29 қыр, 2016 сағат 09:53

Кенже

Атадан балаға мұра болып қалған үй «киелі үй» деп аталады. Оны ел, ағайын туыстары «қарашаңырақ» деп құрмет тұтады. Қарашаңыраққа ұл ғана ие болады. Үлкен балалары отау тігіп, енші алып, бөлек шыққанда ең кіші ұл ата-анасымен бірге қалады. Ал кенже ұл иеленген әкенің үйі басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі әрі қасиетті үй ретінде саналған. 

Әке-шешені асырау, қартайған кездерінде бағып-қағып, қамқор болу осы кенже ұлдың міндеті болып табылады. Әкесі бар кезінде немесе ол қайтыс болғаннан кейін де осы үй, яғни «қарашаңырақ» батыр, би, әулие, молда, т.б. сыйлы кісілердің түсетін үйі болса, сол ауылдың адамдары алыс сапарға аттанар алдында немесе алыстан адам келсе, сол үйден ырым қылып дәм татады. Атақты адамдардың қарашаңырағын бірнеше жүз жыл өтсе де ел-жұрт есінен шығармай айтып, оны тәрбие мектебі ретінде пайдаланған, үлгі қылған. Абылай ханның қарашаңырағы Уәліге, одан Шыңғысқа қалған. Атақты Шақшақ Жәнібектің қарашаңырағы кенже ұлы Тоқтамысқа, одан кейін батырдың оныншы ұрпағы Мыңбай ұлы Ғазизге қалған. Бұл кісі 1991 жылы қайтыс болды. 

Бүгінде осы дәстүр қандай деңгейде? Бүгінгі кенже бала өз ұясының түтінін түзу ұшырып, іргесін берік ұстай алуда ма?

Кенже ұл – қарашаңырақ иесі

Жаңадан отбасын құрып, өмірге қол ұстасып бірге аттанған жастарға «Шаңырағың биік болсын!» деп бата береді. Бұл – құрған отбасының тұғыры берік, мәртебесі жоғары болсын деген сөз. Қазақ шаңырағында әуелі әке, сосын ана осы отбасының ұстазы болмақ. Ата-анасы отбасында имандылыққа тәрбиелесе, ол бала тіл алғыш, адал, үлкен-кішіге қамқор болып өседі. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі сыйлауы­нан, қадірлеуінен көрініс табады.

Қазақ танымында отау болып, үй тігуді «шаңырақ көтеру» дейміз. Баршамызға белгілі «шаңырақ» сөзі «үй, отбасы» деген мағынаны білдіреді. Халқымыздың ұғымында шаңыраққа ие болу кез келгенге бұйырмас бақыт. Ата-анасының ақ батасын алып, сол шаңырақтың түтінін түзу түтетуге бар ықыласымен тырысады.

Қашанда кенже ұл ерекше мейірім­мен өседі. Себебі бала күнінен «шаңы­рақтың иесісің» деген ұғымды құла­ғына құйып өсіреді. Сондықтан да атадан қалған ұяның жылылығын және отбасының ынтымағын сақтауға мүд­делі екенін бірте-бірте сезініп ержетеді.

Әрбір ата-ана әр баласын саналы болса екен деп тілейді. Оның ішінде кенже балаға ерекше ықыласпен қарайды. Олай болса отбасының іргесінің берік болуы тікелей кенже балаға байланысты. Қарашаңырақ дегеніміз – ата-ананың үйі. Әдетте, қарашаңыраққа отбасының балалары, туыстары жиналады. Кенже баланың үлкен бауырлары қамқорлықпен қарайды. Кенже келіннің де атқарар міндеті зор. Шаңырақ пен ондағы әрбір құндылық кенже баланың арқасында сақталып, ата-анаға деген құрмет сезімін жылдар бойы жалғастыра береді.

Бүгінгі алмағайып заманда тұрмыс кешу, заманның толқынына жауап беру кімге болса да оңай соқпасы анық. Десек те, ата-анаға деген құрмет, шаңыраққа деген махаббат алмағайып заманның күн кешуімен өлшенбесе керек. Ешбір зәулім сарайдың өзі шаңырақты алмастыра алмайды, билігі зор тұлға ешқашанда туыс болмақ емес. Туысты қызметке айырбастап, шаңырақтың қасиетін еш жерден сатып ала алмайсыз. Кенже ұлға жүктелер міндеттің салмағы сондықтан да ауыр.

Қарашаңырақ – ұрпақтар өрбіген қуат­ты ұя саналады. Кең мағынада бүкіл ұлт тұтас ірге жайған жер де қара­шаңырақ. Сондықтан қазақ бала­сы атасы көтерген қарашаңырақты аялай қастерлеп, оның қасиетін өзінің ар-намысындай сезінеді.

Қашанда әке-шеше отырған үй аяулы, ардақты, ыстық. Ұрпақтар соған бас иеді. Оны құтты орынға теңейді. «Ордаға керек – отауға да керек» деген аталар өсиеті негізінде әр ұрпақ өзінің шаңырағын ата-салты бойынша жоғары көтеруге және өзі абыройлы, парасатты болуға тырысады. Өзінің де ұрпағын өсіріп, өркенін жайдыруды мұрат тұтады. Сондықтан қарашаңырақ – қазақ арманының мақсат-мүддесінің бір шоқтығы.

Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы жұртты жақын­дастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы. Ұрпақ аралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өнегенің, мейірімділік пен адамгершілік ұясында адам баласының өмірге келгеннен кейінгі бар тіршілігі өтеді.

Шариғатта «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат» делінген.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалып­тасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қай­сарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Қазақ отбасының ерекшелігі жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орын­сыз сөйлемеуінде. Қазақ отбасын­дағы үлкенді құрметтеу әдеті жауапкершілік, адамгершілік сезім­дерін туғызған. Дұрыс бағытқа бағдар­лау көп жағдайда ­абыройлы әкеге, үлгілі отағасына, қадірлі ағала­ры­на байланысты. Сон­дықтан да шаңы­­раққа ие болудың өзі – шексіз абырой.

Түтіні бөлектің  тәрбиесі бөлек

Соңғы кезде қасиетті «қара­шаңырақ» деген сөзге сәл де болса сызат түскендей ме, қалай? Өйткені бұрынырақта ауыл ұлттың алтын бесігі саналып, қаланы асыраса, қазіргі күні көптеген елді мекендерден халық үдере қалаға көшуде. Бір кездері ұл-қызы дүниеге келген, өсіп-өнген киелі құт мекенді тастап кетушілердің қатары көбеюде.

Жақында біздің аулаға Семей жақтан жас отбасы көшіп келді. Танысып, білісіп алғаннан кейін Асыл есімді келіншек маған Алматыға қоныс аудару жайын тәмпіштеп тұрып айтып берді.

–Біз Мақаншы ауданының шал­ғай ауылында өсіп-өндік. Әке-шешем, бір ағам дүниеден озды. Қара­­шаңырақты ұстайды деп әкем мой­нына мінгізіп, әлпештеп өсірген жалғыз інім өткен жылы істі болып, түрмеге жабылды. Менен үлкен әпкем Алматы облысының Іле ауданында тұрмыста еді. Сол кісі біраздан бері өзіне қарай жақындауымызды қалап жүрген болатын-ды. Соның сәті енді түсті. Өкінішті-ақ, Көкпекті ауылында даңғыраған үлкен үйіміз қалды. Ағайын-туыстар да азайды ғой. Енді ауыл жаққа қашан жол түседі, білмеймін. Өйткені барлық мейірімін төгіп, құшағын ашып қарсы алатын ата-ана бұл дүниеде жоқ.

Осыны айтып ерулікке келген Асыл бастарынан кешкен келеңсіз оқиғаларды әңгімелеп отырып, көз жасын төгіп-төгіп жібергенде одан әрі олардың отбасы туралы сұраудың өзі қиынға айналды.

Ал өткен ғасырдың 80 жылдарынан бері танысып-біліскен көптеген аралас-құралас адамдардың барлығы дерлік келін түсіріп, қыз ұзатып, немере-жиендердің қызығына батуда. Олардың ішінде қарашаңырақты қастерлеп, келіндерін өз қыздарындай көріп, барлығы бірге ынтымақта, жарасымды тірлік кешіп жатқандарын көргенде көңілің өсіп, мерейің тасиды. Алайда бес саусақ бірдей емес қой. Он бірінші Мөлтек ауданында көрші тұрған Ерік пен Райханның жалғыз ұлы осыдан бес жыл бұрын үйленген кезде қуанбаған жан болмаған еді. Таяуда өткен құрбан айт кезінде ­Райхан менің үйіне келуімді өтінді. Балалы үй – базар болып жатқан шығар деп сыйлықтарымды қолтығыма қысып, алып-ұшып жетіп барсам көңілсіз қалыппен Райхан қарсы алды. «Әр үйдің сыры басқа» екеніне сол сәт көзім жетті. Райханның күйеуі ұлынан бұрын басқа бір табысты, іскер әйелдің қолына кіріп алыпты. Ал келінді болған соң сірә, ене мен келін тіл табыса алмағанға ұқсайды.

– Келіннің тілі шықты. Ұлымның ұялы телефонын тексеріп, кез келген уақытта айқай-шу шығаратын болды. Төзе алмадым. Ақыры олар бөлек кетті. Екі қызым мен ұлым дүниеге келген осы үйді қимай күнде жылау­мен өмірім өтіп барады. Түркияда тұратын қызым өткен айда келіп, –Үйді жедел сатыңыз, сізді алып кетемін, – деп отыр. Сондықтан қоштасайын, талай жылдар бойы жанымды жеген шерімді тарқатайын деп ең жақын, әрі түсінеді деген оймен сені шақырып отырмын.

Иә, әке-шешенің қасиеті, қадірі, исі сіңген осы қарашаңырақтың ертеңгі иелері кімдер болар екен?! Жастар неге тұрмыс қиындығына төзімсіз, неліктен өзімшіл, жарқ-жұрқ еткен дүниеге соншалықты неге әуес, қартайған адамдардың көңіліне қарауға неліктен көңіл бөлмейді, біздер үлкендер қай жерден қателік жібердік деген секілді сансыз ойлар сол кезде миымды торлап алған-ды.

Қазақ ешқашанда өз үйін тас­тап, шетке кеткен емес. Олай болса, бүгінгі кенжелердің қылығына жол болсын?! Бас қамының амандығын, тұрмысының жақсы болуын ойлаған бала, ата-анасынан қалған мұраға қалай құрметпен қарасын!.. Тек өз күнінің амандығын ойлап жүргенде, өзге бауырларымен ара-қатынасы қандай болмақ?

Гүлзада ЕСЕНБЕКОВА, мұғалім:
– Жасымыз жетсе де мен тұрмысқа шыққаным жоқ, інім үйленуге асығар емес. Барлық жағдайымызды анамыз жасап отыр. Ініме үлгі болады деген әкем жасы алпысқа келгеніне қарамастан өзінен он жас кіші келіншекке үйленіп бөлектеніп кетті. Бұл жағдай біздерге өте ауыр соқты. Інімнің қарашаңыраққа ие болуы үшін күнде ақыл-кеңесімді айтудамын. Жар таңдауда қателеспегенін тілеймін. Ата-анаммен отыз жыл тұрған үй маған өте ыстық. Бізге жасаған опасыздығына қарамастан әкемнің кітапқа толы жұмыс бөлмесін мұнтаздай етіп жинап, тазалығын сақтап отырмыз.

Балташ ОМАРБЕКОВА, кәсіпкер:
 Жезқазған өңірінің тумасымын. Отбасындағы жалғыз ағам Мәскеуде оқып, ақыры Ресей жерінде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі күні зейнеткер болғандықтан ел жаққа келгісі жоқ. Ағамнан кіші екі қыз екі шалғай облыста, өз арбамызды өзіміз сүйреп жүрген жайымыз бар. Таяуда анамды қолыма көшіріп алдым. Ал Ақтоғайдағы алты бөлмелі үй қаңырап бос қалды. Әкем кезінде түрлі-түсті металл шығаратын зауыттың белді қызметкері болған-ды. Аудандық, облыстық мәслихаттарға депутат болып бірнеше мәрте сайланған-ды. Тұрмысымыз айтарлықтай еді. Өкінішке орай, ердің жасы 50-ге келер кезде жұмбақ жағдайда өмірден өтіп кетті. Енді елде қалған қарашаңырақты күнде-күнде түсімде көріп, жүрегім сыздап ауырып жатқанын сезіп, оянып кетемін.

Еркін ҚАЛДАРБЕКОВ, құрылысшы:
– Отбасындағы он баланың кенжесімін. Әпкелерім тұрмыста. Ағаларым үйлі-жайлы. Әке-шешем төртінші ағатайымның қолында тұрады. Мен болсам жұмыс іздеп Алматы мен Астана арасында жүріп жатырмын. Әке-шешем там соғып, менің ауылға қайтуымды талап етуде. Бірақ маған қала өмірі ұнайды. Кенже бала әке-шешесін қарасын дегенді кім шығарған? Біздің оңтүстік өңірде тұрмысқа қолайлы жағдайдың бәрі бар. Алайда мен көп ақша тауып, келіншегімді қасыма ертіп әлемді аралауды мақсат етіп қойдым.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

"Ана тілі" газеті