24 сәу, 2019 сағат 09:38

Халықаралық түркі академиясы көрмеде жаңа кітаптарды таныстырды

Халықаралық Түркі Академиясы ІҮ Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Биыл Түркі Академиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірігіп, аталған көрмеде манасшы Мергенбай Медеров жырлаған «Манас» эпосының, Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ» шығармасының, сонымен қатар танымал қырғыз жазушысы, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романы мен «Қазіргі қырғыз поэзиясы» секілді кітаптарды таныстырды» делінген хабарламада.

Іс-шараға жазушы, драматург, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғызстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жеенбек Құлыбаев, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, ақын  Ұлықбек Есдәулет қатысты. Халықаралық Түркі академиясы Қырғызстанмен мәдени-рухани байланысты жүйелі түрде нығайтып келеді.  

Айта кетейік, Халықаралық Түркі Академиясы осы уақытқа дейін 140-қа жуық кітапты басып шығарған. Өткен жылы академияның ұйытқы болуымен 28 кітап жарық көрді.