04 қаз, 2019 сағат 18:25

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде «Жадымыздан өше бастаған және жаңа есімдерді ғылымның сан тараулы саласынан іздестіру. Қазақстан: 1960-2000 жж.» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві" мен "Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві" бірлесе ұйымдастырды. 

"Конференция архив саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының 2018 жылдың 5 сәуірінде өткен Бірінші отырысында бекітілген ресейлік және қазақстандық архивистердің бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізіліп отыр", - деді "Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві" РММ директоры Баян Жұматаева өз сөзінде. 

Конференцияда өткен кезеңдерді зерделеудегі архивтік дереккөздердің рөлі, құжаттық мұраларды пайдалану мәселелері, ХХ ғасырдың соңында отандық ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан, бұл күнде жадымыздан өше бастаған тұлғаларға қатысты тарихи әділеттілікті орнату сынды мәселелер талқыланды. Конференция қатысушыларының назарына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві қорларының негізінде дайындалған тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.

Шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, қазақстандық және ресейлік архивистер, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.