23 шіл, 2018 сағат 09:45

Халықтың 80 пайызында электронды денсаулық паспорты болмақ

Астанадағы Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев электрондық денсаулық паспорты жобасымен танысып, оның саның 80 пайызға дейін арттыруды тапсырды.

«Жобаны белсенді және кәсіби түрде іске қосып жатқандарыңыз байқалады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Қазір негізгі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жергілікті деңгейде компьютерлер сатып алынып, ақпараттық жүйелер дамуда. Сондықтан аталған жүйелердің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету маңызды. Мұны жыл соңына дейін аяқтау керек», - деді А. Жұмағалиев.

Оның айтуынша, еліміздегі электронды денсаулық паспорты толықтай енбеді. Сондай-ақ, аталған жүйенің үстіміздегі жылы түбегейлі енгізілетінін айтты.

«Қазір еліміздегі кей азаматтарда электрондық паспорт бар екенін білемін. Алайда көрсеткішті 80% жеткізу керек. Қазір заңға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеп жатырсыздар. Аталған жүйе 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыс істеуі тиіс», - деп баса айтты вице-министр.

Ал, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов болса денсаулық сақтау саласында ақпараттық технологиялар кеңінен енгізіліп жатқанын тілге тиек етті.

«Қазір жаңа сегментті – пациенттерге арналған мобильді қосымшаларды белсенді дамытып жатырмыз. Бұл қосымшалар емханалар мен медициналық ақпараттық жүйелермен байланыстырылған. Яғни, қазіргі таңда жүзмыңдаған адам мобильдік қосымшаны қолданады - жүкті әйелдер мен қант диабетіне шалдыққандар жекелеген қосымшаларды жүктеп алып, бақылауға тұра алады», - деді Е. Біртанов.

Сондай-ақ, ол электронды денсаулық сақтау паспортының маңыздығына тоқталып, оның медициналық көрсетуде айтарлықтай пайдасы бар екендігін атап өтті.

«Біз үшін маңызды тағы бір жайт - ауруларды есепке алу. Мәселен, ана өлімі бойынша: әйел Астанада босанып, үйіне қайтады. Екі аптадан соң, қызуы көтеріліп, сепсиспен ауруханаға түседі. Оған диагноз қойғанда, жүктілігі есепке алынбайды. Мұндай жағдай бірнеше рет кездесті, шын мәнінде статистиканың басқаша екенін көрдік. Ал қазір электрондық паспорт арқылы барлық ауру тарихын көруге болады. Енді пациенттің диагнозын жоғалтып алу, қандай да бір жайттарды жасырып қалудан арыламыз. Бұл медициналық көмек сапасына елеулі әсер етеді», - деп түйіндеді министр.