24 ақп, 2020 сағат 13:58

«Халық денсаулығы туралы» кодекс жобасына 800-ге жуық ұсыныс түсті

Бүгін Алматы жұртшылығы «дөңгелек үстел» басында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасының нормаларын талқылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиынға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, ҚР Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақтардың, медициналық ұйымдардың мүшелері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мемлекет денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.

Ал спикерлер қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан жаңа кодекске енгізілген өзгерістер туралы баяндама жасады.

«Бүгін мемлекетіміздің әр азаматы үшін аса маңызды құжатты талқылауға жиналып отырсыздар. Бұл өте маңызды, қажетті құжат. Осы бағытта бізде Мәжілісте арнайы жұмыс тобы құрылды, 24 отырыс өткіздік. Бүгінгі күнге дейін 791 ұсыныс берілді. Оның 600-ге жуығы қабылданды, 200-ге жуығы жұмыс үстінде. Мұның барлығы бұл заңның өзектілігін көрсетсе керек. Біздің депутаттар өңірлерге де шығып, пікір жинады, оларды ұсыныс ретінде айтты», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова.

 

Айта кету керек, кодекстің жаңа жобасында әлемдік тәжірибе негізінде ДДҰ ұсынымдарына сәйкес өзгерістер енгізілді.

«Бүгінгі маңызды отырысқа жиналып, өте өзекті мәселелерді талқылауға келгендеріңізге қуаныштымын. Бұл, әр азаматқа қатысы бар құқықтық нормативтік құжат. Кодекстің жобасы алғаш рет Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында бір жыл бұрын жарияланды. Осымен оныншы қоғамдық тыңдау өтуде. Бүгінде үш мыңнан астам түзету мен ұсыныс жинадық. Әсіресе, халықтың пікіріне сүйеніп кодекске түзетулер енгізуге көмектескен ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы жұмыс тобына, ҮЕҰ-ларға алғыс айтқым келеді», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Жиын барысында екпе алу, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, жастардың жыныстық сауатын арттыру, медициналық қызметтердің сапасына бақылауды күшейту, медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыру, медициналық пунктерді дамыту, денсаулық сақтауды цифрландыру мәселелері көтерілді.