07 сәу, 2020 сағат 10:44

Халі нашарлаған екі науқас Түркістан облысынан Шымкент ауруханасына жеткізілді

Короновирус жұқтырып, денсаулығы нашарлаған Түркістан облысының екі тұрғыны Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді. Бұл туралы 7 сәуір күні Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова айтты. 

Айгүл Бекбауованың сөзіне қарағанда, екі науқастың да жағдайы ауыр. 

Түркістан облысында короновирус жұқтырғандар саны 33 адамға жетті. Олардың ішінде екі сәби бар. Жетісай ауданы мен Бадам, Дербес, Еңкес, Қосбұлақ, Ханқорған және Наурыз ауылы және үш аурухана мен көпқабатты үш үй карантинге жабылған. Облыста көшеге шыққандарға маска тағу міндеттелген. Автовокзалдар мен теміржол вокзалы жұмысын тоқтатқан. Ондаған блокпост қойылған. 

4 сәуір күні Түркістан облысы Жетісай қаласының 64 жастағы тұрғыны короновирустан қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне карантинде жатқан балалары мен туыстары жіберілмеді. Марқұм Алматы қаласында қонақта болып келген соң дене қызуы көтеріліп, дәрігерлерге көрінген. Кейін одан короновирус табылып, 29 наурызда жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. 

Коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда 670 адам болды. 46 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.