05 қаз, 2018 сағат 12:18

ХОК АИБА басшысы Гафур Рахимовтың Олимпиадаға баруына тыйым салды - БАҚ

Халықаралық олимпиада комитеті АИБА президентінің міндетін атқарушы Гафур Рахимовтің Буэнос-Айресте өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарына баруына тыйым салды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

ХОК Бас директоры Кристоф де Кеппер АИБА-ға мүше 203 ұлттық федерацияның барлығына хат жіберіп, Рахимовтың осы Олимпиадаға аккредитациядан өтпейтінін мәлімдеген.

Бұрын батыс бұқаралық ақпарат құралдарында ХОК Халықаралық бокс қауымдастығының алдына Гафур Рахимов АИБА басшысы лауазымында қалатындай болса, бокс 2020 жылғы Олимпиаданың бағдарламасынан алып тасталуы мүмкін екені жөнінде ультиматум қойғаны туралы айтылған болатын.

Рахимов ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілігіп, АҚШ Қаржы министрлігі оған санкция жариялаған.

Гафур Рахимов АИБА президенті болуға жалғыз кандидат болып отыр. Ұйымның 3 қарашада Мәскеуде өтетін Конгресінде оның Халықаралық бокс қауымдастығының басшысы лауазымына ресми түрде кірісуі жоспарланған.