23 қаз, 2018 сағат 22:42

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жоба

ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «…Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын…», – деген болатын. Бұл дамыған 30 елдің қатарынан көрінудің басты шарты екені белгілі. Өркениетті елдердің барлығы осы сандық жүйеге көшіп, өнеркәсібінің дамуын және халқының әл-ауқатын жылдан-жылға жақсартып келеді.

Елбасының тікелей тапсырмасына сай Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама бес негізгі бағыттан тұрады: экономика салаларын цифрландыру; цифрлы мемлекетке көшу; цифрлық Жібек жолын жүзеге асыру; адами капиталды дамыту; инновациялық экожүйені құру. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Нұрлы жол» секілді маңызды құжаттарда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға екпін беретін қосымша күш болып табылатын бағдарламаның басты мақсаты – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеру, өмір сапасын арттыру, әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген. Атқарылатын жобалардың басым бөлігі мемлекеттік-жекменшік серіктестігі аясында жүзеге аспақ. Айта кетерлігі, «Цифрлық Қазақстан» тек бір ғана IT саласын емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Соның арқасында IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Дәл осы саладағы еңбек өнімділігі 37 пайызды құрамақ. Ал, халықтың цифрлық сауаттылығын 85 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жоба негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асатын болады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлық технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау. Жалпы, Қазақстанда ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға ендіру жұмыстары бірнеше жыл бұрын сәтті басталған болатын. Оның жарқын мысалы – eGov жүйесі немесе Қазақстанның электронды үкіметі. Дәл осы жүйенің көмегімен бүгінде жүздеген операция­ны компьютер алдында отырып-ақ жүргізуге болады. Құжат рәсімдеу, коммуналды қызмет түрлерінің ақысын, салық, айыппұл, сақтандыру және өзге де қызмет түрлерін үйде отырып төлеуге кез-келген қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта «Ци­фрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жүйенің жұмысы одан әрі жетілдірілмек. Бұл үшін Австрия, Дания, Австралия, Канада және Сингапур секілді дамыған мемлекеттердің тәжірибесі қабылданды.

Қазіргі таңда бағдарлама бойынша атқарылған жұмыстардың алғашқы нәтижелері көріне бастады. Мәселен, өткен жылдан бері Қазақстан мектептерінде электронды күнделік қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, педагогтар атқарған жұмыстарының есебі мен жоспарларын қағаз күйінде емес, электронды үлгіде тапсыра алады. Электрондық коммерция және қолма-қол ақшасыз төлемдер өмірімізге мықтап енді.

Айталық, «Қазпошта» Акционерлік қоғамы Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған «Фулфилмент» және электронды коммерция орталықтарын ашты. Бұл жеткізу мерзімін қысқарту мен тауарларды жөнелту қыз­меттерін жетілдіру арқылы интернет-сауданы дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, «E-commerce» базасында, яғни, электрондық коммерция орталықтары негізінде онлайн-дүкендер құру бойынша оқыту қызметтері көрсетіліп жатыр.

Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру аясында әкімшілік кедергілер мен қағаз-құжат айналымын жоюға көмектесетін тәсілдер көптеген мәселелердің шешімін табуға септігін тигізуде. Мәселен, деректер базасын біріктіру нәтижесінде азаматтарды мемлекеттік тіркеу қызметі толығымен электронды түрге ауыстырылып, 2 миллионнан астам қағаз анықтама қысқарды. Сондай-ақ, баланың туылуына байланысты қызметтерді проактивті ету пилоттық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде бір жарым миллионнан астам анықтама беру қысқартылды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша Астана қаласында іске қосылған алғашқы Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет көрсету түрлерін үйреніп, әркім өзіне қажетті электронды құжаттарды еркін алуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта орталықтағы өздігінен қызмет көрсету аймақтарын 60 пайызға дейін арттыру жоспарланған. Мұндай орталықтарды барлық облыс орталықтарында ашу жоспарланған.

«Цифрлық Қазақстан» бағдар­ламасындағы басым бағыт­тардың бірі адам капиталын дамыту болып саналады. Осы мемлекеттік бағдарламаның аясында 2022 жылға дейін кезең-кезеңімен ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығын 83%  арттыру жос­парланған. Бұл ретте, «цифрлық сауат­тылық» деген терминнің өзі адам­дардың ақпараттық технологияларды күнделікті өмірі мен жұмысында еркін пайдалана білуін қамтамасыз етуді білдіреді. Бүгінгі таңда халықтың цифрлық сауаттылығына байланысты бірнеше деңге бар екені анықталған. Олар: базалық деңгей. Яғни, компьютер мен мобильдік гаджеттерді пайдалана білу, интернет арқылы ақпарат алу мен тағы басқа бағыттар. Екінші деңгей – транзакциялық бағыттарды меңгеру қабілеті: «электронды және ашық Үкімет» сервистерін пайдалана білу, қызметтер алу мен төлем жасау мүмкіндігін игеру. Үшінші деңгей Интернет желілері арқылы сатып алу, сату және тауарды нарықта жылжыту қызметтерін еркін меңгеруге байланысты. Яғни, электронды саудаға икемді болу. Төртіншісі, цифрлық құралдарды пайдалану: мобильді қосымшаларды еркін игеру, гаджеттердің жұмысын синхрондау және тағы басқа заттарды оңай пайдалану. Ал, кәсіби деңгей бағдарламалау және бағдарламалауға байланысты шешімдерді өз еркімен құра білу қабілетін білдіреді.

Сондықтан, ел тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыруға байланысты екі бағыт белгіленген: Біріншіден, орталық мемлекеттік органдар халық пен кәсіби кадрларға осы сала бойынша жан-жақты білім береді. Яғни, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және Ғылым министрлігі мен Ауыл шаруашылық министрлігі жауапты мемлекеттік органдар ретінде цифрлық сауаттылыққа байланысты қосымша білім беруге атсалысатын болады. Ал, екінші бағыт бойынша ел тұрғындарын жергілікті атқарушы органдар оқытатын болады. Мәселен, бүгінгі таңда Ұлттық экономика министрлігі «бизнесті жүргізу бойынша» кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын өткізіп жатыр. Осы оқыту бағдарламасы цифрлық саланы да қамтиды. Сонымен қатар, 8 миллионға жуық азаматты мемлекеттік электрондық қызмет алуға және онлайн-сауда жүйесін игерту бойынша базалық білім берумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Қазпошта» АҚ базасында жүзеге асырылады.

Ал, екінші бағыт бойынша жергі­лікті атқарушы органдар Халыққа қызмет көрсету орталықтары және «Қазпоштамен» бірлесіп, еліміздің шалғайда орналасқан барлық елді мекендерінде цифрлық сауаттылықты арттыруға байланысты шараларды атқаратын болады. Бұл шара 500 мың адамды қамтиды.

Цифрлық технология ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салаларында да қолданыста. Жуырда өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов барлық медициналық мекемелерінің 100 пайыз электронды медициналық жазылымға өтетінін жеткізді. Бүгінгі таңда қалалар мен барлық аудандар деңгейінде медицина қызметкерлерін компьютермен қамтамасыз ету 85,2 пайыз көлемінде шешіліп, медмекемелердің 96 пайызында медициналық ақпараттандыру жүйесі енгізілген. 2019 жылдан бастап науқас өзімен бірге денсаулық картасын тасып немесе оны медмекемеде сабылып іздемейтін болады. Ауруханаға немесе емханаға қаралса, сол күнге дейін қандай сырқатқа шалдыққаны, диагнозы, анализдері, қандай ем алғаны туралы толық ақпарат дәрігердің қолында болады. Осыдан кейін медициналық тексерістен пара беру арқылы өте алмайсыз. Бәрін ортақ базадан біліп отырады. Демек, электронды паспорт Интероперабельділік платформаның (министрліктің бəріне ортақ платформа) құрамына кіреді. Онда науқас пен денсаулық сақтау қызметкерінің өздерінің жеке кабинеті болады. Сонымен қатар, дәрігердің қабылдауына жазылуға, үйге шақыртуға мүмкіндік береді. Ақпараттық ресурстарды және деректерді сыртқы және ішкі қауіптерден қорғайтын қауіпсіздіктің ең соңғы жаңа құралдары мен рәсімдері жүзеге асырылады. Халықтың электронды медициналық паспортталуы 11 млн бірлік шамасында деген мəлімет берген министр, осы жұмыстардың арқасында тұрғындардың медициналық көмек алудағы қолжетімділігі артып, пациенттерге көмектің тиімділігі жоғарылайды, дəрі-дəрмектермен қамтамасыз ету жүйесі жетілуіне де жасалған ең бір оңтайлы қадам екенін атап айтты.

2018 жылдың ақпанынан бастап ауыл шаруашылық саласының барлығы дерлік цифрландыру жүйесіне көше бастады. Осы сала жақсы дамыған Ресей, Еуропа елдері, Беларустан сүт сауу, азықтандыру, күтіп бағуға арналған құрылғылары алынуда. Мәселен, бұған дейін 200 бас сауын сиырын сауып, күту үшін 30 сауыншы, 2 малшы қажет болатын. Енді мұны бес-ақ робот сауады. Егер мал денсаулығында кінәрат болса, робот арнайы сигнал беріледі. Осылайша, біртіндеп фермаларда жоғары мөлшерде өнім үшін автоматтандырылған құрылғылар қызмет атқаратын болады.

Малдардың мойындарына электронды «чип» орнатылады. Оның пайдасы зор, малдың реттік саны, түрі, түсі, жылы, қандай аурумен ауырғаны – барлығы осында тіркеліп тұрады. Ал, JPS-ті асыл тұқымды малдарға орнату қолайлы. Себебі, ұрықтанған уақытын білу арқылы төлдейтін мезгілін алдын ала топшылауға мүмкіндік туады. Қандай түрмен будандасқанын біліп, төлінің сапасын анықтай алады. Болашақта жайылымдағы жердің химиялық құрамына космос арқылы мониторинг жасалады. Соның арқасында қандай шөптің, көкөністің өнімді көп беретінін білуге болады. Бұл технология ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетері сөзсіз.

Осылайша, цифрландыру ел экономи­ка­сының бол­мысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнім­ділігінің артуы мен өмір сапа­сы­ның жақ­саруына зор ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысы айқын­дап бергендей, цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу елімізді жаңғыр­тудың басты бағыты болмақ.

Дана Халық