28 мау, 2018 сағат 07:18

Халық қатты шаршады...

Халық қатты шаршады. Бәрінен. Девальвациядан, коррупциядан, бітпейтін реформадан, нәтижесіз бастамалардан, қымбатшылықтан, әділетсіздіктен, заңсыздықтан.

Қазір адамдар тіпті айлық алған сәттің өзінде қуана қоймайды. Өйткені ол айлық алғанда "ақшаны екінші айлыққа дейін қалай жеткіземін" деген уайыммен алады. Көбісі оны бірінші аптада-ақ несиеге, алған қарызы мен пәтер ақысына беруге мәжбүр. Былайша айтқанда бірінші қолмен алып, екінші қолымен өзгеге береді. Ол ай сайын қайталанатын дағдыға айналған. Бұл халықты мезі қыла ма? Мезі қылады! Өмірден түңілдіре ме? Түңілдіреді!

Халық қазір айлықтың, зейнетақының, шәкіртақының өскеніне қуанбайды. Тіпті өспесе екен деп тілейді. Өйткені айлық өссе, артынша нарықтағы баға екі есе өседі. Бұл халықты ашуландыра ма? Ашуландырады!

Халық қазір "ешқандай реформа жарияланбаса екен" деп тілейді. Өйткені миллиондардың өмірін өзгертуге тиіс реформалар тек жүздеген адамды байытып қана қоятынын біледі. Бұл халықтың болашақтан үмітін үздіре ме? Үздіреді!

Халық қазір білімге, ғылымға ұмтыла қоймайды. Өйткені IQ-ің сұмдық болса да, бай баласы сөйлейтінін, талантың ғажап болса да, бағлан баласы билеп, төстейтінін біледі. Ақшасы бар надан, ақшасы жоқ рухани адамнан жоғары. Көкесі жоқтар келешектен бір ғажапты күтуді қойған.

Айта берсе көп әрине. Біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз дейміз. Сөйте тұра сол дамыған елдердің басты қағидасын ұмытамыз: Ол билік пен халық арасындағы ашық диалог және жиналған мәселелердің уақытында шешілуі. Бізде әзірге тек мәселелер жиналып жатыр. Халықтың әлеуметтік мәселесін шешпеген ел, сол халықтың ашуынан құлап тынады. Оны тарих талай дәлелдеген.

Билік мынаны түсіну керек: Қазақ ұлты өз мемлекетіне, билігіне жау емес, ол тек қана өз еліндегі олқылықтарды жөндеу үшін шыр-пыр болады. Болғаны сол. Ал егер қоғамда түрлі сипаттағы негатив көбейсе, онда ол кезінде қабылданған қате шешімдердің бумеранг болып бүгін оралуы. Сондықтан шынайы әлеуметтік реформа жасайтын уақыт келді. Бүгінгі күні халықты одан басқа ештеңе серпілте алмайды. Қарны аш, баспанасы жоқ халық рухани жаңғырмайды.

Асхат Қасенғалидің фейсбуктегі жазбасынан