05 жел, 2017 сағат 13:19

Киевте Грузияның экс-президенті Саакашвили ұсталды

Украина қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері киевте Грузияның бұрынғы президенті, "Жаңа күштер қозғалысы" саяси қозғалысының жетекшісі Михаил Саакашвилиді тұтқындады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.

Саясаткерге қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз. Радио Свободаның Киевтегі тілшісі Владимир Ивахненконың айтуынша, Саакашвилидің қолына кісен салып, пәтерінен шығарған. Ұстау кезінде Саакашвилидің жақтастары мен арнайы жасақ сарбаздары жанжалдасып қалған. Саакашвилидің пәтері орналасқан үйді Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы жасағы мен полиция қоршауға алған. Саакашвилидің жақтастары ол отырған көліктің жолын бөгеді. Олар "Позор!", "Миша!" және "Импичмент!" деп ұрандап тұр.

Бұдан бұрын сейсенбі күні Украина қауіпсіздік қызметі мен бас прокуратура Саакашвилидің пәтерін тінтуге барған. Саясаткер құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен жасырынып, үйдің шатырына шығып кеткен. Саакашвилидің адвокаты мен Жоғарғы Раданың депуттаттары Юрий Деревянный мен Виктор Чумакті үйге кіргізбеді.

Украина бас прокуроры Юрий Луценко Саакашвилиді ол жақтастарымен бірге 17 қазанда Жоғарғы Рада алдына шатыр тіккен соң "мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деп айыптаған. Парламент алдындағы ол шатырларда жүздеген демонстрант әлі тұрып жатыр.

Демонстранттардың депутаттарға қойған талаптарының арасында "Украина президентіне импичмент жариялау туралы" заң қабылдау талабы да бар.

3 желтоқсанда Киевте "Импичмент үшін маршы" өткен. Оған бірнеше мың демонстрант қатысқан. Сол күні маршта сөйлеген Саакашвили өз қозғалысы өзге ұйымдармен бірге Украинаның барлық аймағында импичмент жариялау жөніндегі комитет құратынын хабарлап, Киевте 10 желтоқсан күні жаңа акция болатынын жариялаған. Саакашвили белсенділер бұл күні президент әкімшілігін қоршауы мүмкін екенін жоққа шығармаған.