22 жел, 2016 сағат 07:27

Халық жадында қайта жаңғырған ұлы есім

Кешегі кеңестік жүйенің солақай саясатына байланысты осыдан ширек ғасыр бұрын Мұстафа Шоқайдың атын ешкім ашық атай алмайтын еді. Шоқай ұрпақтары мен туыстары қудалаудан қашып, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болса, ағасы Мырзеке мен інісі Нұртаза Мұстафаның туысы болғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Ал елдегі ата-әжелеріміз Мұстафаның атын атаудан қорқып, «жоғалып кеткен», немесе «оқыған бала» деп жұмбақтап сөйлейтін.

Бүгінгі күні халқымыздың ұлы перзентінің атымен мақтанатын болдық. Мұндай күрделі өзге­ріс еліміздің егемендік, мем­ле­ке­тіміздің тәуелсіздік алуымен тіке­лей байланысты болғанына дау жоқ. Тіпті, 1989-1990 жылдары-ақ әр жерде Мұстафа Шоқайдың аты ата­лып қалып жатты. Алғаш Әнуар Әлімжанов «Халықтың өткен жолы, адамның өткен жолы немесе Мұстафа Шоқайды еске ала отырып» деген тарихи мақала жазды. Содан Хамза Абдуллин, Мырзатай Жолдасбеков, Қалдарбек Най­ман­баев, Оразбек Сәрсенбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бүркіт Аяғанов, Бақыт Садықова, Бейбіт Қойшыбаев, Әбу Тәкенов, т.б. еліміздің жазушылары мен әдебиетшілері, тарихшылары мен саясатшылары Мұстафа Шоқайдың шындығында кім екенін дәлелдеп, қалам тарта бастады. Ал бұл Алаш ардақтысының кіршіксіз тазалығын, үлкен парасат пен адамгершіліктің иесі екенін, Отанына, халқына деген адалдығы мен сүйіспеншілігін, тынымсыз күрескерлігін және коммунистік (кеңестік) идеология қанша жала жапса да, оның елімізге ешқандай да жау емес, ке­рісінше, шынайы тілеуқор бол­ғандығын оның зайыбы Марияның «Менің Мұстафам» атты естелігінен айқын көреміз. Бұл естеліктің қазақ тілінде Ыстан­бұлда басылып шығуына 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшысы Қалдарбек Найманбаевтың сіңірген еңбегі елеулі болды.

Сондай-ақ, «Мұстафа Шоқай – ол кім?» деген сұраққа сол кезде Франциядағы елшілікте қызмет атқарған Бақыт Садықова қарындасымыз жауап берген болатын. Мұстафа Шоқай туралы ең алғаш батыл да ашық қалам тартып, кітап жазғандардың қата­рын­да Әбжәми­ Байшуақов, журналист Сар­бұлақ Ибрашев пен қауіп­сіздік коми­тетінің полковнигі Әмірхан Бәкіров болды. Осылайша елімізде Мұстафа Шоқай туралы тың із­де­ністер, мақалалар, оның өз ең­бек­тері ақпарат беттерінде көп­­­теп шыға бастады. Осы кез­дің өзінде қайраткер қаламгер Камал Смаилов ағамыз: Мұстафа Шоқайды «Дүниежүзілік деңгейде кө­рін­­ген ең бірінші қазақ», — деп оның саяси еңбегін дәл бағалаған еді.

Осы бір қарбалас кездері облыста Мұстафа Шоқай атындағы қоғамдық қор құрылды. Өңір басшылары бұл жұмысты маған тапсырды. Бұған менің бір жағынан әкемнің соғыста тұтқында болып, одан ақталып елге оралғанда Мұстафаның туысы деп қайтадан тағы да Қарлагқа 25 жылға айда­лып құрбан болғаны, екінші жағы­нан, елдегі мәліметтерді арқау етіп, атамыз жөнінде мақала жаза бас­та­ғаным да түрткі болған шы­ғар.

Қордың алғашқы аяқ алысына келсек, сол кездегі Сырдария ауда­нының әкімі Оңалбек Сәпиевтің тікелей қолдауымен Мұстафаның туған ауылы Сұлутөбеде ескерткіш ашылып, сал­танатқа сыртта жүр­ген туыстары шақырылды. Көп ұзамай Шиелі ауданының орта­лық алаңында да Мұстафаның ес­керткіші қойылып, ас беріліп, айтыс, спорт түрлерінен жарыстар өткізілді.

Облыста осылай Мұстафа Шо­қай­ға арналған түрлі іс-шара­лар жалғаса түсті. «Мұстафа Шоқай – тәуелсіздік күрескері» атты рес­пуб­ликалық ғылыми конфере­н­­-
ция ұйымдастырылып, оған ака­демик Әбдімәлік Нысанбаев, профессор Мәмбет Қойгелдиев, Бақыт Садықова, Қажымұрат Әбішов қатысып, баяндама жасап, Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік күрескері екенін одан әрі аша түсті. Облыс орталығында бір көшеге Мұстафа Шоқай аты беріліп, Мұстафа Шоқай атындағы мектептің алдына ескерткіш орнатылды. Сонымен қатар, туған ауылы Сұлутөбеде жаңадан салынған мектеп Мұстафа Шоқай атымен аталды.

Мұстафа Шоқайдың аты елі­міз­де одан әрі кең танылуына оның еңбектерінің елге жетуі сеп­тесті. Бұл бағытта Иманғали Тасмағамбетовтің Премьер-Мини­стр болып тұрған кезіндегі Францияға барып Мұстафаның Ножан-Сюр-Марндағы тұрған үйінің жанына ескерткіш-тақта орнатумен қатар, 8000 беттік 117 папкадағы қолжазбаларының фотокөшірмесін еліміздің орталық мұражайына алып келіп тапсыруы үлкен оқиға болды. Сол сияқты, Түркиядағы дүниежүзілік татарлар диаспорасының төрағасы Акчораның «Түрксой» басшысы Дүйсен Қасейіновке тапсырған Мұстафа Шоқайдың хаттары мен қолжазбалары да елге жетті.

Атақты саясаткердің есімінің  қайта оралуынан Ресей де сырт қалмады. 2008 жылы Санкт-Петербург Гуманитарлық Қоры мен наградалар жөніндегі өнді­рісаралық біріккен комитеті Мұстафа Шоқайды Санкт-Петер­бург Ғылымы мен мәдениеті жә­не өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Петербург тұлғасы» («Личность Петербурга») медалімен марапаттап, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы арқылы Мәдениет министрлігіне тапсырған болатын. 2009 жылы Мәскеуде шыққан «Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия» атты басылымда «Чокаев Мустафа» атты көлемді мақала басылды.

Мұстафа Шоқай еңбектерінің негізінен «Яш Түркістан» жур­­на­лында жарық көрген мақа­лаларының алдымен екі, содан соң үш томдық болып, 1998-1999 және 2007 жылдары Алматы­дағы «Қайнар» баспасынан жа­рық көруіне оның директоры, Мем­­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты, белгілі жазушы Оразбек Сәр­сен­баев­ ерекше үлес қосты. Осы­ның алдында, яғни 2006 жылы Мұс­тафа Шоқайдың эпистолярлық мұ­расы жарық көрген еді. Ал 2012 жылы басталып, 2014 жылы аяқ­талған Мұстафа Шоқай шы­ғар­­маларының толық он екі том­­дық жинағын шығарудағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыс­тану институты бас болған, танымал мұстафатанушы, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор К.Есмағамбетовтің айрықша қажыр-қайраты кімді болса разы еткендей. Мұның алдында зерделі зерттеушінің «Әлем таныған тұлға» атты көлемді монографиясы жарық көрген болатын.

Сонымен қатар, Бақыт Са­дық­ованың «История Туркес­тан­ского легиона в документах», «Мустафа Чокай в эмиграции», ыстанбұлдық қандасымыз Әбдуақап Қараның түрікше, қазақ­ша, кейін француз тілдерінде «Мұстафа Шоқай. Өмірі. Күресі. Шығармашылығы», Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа Шоқай», т.б. монографиялар, кітаптар жарық көрсе, ұлы күрескер өмірі мен мұ­ра­сы туралы көптеген кан­ди­даттық, док­тор­лық диссерта­циялар қор­ғал­ды. Осы жерде мы­нандай бір де­­рек­ті келтіре кет­­сек артық болмас. Қазақстан Рес­пуб­­­­ли­касы Ұлт­­тық кітап­ха­на­сы­ның 2015 жы­лы шы­ғар­ған «Биб­лиографиялық көр­сет­­кі­шінде» Мұстафа Шоқайдың өмірі мен саяси қызметі, мұрасы туралы 2309 әдебиет тір­ке­ліпті.

Елімізде мұстафатану жұмыс­тары кино-драматургия саласында да кең қанат жайып дамып келеді. Оған куә ретінде кинорежиссер С.Нарымбетовтің және жазушы Р.Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» атты киносы мен спектаклін атауға болады. Ақын Қасымхан Бегманов ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай ізімен» атты экспедиция жұмысы да көптеген жайлардың бетін ашты. Оның Мұстафа атын Түркістан легионымен байланыстырған саржағал баспасөздің кертартпа журналистерімен екі рет соттасып, Мұстафаны ақтап алуы да үлкен ерлік болды.

2013 жылдың 27 желтоқ­са­нын­да, яғни Мұстфа Шоқайұлы­ның дүниеден қайтқан күні туған ауылы Сұлутөбе жанындағы 1-май ауылында Мұстафа Шоқай атындағы мешіт үйі ашылып, аруа­ғына ас беріліп, құран бағыш­тал­ды. Мешітті кәсіпкер меценат, облыстық мәслихат депутаты Шәутай Тілеуберген өз қар­жы­­сымен салдырып еді.

Мұстафа Шоқай есімінің ха­лық жадында қайта жаңғыруына өзінің туған облысының басшылары ерен еңбек сіңіріп ке­леді. Соның арқасында ұлы кү­­рес­кер соңғы жиырма жылдай мекен еткен Францияда да бірсы­пы­ра маңызды істер жүзеге асты. Көптеген дипломатиялық келіс­сөз­дер негізінде мақсатты іске қол жеткізілді. Ножан-Сюр–Марн қала­сындағы тұрған үйінің жанына Мұстафаның ескерткіш-бюсті орнатылды. Сол ескерткіш орна­тыл­ған алаң мен Мұстафаның тұр­ған үйінің жанындағы «Фонтан алаңы» қала әкімінің шешімімен биыл­ғы қыркүйек айынан бастап «Мұстафа Шоқай алаңы» деп аталады.

Мұстафа Шоқайдың атын та­нытып, асыл мұраларын наси­хат­тауда оның туғанына 125 жыл толуы ерекше асу болды. Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзі бас болып, Астана, Алматыдан көр­некті ғалымдарды шақырып, рес­­публикалық деңгейде кон­фер­ен­­ция өткізді. Шиелі ауданы мен Мұстафаның туған ауылы Сұлу­төбедегі ескерткіштері жа­ңа­р­тылды. Қорқыт ата атын­дағы уни­верситетте «Мұстафа Шоқай ғы­лыми-зерт­теу орталығы» ашылып, ол өз жұмысын бастап кетті.

Торқалы тойға байланысты Ал­ма­тыда да Р.Б.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институ­ты­ның басшылығымен халықаралық ғылыми-теориялық конферен­ция өтті. Оған Түркиядан, Әзер­бай­жан­­нан, Өзбекстаннан белгілі ғалымдар қатысып, баяндамалар жасады. Мұстафа Шоқай туралы тың деректер айтылып, келелі-келелі мәселелер қозғалды.

Білетіндер Мұстафа Шоқай ең­бектері әлі елге толық жете қой­­ған жоқ дейді. Мысалы, Өзбек­стан­ның архивтерінде Мұстафаның бей­мәлім еңбектері болуы мүмкін көрінеді. Демек, мұс­тафатану әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз. Мұстафаның мол мұрасы өзі көксеген арманға жеткен тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуі қажет.

Базарбай АТАБАЙ,

Мұстафа Шоқай қорының төрағасы, Шиелі ауданының құрметті азаматы

ҚЫЗЫЛОРДА