15 мау, 2017 сағат 13:57

Кезекте тұрған алматылықтар Универсиада ауылынан пәтерлер алды

Бүгін Алматыда алматылық 168 отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізді. Баспана «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілді. Пәтер кілттерін қала әкімі Бауыржан Байбек табыстады, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Айта кету керек, тұрғын үй кешені Универсиада кезінде салынған Атлеттер ауылында орналасқан. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша берілген пəтерлер "Қазақстан  Ипотекалық компаниясы" АҚ арқылы рəсімделіп, сатып алу құқығымен 168 адамға жалға берілді.

«Елбасы тапсырмасы бойынша Универсиада мұрасы ретінде бүгін пəтерлерді беріп жатырмыз. Адам үшін баспана мəселесінің маңызы зор. Үйі бар адамдар болашаққа үмітпен қарайды. Бұл 4-санаттағы сапасы жақсы пəтерлер. Бірақ инфрақұрылымы жағынан мүмкіндіктері тамаша", -деді Бауыржан Байбек.

Əкімдіктің хабарлауынша, 2017 жылдың соңына дейін 4,5 мың пәтер пайдалануға беріледі. Осылайша жыл соңына дейін кезекте тұрған әр төртінші отбасы баспаналы болады.

2017 жылғы мәлімет бойынша, баспана алуға 20 300 адам кезекте тұр.

Қала əкімі аталған аумақта орналасқан медициналық орталық пен "Nomads" мейрамханасын да аралап көрді.

Айта кету керек, Атлеттер ауылы 2016 жылдың соңында салынып біткен болатын. 23 га аумақта 14 тұрғын үй бар. Кешен аймағында ХҚКО, емхана, супермаркет, банк, пошта орналасқан.