау болар еді.

Бұл көрші елдерде баяғыда қабылданып қойған ғой. Ал, біздің енді ғана қолымыз жетіп жатыр. Соған да шүкір, әрине. Бұл Заң киноның дамуына үлкен үлесін қосады. Өйткені әрбір нәрсе Заңмен ғана жасалады ғой.

Мысалы, “Қазақ киносының даму фонды” дейді. Сол фондта бүкіл ақша жиналып, аккумуляция жасалады. Сол жерде сценарийлер қабылданатын болады. Сондай-ақ, көркемдік кеңес те құрылуы қажет. Оның құрамына кино саласына еңбегі сіңген, зиялы адамдар, өнер қайраткерлері де болу керек деп есептеймін.

Біздің киноларымыздағы үлкен кемшілік – көрші елдің тілінде контентті толықтырады. Осы менің көңілімнен шықпайды. Неге біз Қазақстанның қаражатына көрші елдің контентін толықтыруымыз керек. Бұл дұрыс емес. Қазақстанда жасалған негізгі 90% өнім өз тілімізде жасалуы керек. Мысалы, Ресейде қазақ тілінде кино түсірілмейді ғой. Сондықтан, көрші елдің контентіне ақша бөлінбеу керек.

Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп ойлаймын.

Abai.kz