22 қыр, 2016 сағат 08:29

Киелі сахна - базар емес

Ұлттық өнеріміздің жағдайы қазір қандай деңгейде? Жаныңды тебірентіп, əсем əуені құлағыңнын құрышын қандырып, сөзі сүйегіңнен өтетін, құнды, тәрбиелік мəні бар, ұлттық бояуы бар əндер қаншалықты? Тыңдармандардың талғамы қандай?

Осы сұрақ мені кейінгі кезде жиі мазалайды. Неге десеңіз танып бітпейтін əншілер санының көбейюі. Бəрі əнші болып сахнада əн салып, тойларда дүркіретіп жүргісі келеді-ақ. Жақсы ғой... əу демейтін қазақ жоқ. Бірақ, бірнəрсені ұмыттық. Əндер мен əншілердің көбеюінен сапасыз, жылаңқы əндер көбейді. Бұл дегеніміз халықты жігерсіздік пен намыссыздыққа жəне халықты талғамсыздыққа тəрбиелеуде.

Жылаңқы, сапасыз əндер адамның психологиясына тікелей əсер етуде, мұны мен көңілсіздік пен мұң басуға апарар тура жол деп түсінемін. Сол əндерімен күллі халыққа қандай тəрбие беруде? Соның кесірінен қоғамда сүйіктісінен айрылған, махаббатқа тоймаған, сағынышын аңсаған, сүйемін деп күйіп қалған əндерге сан жетпейді. Бір күнде он əн шықса оның сегізі махаббат туралы əндер десем артық емес. Кім қандай əнші екенін танып білмейміз, əні құлақта жатталып қалмайтын əншілер жетіп артылады. Бəрінікі бір сарын құлақтың мезін шығаратын əндер. Киелі сахнаны базарға айналдырғандай күйдеміз. Өнеріміз күйзеліске ұшырамаса екен дейміз. Махаббат туралы əндерге қарсы емеспін, дегенмен тыңдармандарын баурап алса, сөзі жігерлі ой тастайтын, əуезді, тәрбиелік мəні болса, əуеннен ұлттық колорит естіліп тұрса...

Ал, кейбір əншілерімізде характер жоқ, харизматика жетіспейді. Онымен қоса сауаттылық жетіспей жатады. Оны көп жерде байқаймын. Көбісі кітап оқымайды, қоғаммен араласпайды, тарихын білмейді... Баяғы кезде əн айту үшін комиссия құрамынан өткен сапалы əндер ғана айтылатын еді. Соның жемісінің арқасында небір керемет əндер туындады. Əсет Бейсеуов, Шəмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев сынды тағы бірқатар өнер адамдарының əндері сыннан сүрінбей өтіп, əлі күнге дейін ескірмей, тыңдармандарының көңілін тапты. Өнерде сын өте қажет... Сын айтылмаса өнер жетімнің күйін кешеді. Қазір кім əн жазғысы келсе де, əн айтқысы келсе де жол ашық, өз еркі болды. Өйткені өздерінің талғамдарына сай əн айтуда. "Тыңдаса тыңдасын, тыңдамаса қойсын" дегендей... Тыңдармандары бола ма, əн өзіне сай келе ма шатағы жоқ. Иə, айту керек эстрада əншілерінің арасында өзім мойындайтын жақсы əншілер бар. Көпке топырақ шашпаймын. Өйткені өзім де өнер саласының бір ағысында болған соң пікір білдіруге, ұлттық өнерге жанашыр ретінде жазуға құқығым бар деп білемін.

Тағы бір айта кетерлік жайт, дəстүрлі əндер мен күй өнері туралы. Кезінде ұлттық арнадан көрсетілген дəстүрлі əндердің "əн айтыс", "күй тартыс" бағдарламасы болатын. Əу басында қуанған жайымыз болғанымен, кейінгі жылдары мүлде жоқ болды. Сол кезде байқағаным, халықтың дəстүрлі əнге деген қызығушылығы оянған еді. Халық компазитарларын танып, əннің шығу тарихын біліп қалған едік... өкінішке орай дəстүрлі əндерге көңіл көп бөлінбейді.

Айтар болсақ, Қазақстанда дəстүрлі əндерді дəріптейтін əуе толқыны ол - Қазақ радиосы мен Шалқар радиосы ғана... Өкінішке орай. Əр əнші өзінің əні, өнері арқылы халықты тəрбиелейтінін ұмытпаған абзал. Өнер адамы ол - халық айнасы. Өнер деген қасиетті ұғымды былғап, ұлттығымызды жоғалтып алмайық. Халықты жігерлі, тəрбиелік мəні басым, айтар ойы бар, сөзі астарлы, терең мағыналы, халықтың рухын асқақтататын (патриоттық ) əндер көп болсын деген тілегім ғана...

Қалқаман Абдрахманұлы,

Ұлт порталы