20 нау, 2018 сағат 11:30

"Хиджама медициналық қызмет тізіміне кірмейді" - Денсаулық сақтау министрі

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов хиджаманың медициналық қызметтің тізіміне кірмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Менің сұрағым хиджамаға қатысты. Қазіргі таңда қан алудың төңірегінде халық арасында түсінбеушіліктер туындап жатқан көрінеді. Мысалы, Ақтөбе облысының бас дәрігері хиджаманы жасату өте қауіпті екенін айтып, оны адамдарға жасатпауға кеңес берген. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің аталған мәселеге қатысты ұстанымы қандай?», - деді журналист Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

«Бұл қызмет медициналық қызметтің құрамына кірмейді. Біріншіден, заң бойынша мемлекет тарапынан беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне хиджама кірмейді. Жалпы бұл қызмет министрлік бақылайтын медициналық қызметтер тізіміне кірмегендіктен, оны медициналық қызмет деп санамаймыз», - деді Елжан Біртанов.

Осы орайда Денсаулық сақтау министрі медициналық қызметтің сапалы көрсетілуіне жауап беретінін жеткізді.

Айта кетейік, хиджама – емдік мақсатта қанды алудың бір жолы. Оны дененің кез-келген жеріне жасауға болады. Бірақ, көбіне хиджаманы желкеге, қос жауырынның ортасына жасайды. Бұл әдіс Ислам елдерінде қолданылады.