18 қар, 2019 сағат 08:33

«Кеңсесі бар» жігіт елордалықтарды ерекше сценариймен алдап келген

Елордада өзін ірі бизнесмен ретінде көрсетіп, қымбат ұялы телефон сатушыларын алдап келген 28 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ол интернет-сайттарда ұялы телефондардың ең жаңа үлгісін сататындарды көздеген. Күдікті өзін қалталы сатып алушы ретінде көрсетіп, кездесуді кеңсесінде өткізу туралы келісіп отырған. Ал кеңселерді интернеттегі жарнамалар арқылы тапқан. Оны жалға алатын болып, кеңсе мекенжайына келген. Сол уақытқа ұялы телефон сатушысын да кездесуге шақырған. Кеңседе алаяқ жәбірленушілердің сеніміне кіріп, өзінің сәтті бизнесі туралы ертегіге сендіріп, ұялы телефон сатып алуға дайын екенін айтқан», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінен.

Сатушы әлгінің қолына ұялы телефонын бергеннен кейін, ер адам ақшаны алып келу үшін кабинетіне кеткен болып, ізін суытып отырған. Еш күдіктенбеген сатушы сол күйі кеңседе күтіп қала береді. Алданғанын кейін ғана түсінген.

Қазіргі уақытта жас жігіт ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалған. Алаяқтық фактісі бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Оның дәл осындай 15 жағдайға қатысының бар-жоғы анықталуда. Алданған азаматтардың саны одан да көп болуы әбден мүмкін.

Полиция мұндай алаяқтықтың құрбаны болған азаматтарды71-62-91, 71-63-35, 8-747-620-57-93, 8-702-482-22-78 немесе 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.