01 қаз, 2018 сағат 07:20

Кеңестің комсомолы келмеске кетті ме?

Кеңестік кезеңде комсомол билеттерін желпілдетіп атқа мінген белсенді жастар белгілі бір мерзімнен кейін компартия мүшелігіне қабылданып, таққа мінетін. 1991 жылы тамыз бүлігінен кейін КОКП-ның жұмысына тыйым салынған соң партбилеттерін тапсырған коммунистердің біршамасы «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне өтіп алды. Сөйткен кешегі комсомол балалар бұл күндері шаштары бурыл тартып аға буынның қатарына қосылды, әлі де мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызметтер атқарып жүргендері аз емес. 

Міне, дәл осы шенеуніктердің қатарынан биылғы жылдың 29 қазанында аталып өтілетін комсомолдың 100 жылдық мерейтойында өздерінің шынайы бейнесін танытатындар табылатынына күмәніміз жоқ. Олар сол күні омырауына комсомол белгішелерін тағып алып, өзгелердің алдында өздерін комсомол ұйымының ұстаханасынан шыңдалып шыққан мықты маман ретінде дәріптейді!.. Әрине, зұлымдық империясы кезеңінде жастық жігерін, қажыр-қайратын қазақ халқын бодандық езгіге салған, демократиялық күштерді басып жаныштаған коммунистік партияның сойылын соғуға жұмсағаны үшін еш өкінбейді. Өйтуге не ой өрісі жетпейді, не жалған намысы жібермейді.

Бұлардың іс-әрекеті егемендік кезеңінде дүниеге келген жастарымыздың тәрбиесі үшін қатерлі, мемлекеттік идеологиямен үйлеспейді және «Нұр Отан» партиясының ұстанымымен де қабыспайды. Демек, кешегі комсомол балалардың ертеңгі мерейтойдағы іс-әрекеттеріне орай шара қолданылуы керек.

Менің пайымдауымша, мемлекеттік мекемелерде, қоғамдық ұйымдарда, көпшілік орындарда, оқу орындарында, сондай-ақ БАҚ пен  әлеуметтік желілер арқылы комсомол, компартия ұйымдарын жария дәріптеген шенеуніктерді анықтап, оларға сенімсіздік білдіру, сөйтіп мемлекеттік қызметтен және «Нұр Отан» партиясы мүшелігінен шығарылуына қол жеткізу дұрыс болмақ. Сондай шаралар мемлекеттік қызметті жат пиғылды кадрлардан тазартуға септігін тигізеді.

Егемен елдігімізді құрметтейтін азаматтар менің ұсынысыма қолдау білдіреді деген ойдамын.

Арман ҚАНИ,

Павлодар қаласы