16 қаң, 2018 сағат 13:49

Хиджаб киетін қыздардың ата-аналары жеке мектеп ашуға құқылы – министр

Қыздары орамал тағып, хиджаб киетін ата-аналар демеуші тауып, жеке мектеп аша алады. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап. 

"Бізде медреселер бар, медресе деген арнайы діни білім беру мекемесі. Бірақ қалған білім беру жүйесі діннен бөлінген. Ол барлық заңдарда жазылған нәрсе. Бірақ қазіргі таңда заң ұлдар мен қыздар бөлек оқитын жекеменшік орта білім мекемесін ашуға мүмкіндік береді. Әзірге бұл мәселе зерттеліп жатыр. Біздің азаматтар бұған қаншалықты дайын, осыны анықтап алуымыз керек. Алайда бұл мектептер білім және ғылым министрлігінің сертификатын алған, діннен бөлінген мектептер болады. Сәйкесінше мұндай бөлек мектептерде қыздар орамалсыз жүре алады. Егер мүлде орамал тақпай, хиджабсыз жүре алмаса, онда ата-аналар бірігіп, демеуші тауып,  жеке  мектеп аша алады, бұған құқықтары бар", — деді Ермекбаев үкімет отырысынан кейін.  

Осы орайда министр Ақтөбеде мектеп маңында намаз оқыған әйелдердің әрекетіне қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 

"Кез келген жерде намаз оқу - Құранның да, шариғаттың да талаптарына сәйкес келмейді. Заңда діни рәсімдер, құлшылық ету арнайы орындарда жасалу керектігі айқын көрсетілген. Ақтөбедегі 3-4 әйелмен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Менің ойымша, көшеде намаз оқу - бұл дұрыс емес", — деді министр.