11 нау, 2019 сағат 09:38

Халықаралық агенттік Қазақстанның кредиттік рейтингін тұрақты деп бағалады

S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «ВВВ» деңгейінде, «Тұрақты» болжамымен растады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қазақстанның рейтингін қолдайтын негізгі фактор - мемлекеттің мықты балансы, сондай-ақ 2022 жылға дейінгі сарапшылардың болжамындағы сыртқы қарыздан асатын өтімді активтер.

Сарапшылар 2019-2022 жылдары экономикалық белсенділіктің орташа есеппен 3% деңгейінде өсуін болжап отыр. Бұл мемлекеттік бағдарламаларға және өндіруші саланың өсуіне байланысты.

Сондай-ақ, S&P сарапшыларының болжамы бойынша, жаңа салық кодексінің арқасында мемлекеттік кіріс біртіндеп артады. Салық кодексі теңгерімсіздікті азайтып, салық базасын ұлғайта отырып және қазынаның шоғырлануына әсер етіп, ерекше жағдайлар мен артықшылықтарды оңтайландыру арқылы кірістерді молайтады.

Бұдан басқа, теңгенің тұрақтандырылуы, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкі өткізген түрлі шараның нәтижесінде экономиканы долларсыздандыру жалғастырылады.

«Тұрақты» болжамы S&P болжамын айқындайды: алдағы екі жылда мемлекеттік және сыртқы баланстар тұрақты болады.