27 жел, 2016 сағат 14:13

Кенесары ханның бассүйегін іздеу жұмыстары жалғасады - Мұхамедиұлы

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық ғалымдардың Кенесары ханға тиесілі заттарды іздеп жатқанын айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Кенесары ханның бассүйегінен бөлек, оның тұрмыста және соғыста қолданған заттары да бар болуы керек. Біз қазір сол мәселемен айналысып жатырмыз. Мысалы: Кенесарының мылтығы, жазған хаттары. Оларды да іздеу керек. Осы бағытта да үлкен жұмыстар атқарып келеміз", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, министр мамандардың қазақ ханының бассүйегін іздестіру жұмыстарын әлі де жалғастырып жатқанын айтты.

"Кенесары ханның бассүйегін іздестіру жұмыстары жалғасатын болады. Біз оның нақты қайда жатқанын білмейміз. Бірақ ханның бассүйегінің әлі де бар екені жайлы мәліметті толықтай жоққа шығара алмаймыз. Оған ешкімнің құқығы жоқ. Олай айтатын болсақ, дұрыс болмайды", - деді Мәдениет және спорт министрі.

Еске сала кетейік, бүгін ғалымдар Кейкі батырдың қоладан жасалған мүсінін көрсеткен болатын. Венгр антропологы Андраш Жолт Биро Tengrinews.kz редакциясына Кейкі батырдың бюстінің суретін жолдады.