19 жел, 2016 сағат 13:18

Халықтың ар-намысы мен қадiр-қасиетi қорғалды

Жуырда Астана қаласындағы “Radisson” отелiнiң конференц-залында “Қазақстандағы Желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiнiң тарихи және халықаралық маңызы” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өттi.

Әртүрлi 10 елден келген, әрқилы тарихи-философиялық, социологиялық, саяси мектеп­тердiң өкiлдерi – ғалымдар, қазақстандық және шетелдiк жетекшi қоғамтанушылар, сондай-ақ жас зерттеушiлер өздерiнiң ғылыми баяндамаларында “Желтоқсан-86”-ның тарихи және халықаралық маңызына алғаш рет жан-жақты әрi терең баға бердi.

Академиктер, ғылым докторлары мен кандидаттар, шетелдiк зерт­теу­шiлер бұл көтерiлiс әлемдiк алдыңғы қатарлы жұртшылық үшiн өктем­дiкке, мызғымастай кө­рiн­ген тоталитаризмге, кеңес империясына қар­сы халықтың жаппай қарсылығының жарқын мысалы болды деп бiрауыздан атап көрсеттi. Польшадан, Түркиядан, Ресейден, Мажарстаннан, Моңғолиядан және басқа да елдерден келген ғалымдар көтерiлiстiң Кеңес империясы мен “социа­листiк лагерь” дейтiннiң ыдырауына, демократиялық және ұлт-азаттық процестердiң туындап, пайда болуына тiкелей ықпалы болғанына шынайы дәлелдер келтiрдi. Көтерiлiстiң халықаралық маңызына егжей-тегже­й­лi талдау жасады. Бұл көтерiлiс кеңес ғылымы мен идеологиясының соғыстан кейiнгi кезеңде орнықтырылған Кеңес Одағында ұлттық мәселеде “проблема жоқтығы”, оның толық әрi түпкiлiктi шешiлгенi туралы аңыз бен жалған қағиданы толықтай талқандап, жоққа шығарды.

Ғылыми форумға қа­тыс­қан ғалымдар дәл осы “Желтоқсан-86” Кеңес империясының ыдырауына жол ашты және бұл ретте көтерiлiс­ке қатысушылар қазақ халқының Азаттық пен Тәу­елсiз­дiкке деген бiртұтас ерiк-жiгерi мен ұмтылысын бiлдiрiп, жаппай батырлық танытты, халықты топтастырып, оның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорғады деп есептейдi.

Сапер күректерiмен және сойылдармен қаруланған арнайы мақсаттағы әскер солдаттарының, әскери училищелер мен КСРО IIМ оқу орындары курсанттарының, милицияның жаппай күш қолданғанына, ұрып-соққанына, сондай-ақ қала зауыттарында арнайы дайындалған темiр таяқтармен, болат құбырлардың кесiндiлерiмен қаруланған, “жасақшылар” деп аталатындардың бү­кiл Алматы қаласында қудалап, соққыға жыққанына, өздерiне қарсы иттердiң, БТР-лардың, милицияның ерекше отрядтарының пайдаланылғанына, 20 градустық аязда суық су шашқанына, жап­пай ұстау мен қамау­ға алуға қарамастан, кө­терiлiсшiлер батырлықпен, халықтың ерiк-жiгерi мен арман-тiлегiн бiлдi­рiп, бостандық, демократия және Қазақстанның егемендiгi идеялары жолында 3 күн бойы өз күре­сiн жалғастыра бердi.

КСРО ОК Саяси бюросы мен КСРО ҰҚК басшылығының тiкелей нұсқауы бойынша көтерiлiстiң шынайы бет-бейнесiн жасырып қалу, одақ iшiндегi және әлемдегi жұртшылықты алжастыру мақсатында, сондай-ақ өздерi­нiң саяси қателiктерi мен көтерiлiсшiлерге қатысты жазалау шараларын ақ­тап алу үшiн көтерiлiстiң ау­қымы мен салдарын сипаттайтын мән-жайлар, ресми бағалар мен хабарлар толықтай бұрмаланды, негiзгi деректер мен цифрлар қолдан жасалды.

Ғалымдар және халық­аралық конференцияға қатысушылар “желтоқсаншылар” Отанды қорғау жолында жаппай патриотизм мен батырлық көр­сетудiң көзi тiрi әрi жарқын өнегесi болып табылады, сондықтан олар мем­лекеттiк және қоғамдық өмiрден шетқақпай қалмауға тиiс деп санайды. Олардың ерлiгi қазақстандықтардың бүгiнгi және болашақ ұрпағын тәрбиелеуге лайықты.

Халықаралық форумға қатысушылар “Желтоқсан-86”-ға байланысты мәселелердi жан-жақты талқылап, өздерiнiң “желтоқсаншылар” ерлiгi алдындағы жауапкершiлiгiн ұғынып, Қазақстанның өркениеттi әрi демократиялық мемлекет ретiн­дегi имиджiне мүдделiлiк танытып, саяси құбылыстарға халықаралық стандарттар мен құндылықтар негiзiнде баға беруде қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастырудың маңызы мен қа­жеттiлiгiн атап көрсеттi. Осы негiзде қарар қа­был­данды.

Онда төмендегiдей мәселелер қамтылды.

1986 жылғы 17-19 желтоқсанда Қазақ КСР-iнде болған, КСРО ОК басшылығының ұлттық саясаты мен шешiмдерiне қарсы бағытталып, Қазақстанның азаттығы мен еге­мендiгiн қорғауды мақсат тұтқан саяси бой көрсетулер көтерiлiс деп танылсын.

Кең ауқымды ғылыми және қоғамдық айналымға “Желтоқсан-86” ұлт-азаттық, демократиялық күш­тердiң жандануына үлкен ықпалын тигiзiп, басқа процестермен қатар Кеңес Одағының ыдырауына және Қазақстанның тәуе­л­сiздiгiн қалпына келтiру­ге алып келген, сондай-ақ КСРО орнында тәуелсiз ұлттық мемлекеттердiң құрылуына белгiлi бiр дәрежеде өз әсерiн ти­гiзiп, қоғамдық-саяси жү­йелердiң тайталасындағы теңгерiмнiң демократиялық күштер пайдасына өзгеруiне жол ашқан, сол арқылы бүкiләлемдiк тарихи маңызға ие болған қазақ халқының көтерiлi­сi” деген тезис енгiзiлсiн.

 “Желтоқсан-86” – бұл егемен Қазақстанның мүдделерi мен болашағы жолында жастардың жаппай патриотизм мен батырлық таныту актiсi.

1986 жылғы желтоқсан көтерiлiсi туралы бұрын берiлген ғылыми бағалар мен тұжырымдар, оның iшiнде 1987 жылғы мамырда Қазақ КСР ҒА-да өткiзiлген ғылыми конференция түсiндiрмелерi конъюнктуралық, саяси және идеологиялық көзқарастардың жетегiнде кет­кен,ғылымға жат және объективтi емес деп танылсын.

Желтоқсанның барлық белсендi қатысушылары халқының мүддесi мен Отанының егемендiгi үшiн өз бостандығын, денсаулығын, тағдырын сарп еткен, ал кейбiрi, тiптi, өз өмiрiн қиған, Қазақстанның азаттығы мен еге­мен­дiгi жолындағы күрескерлер деп саналсын.

Ғалымдардың халық­аралық форумы бiздiң халқымыз үшiн ауыр болған күндерде Қазақстандағы желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiне қатысушылар­ға қолдау көрсетiп, ынтымақтастық танытқаны үшiн Польшаның, Түркияның, Германияның, Мажарстанның, Чехияның және басқа да мемле­кеттердiң прогрессивтi және демократиялық жұртшылығына, бұрынғы барша кеңестiк республикалардың, қазiргi    тә­у­елсiз мемлекеттердiң прогрессивтi жұртшылығына, шетелдiк ғалымдар­ға, ақындарға, жазушыларға, қоғам қайраткер­лерiне шынайы алғыс сөздерiн айтады.

ҚР Үкiметiне, Прези­дентi әкiмшiлiгiне, Пар­ламентiне “Желтоқсан (1986 жылғы) көтерiлiсiне қатысушылардың мәрте­бесi және билiктiң заңсыз әрекеттерiнен зардап шеккен барлық құрбандарды ақтау туралы” заң қабылдау ұсынылсын.

Ғылыми форумға қатысушылар жұртшылықтың талабына қарамастан, не ҚР Үкiметi, не тиiстi ми­нис­трлiктер мен ведомстволар, не барлық дең­гейдегi әкiмдiктер халқымыз тарихындағы тағды­р­шештi құбылыс – “Желтоқсан-86”-ның 30 жылдығын лайықты түрде қарсы алу жөнiнде “Арнаулы iс-шаралар жоспарларын” қабылдамағанын өкiнiш­пен атап өтедi.

Халықаралық ғылыми форум Үкiметке және Астана әкiмiне тәуелсiз Қазақстанның жаңа елордасында “Желтоқсан-86”-ның қаһармандарына” монументтiк кешенiн тұр­ғызу туралы (демеушiлiк көмек есебiнен жасауға да болады) шешiм қабылдауды ұсынады.

Үкiметке және “Желтоқсан-86”-ның бесiгi Алматының әкiмiне көте­рiлiске 30 жыл толып отырған жылы оңтүстiк елордада архивтiк, фото-құжаттық, ұлттық-руханилық, имандылық-патриоттық және басқа да залдар мен сақтау орындарын қамтитын “Желтоқсан-86” тарихи мемориал­дық орталығының” iрге­тасын қалап, құрылысын бастау (демеушiлiк көмек есебiнен де жасауға болады) ұсынылсын.

Қазақстан Республикасының Үкiметiне “Желтоқсан-86” қатысушыларының жаппай батырлығы мен патриотизмiн мәңгi есте қалдыру: қала кө­шелерiне есiм­дерiн беру; ескерткiштер орнату; кiтаптар мен естелiк­тер сериясын шығару; маркалар шығару; монеталар соғу және т.б. бойынша жеке Қаулы қабылдау ұсынылсын.

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне, ҚР Ғылым академиясына, ғалым­дар­ға, тарихшыларға мек­тептiң, колледждiң және жоғары оқу орнының оқу­лықтарын шығарған кезде “Желтоқсан-86” көтерi­лiсi­не жеке параграфтар арнау қажет деп есептеу жөнiнде өтiнiш жасалсын.

Ғалымдардың халық­аралық форумы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевқа 18 желтоқсанды (басқа күндi белгiлеуге де болады) өз батыр-қорғаушыларына алғыс бiлдiру және тағзым ету белгiсi ретiнде көптеген шетелдерде жасалғандай, Қа­зақстанның азаттығы мен тәуелсiздiгi үшiн жанын пида еткен күрескерлердi (қаһармандарды) жалпыұлттық құрметтеу күнi деп жариялау жөнiнде өтiнiш жасайды.

ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiне, жоғары оқу орындарының ректорларына, гуманитарлық бе­йiндегi ғылыми-зерттеу институттарының директорларына, ғылыми және шығармашылық жұртшылыққа жыл сайын Халық­аралық “Желтоқсан оқуларын” өткiзу жөнiнде өтi­нiш жасалсын.

Ғалымдардың халық­аралық форумы ҚР Бiлiм және ғылым министр­лiгiне, жоғары оқу орындарының ректорларына, докторант­тар мен магистранттардың ғылыми жетекшi­лерiне iзденушi­лерге осы көтерiлiске байланысты диссертациялық зерттеулер тақырыптарын таң­дау­ды ұсынуға кеңес бе­редi.

Ғалымдардың халық­аралық форумы ҚР Пре­зидентiнiң әкiмшiлi­гiне (жетекшi ретiнде), ҚР Бiлiм және ғылым минис­трлiгi мен Ғылым академиясына бұрынғы басқа да Одақтас республикалардың үлгiсiмен елдiң қоғамдық ғылымын декоммунизациялау және отарсыздандыру проце­сiн күшейтудi ұсынады.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiне және ҚР Мемлекеттiк архивiне “Желтоқсан-86” энциклопедиясын шығаруды ұсынады.

"Жас Алаш" газеті