07 қар, 2019 сағат 11:39

Киевте көлік жарылып, бір адам қаза тапты, екі адам жараланды

6 қарашада түнгі сағат 22:00 шамасында Киевтің Святошинск ауданында "Мерседес" көлігі жарылып, бір адам қаза тапты, екі адам жараланды. Куәгерлер сөзіне сүйенген жергілікті басылымдардың жазуынша, мотоцикл айдаған белгісіз адам көліктің жолаушылар мінетін жағынан барып, жарылғыш зат тастап, қашып кеткен. Содан кейін көлік жарылған. Полиция "мотоциклистің қатысы болуы мүмкін" деді.

Интернетте жарияланған видеодан көліктің төбесі жарылғаны, әйнегі шытынап кеткені көрінеді. Полиция күдіктіні ұстау үшін арнайы операция жүргізді.

Құпия дереккөзге сүйенген "Киев Оперативный" порталы жарылған көліктің дәрі-дәрмек компаниясының директоры Игорь Салоға тиесілі екенін хабарлады. Оқиға кезінде оның күзетшісі қаза болған. Нақты кімдердің жараланғаны белгісіз. Полиция тергеуді жалғастырып жатыр.