13 там, 2019 сағат 12:26

Дана Нұржігіт: "Үлкен диірменге, майданға бара жатырмын..."

Кеше Мемлекет Басшысының жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалған танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт жылы лебіз білдіргені үшін қызақстандықтарға алғыс айтты.   

"Қадірлі оқырмандарым, қымбатты отандастар! Маған жолдаған құттықтауларыңызды оқып отырмын. Көп рақмет! Президент жарлығымен маған жүктелген міндеттің мәртебесі қаншалықты биік болса, салмағы атан түйеге жүк боларлық соншалықты ауыр екенін жіті түсініп отырмын Халық аманатын көтеріп, көптің үмітін ақтау енді біздің буынға жүктеліп отыр", - деп жазды ол instagram-дағы парақшасында.

Дана Нұржігіт қал-қауқарынша адал еңбек етіп, ел өмірінен ажырамай, кабинет қызметкері емес, халық қызметшісі болуға ұмтылатынын атап өтті. "Арық сөйлеп, семіз шыққысы" келетінін де жасырмады.

"Оны айтып отырған себебім, "Dara jol" хабары тоқтамайды", - деп мәлімдеді сенатор.

Оның пікірінше, хабардағы кездесулер, үлгі тұтар тұлғалардың ақылы, тәжірибесі, кеңесі халық пен заман тынысын, тіршілік тамырының соғысын сезінуге айтарлықтай септігін тигізеді.  

"Үлкен диірменге, майданға кетіп бара жатырмын... Атымды ерттеп, батаңызды беріп, ақыл қосқан баршаларыңызға алғыс айтамын! Алла абырой берсін деймін",- деп түйіндеді Дана Нұржігіт.

Естеріңізге сала кетейік, 12 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев танымал тележүргізуші Дана Нұржігітті сенатор қызметіне тағайындады.

1972 жылы 18 шілдеде Қызылорда облысында дүниеге келді. Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын "оқытушы, концертмейстер, камералық ансамбльдің солисі" мамандығы бойынша тәмамдаған.

1994-1996 жылдары Абай атындағы ұлттық университетте, одан Күләш Бәйсейітова атындағы республикалық колледжде концертмейстер болып жұмыс істеді. Ал 1997 жылы теледидарға келді. Содан бастап жаңалықтар қызметінің жүргізушісі, "Сәлем, Қазақстан!" бағдарламасының жүргізушісі, продюсері, редакторы, көркемдік жетекші қызметтерін атқарды. "Хабар" арнасында біраз жыл еңбек етті. CaspioNet жобасының продюсері, "Білім" арнасының редакторы болды.

Бүгінде Дана Нұржігіт QAZAQSTAN арнасындағы "Дара жол" бағдарламасымен кеңінен танымал.