27 сәу, 2018 сағат 07:38

Халық баспанасынан айырылып қалмауы керек

Сенат отырысында Ө.Шөкеев кәсіп ашуға несие алғандар қойған 13 мың үй кепілдікте тұрғанын айтты.

Жұмыс керек. Кім де болса бала-шағасын асырағысы келеді. Алайда қазір әркімнің өзі қалағандай жұмыс тауып алуы оңай шаруа емес. Ең дұрысы, реті келсе, кішкентай да болса өз ісіңді ашу. Мемлекет те осыған көбірек көңіл аудара бастады.Кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтуға болады. Бұл жұмыспен қамтудың бүкіл әлемде өзін ақтаған жолы деуге болады. Біздің елде де осы мәселе қолға алынды. Алайда аяғына жаңа тұрған сәбидей, енді-енді даму үстінде. Бұл орайда бұрын ондай кәсіптен хабары жоқ адамдарды оқытып, қандай да бір кәсіпті жүргізудің қыр-сырымен, жоспарлау мен есеп-қисапты дұрыс жүргізуді үйретудің орыны ерекше. Мемлекет бұл істі ұйымдастыруға әжептәуір қаржы бөлуде. Осы қаржы тиімді жұмсалып отыр ма?

Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында 2018-2020 жылдарға арналған бюджетті нақтылау барысында сенатор Н.Қылышбаев Үкімет басшысының орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеевкеосы сұрақты қойды.

«Өзін-өзі еңбекпен қамту және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша 20 млрд. теңге бөлінуде. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараттарына сәйкес2017 жылы «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша,жалпы құны 1 миллиард 200 миллион теңгеге15 мың адам оқытылды. Барлығы 3314 адам несиеленді.

2018 жылы2 миллиард 400 миллион теңгеге (республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге облыстық бюджеттерден 1,2 млрд. теңге) 30 мың адам оқытылып,тек 14 мың адамды несиелеу жоспарлануда. Неліктен оқытылғандарға қарағанда несиеленушілер аз? Несие берілмейтін және өз күшімен қаражат іздеуге қабілетсіз адамдарға оқытуға бөлінген қаражаттың көп бөлігі жұмсалған. Бұл бағдарлама бойынша «қанша адам оқытылған болса,сонша адам несиеленеді» принципі бойынша, қайта қарау қажеттілігі бар ма?»

Сенатордың нақты сұрағына вице-премьер де нақты жауап берді.

– Шын мәнінде бұл өте қажетті бағдарлама. Бұның механизмі: министрлік жергілікті бюджетке 7 жылға бюджеттік кредит береді. Жергілікті бюджет «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Агрокредиттік корпорацияға» өз кезегінде кредит береді.  Бұл мекемелер жеке шаруашылыққа, фермерлік шаруашылыққа, кооперативтерге кредит береді. Механизмі осылай.

«Бастау Бизнес» жобасымен оқыған азаматтардың бәрі міндетті түрде кредит алады деген қағида жоқ.

«Бастау Бизнес» жобасын оқығанның сыртында оның кепілдік мүлігі болуы керек, сондай оның тағы да басқа бірталай шарттары бар.

Қазірдің өзінде бұл бағытта біздің «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Агрокредиттік корпорацияға» АҚ арқылы 44 миллиард теңге бөлініп отыр. Біз осы қаржыдан шамамен 11 мың несие беруіміз керек. Бірақ жоспарлы түрде бәріне бере берудің қауіптері бар. Өйткені, жеке шаруашылықтарға, кооперативтерге кіру үшін кредит бергенде олар өздерінің үйін кепілдікке қойып жатыр. Қазір қорда 13 мың үй кепілдікте тұр. Ертең кредит қайтарылмай қалса, ол үйді алып, сатуға тура келеді. Ол кейін қандай әлеуметтік жағдайға алып келетінін болжау өте қиын. Сондықтан біз  «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқығаны емес, басқа да жағдайларына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Олардың мүмкіншілігіне, бизнес жүргізу мүмкін бе, жоқ па, басқа жері бар ма, малы бар ма, оны сататын нарық қалай, соның бәрін өте мұқият қарап отыруымыз керек сияқты.

Премьер министрдің сөзінің жаны бар. «Қарыз күліп келіп, жылап кетеді» демекші, қарыздың аты қарыз. Оны да қайтаруға қауқарлы адамдар алмаса басындағы баспанасынан айырылып қалуы да мүмкін ғой. Дегенмен жаппай кәсіпкерлікті дамыту сонымен бірге өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз отырған тұрғындардың белсенділігін арттыру үшін жеңілдетілген шағын несие беруге арналып бөлінген 20,1 млрд теңге қосымша қаражатты да тиімді пайдалану қажет. Бизнес тәуекелсіз болмайды. Көптеген отбасылар осы көмекті пайдаланып жағдайын көтеріп жатқанын да жадымыздан шығармаған жөн.

Сенат отырысында осы мәселе бойынша сенатор С.Еңсегенов та өз пікірін білдірді. «Шағын бизнестің ең басты проблемасы ол бастапқы айналымдағы қаражаттың болмауы, алайда, кәсіпкерлер қаражат тапшылығын бастан кешуде, қаржы ресурстарына қол жетімсіз.

Жақында, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың өзінің баяндамасында айтып өткендей, үш жылдан астам жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер шағын несие алушы тізімінен алынып тасталғаны және шағын несиенің бір алушыға берілетін соманы төмендету туралы шағын несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізілген. Бұл орайда аса сақ болу керек, оларға басқа бағдарламалардан несие қаражаттарын алу мүмкіндігі сақталуы қажет.

Шағын несие ауыл тұрғындары үшін өте тиімді тәсіл. Сондықтан ауылдық елді мекендерде бұл бағдарламаның жүзеге асу механизмін халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу керек» деді сенатор

Заң қабылданды. Ендігі мәселе оның тетіктерін тиімді жасап, ел игілігіне жарату

Әділбек ҚАБА