03 жел, 2019 сағат 11:21

Халыққа қызмет көрсету: Бір ғана өтініш беріп, бірнеше қызметті бірден алуға болады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина халыққа қызмет көрсету орталықтарының жаңа қызмет көрсету тәсілдерін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жаңа өзгерістер «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында көрсетілген.

«Мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы басты жаңалықтардың бірі – халыққа қызмет көрсету орталықтарының «бір терезеден» «бір өтініш» қағидатына көшуі. Бұл «композиттік» қызмет көрсету тәсілі деп аталады. Яғни азаматтар бір өтінішпен бірнеше ілеспе қызметті кешенді түрде ала алады. Мысалы, мүгедек баласы бар ата-аналар баласына медициналық қызмет немесе мемлекеттен берілетін дәрі-дәрмек алу үшін 6 түрлі арыз жазады екен. Ендігі уақытта оның саны қысқарып, бір өтініш арқылы бірнеше қызметті бір мезетте алу мүмкіндігі бар», - деді депутат ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұл жаңа тәсіл еліміздің барлық ХҚО-ларында пилоттық режімде сынақтан өткен.

«Сондай-ақ, жаңа өзгерістер қатарында мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде көрсету қарастырылған. Яғни, ХҚО азаматтың өтініш беруін күтпей-ақ, қызметтерді өзі ұсынады. Мысалы, сәби дүниеге келгенде оны есепке алу, туу туралы куәлік беру, балаға берілетін жәрдемақыға өтініш және нәрестені тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу секілді қызметтер автоматты түрде бір мезетте ұсынылады. Бұл қызмет бүгінде 120 мың анаға көрсетілді», - деді М. Айсина.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінде елімізде 124 мемлекеттік қызмет оңтайландырылды. Орта есеппен әрбір мемлекеттік қызметтің көрсетілу мерзімі 9 күнге дейін қысқартылды. Сонымен бірге, 90-нан астам құжат қысқартылып, 82 мемлекеттік қызмет композитті түрде берілмек.

Айта кетейік, 2019 жылдың 7 қарашасында Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Заң жобасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленді.