19 нау, 2017 сағат 10:48

Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрнда 18 наурыз күні  КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша БӨКЕЕВАНЫҢ 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде  туғанына 100 жыл толған актриса өнеріне ізбасарлары бас ие отырып, Әуезов театрында дәстүрлі өткізілетін  «Театр көктемі» фестивалін таңғажайып талант иесіне арнаған болатын. Бұл игі бастама көрермен қызығушылығын арттыра түскені сөзсіз. Сөзіміздің дәлелі ретінде, кеш өтетін сенбінің сәтін асыға күткен көрермен көпшілік сағат тілі кешкі бесті көрсете бере театр төріне қарай ағылғанын айтып өтсек де жеткілікті. Үлкен залды лық толтырған көп көрермен қатарында  мектеп қабырғасындағы балдырғандар да, самайын ақ шалған қарттар да болғаны тіптен көңіл қуантты. Осыдан-ақ, байтақ дала төсінде бір шоқ гүлдей жайнаған өнерлі қызын өз халқы қаншалық сағына еске алатынын аңғаруға болатын еді.

Алыс-жақыннан келген көрермендердің қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" өрденінің иегері, мадениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуы еске алу кешінің ел мәдениетіндегі елеулі шара екенін айғақтай түсті. Министр жиналған көпшілікті келе жатқан наурыз мерекесімен құттықтай отырып, театр өнерінің хас шебері Хадиша Бөкееваның биік өнеріне бас иетінін жеткізді. Әрі «Театр көктемі-2017» фестивалінің жеңімпазы ретінде «Ақтастағы Ахико» қойылымын марапаттады. Қазақтың қадірлі қариясы, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов аға буын салған сара жолда өзін көрсетіп үлгірген жас актер, “Серпер” жастар сыйлығының иегері Еркебұлан Дайыровқа арнайы жүлде табыстады. Одан әрі кеш көрігін сахна саңылақтары қыздырды. Әдемі ән де, әсерлі күй де, әсем би де болды. Арасында сахыналық қойылымдар көрсетіліп, Хадиша Бөкееваның кезінде сомдаған сәтті ролдері қайта жаңғыртылды. Әуезов театры дайындаған Х.Бөкееваның шығармашылық өмірінен сыр шертетін қысқаметражды деректі фильм көрсетілді.

Хадиша Бөкеева «Абай» спектакліндегі Бастаушы ролі үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын  алған, сондай-ақ,  қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндіктерінде М.Әуезовтің «Абай» романынан, Жамбыл жырларынан, 1977 жылы Ленинградта өткен күндерде Ж.Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасынан үзінділер оқып,  ұлттық өнеріміздің мәртебесін әлем көкжиегіне көтерген өнерпаз.   М.Әуезов театрында  60 жылдан астам уақыт  қызмет еткен  ұлы актрисаға құрмет ретінде  биыл 24 ақпан күні Батыс Қазақстан облыстық драма театрына Хадиша БӨКЕЕВАНЫҢ есімі берілді. Бұл қуанышты жаңалықты жиналған жұртқа даңқты актрисаның туған жері асау Ақжайықтың ақ сәлемін алып келген БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Д.А.Құсайынов мырза жеткізді. Бұл да болса елін сүйген есіл қызды елінің сыйлағаны, есінен шығармағанының бір белгісі екені сөзсіз.

Қазақ театр өнері аспанында тым биіктен көз тартып тұратын жарық жұлдыз – Хадиша Бөкеева бүгінде ел-жұртының мақтанышына, сүйіктісіне айналған. “Тау алыстаған сайын биіктейді”-дейді, көзі тірінсінде-ақ тау тұлға екенін дәлелдеп қойған актриса апамыз арада жылдар өткен сайын бұрынғы биігінен бір сәтте аласармақ емес. Қайта беделі биіктеп, даңқы арта бермек. Бұның бәрі де ол кісінің бойына тұнған таланты мен дара дарынының арқасында туған халқының жүрек түкпірінен терең орын алғанын көрсетеді. Қазақтың сахна өнерін, сахна мәдениетін тым биік белеске көтерген керемет актриса – Хадиша апамыздың халқынан алар марапаты мен махаббаты осымен шектелмейтіні сөзсіз. Бүгін жүз жылдығын тойлаған халқы тағы жүз жыл өтседе ол кісіні жүректерден өшірмейді деп сенеміз.