06 ақп, 2017 сағат 09:29

"Кемпір" деп кімді айтамыз?

Газетіміздің өткен сандарының бірінде «Шал» деп кімді айтамыз?» деп арнайы тақырып қозғағанбыз. Онда нақты тарихи деректермен «Шал» сөзінің ерте ғасырлық  мән-маңызы турасында сөз еткен едік. Осы ретте сол тақырыпқа желілес әлеуметтік желідегі тағы бір тосын пікірге тоқталғанды жөн көрдік. Нақтырақ айтқанда, бұл жолы бізге қалам алдырған «Кемпір – пірі кем әйел» деген мәндегі бөгенайы бөтен лепес еді. Әрине, бұл тұрғыда пікір айту – әсте екі сөзден ертегі құрап берудің реті емес-ті. Байыбына бармай, байлауын таппай жыға сөйлесең, иә жөн-жосықсыз жығыла құптасаң, жұрт бағдарынан адасар жай-тұғын. Сол себепті де осы мақаламызда айтылған жайдың шын-өтірігіне шындап ой жүгірткіміз келді.

Ол үшін әуелі мәселенің мәні түгенделген ақпараттұғыр – интернетке үңілдік. Сөйтіп, аталған алты әріпті жітірмелете тере бастағанымызда-ақ, «Кемпір деген кім?», «Шал мен кемпір», «Біз «кемпір» деп кімді айтып жүрміз?» деген сынды доп-домалақ долбарға құрылған біраз тақырыптың төбесінен түскеніміз рас. Әрі сол жазбалардың бірінде: «Қазіргі жастардың көбі келіншегін – «кемпірім», күйеуін – «шалым» деп жиі атайды. Жастар кемпір, шал сөзінің шынайы мағынасын білмейтін болар. Егер де сол сөздің мағынасын білсе, «кемпірім», «шалым» деп айтпас еді», деп бір түйеді. Онан ары қарай «Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді айтатынын, қазақта «пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бар екенін сөзіне тиянақ ете отырып, «Кемпір – пірі кем әйел дегенді білдіреді» деп оқырман ойын өз түсінігінің көмбесіне қарай бағыттауға тырысқан.

Мұнан соң ойыңыз он, санаңыз сан-саққа  жүгіреді келіп. «Баяғыда бір шал мен кемпір болыпты» деп басталатын ертегілерді тыңдап өскен құлағыңызды, құлағыңызды емес-ау, санаңызды аяп бір, «шалдың баласы» сынды мақтанып, немереліктің не бір уыз – қызығына жарып өскен «кемпірдің балаларын» аяп екі түйгейсіз. 

Сөйтесіз де, еріксіз тіл ұшына орала берген дана Абайдың «Жазғытұры» өлеңінің бір шумағын іштей қайталайсыз.
Жаздың көркі енеді жыл құсымен, 
Жайраңдасып жас күлер 
құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай 
кемпір мен шал, 
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен. 
Иә, еш жаңсақ естімедіңіз. Қап-қанық «Кемпір мен шал» делінген. Енді әлгі «пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бойынша тұжырсаңыз, пірі – шалының аман-сауында «кемпір» атанған қарт ана. Бақсаңыз, бұл есеппен Һәкімнің өзі сөзден «сүрінген» болып шығады. Сонда дейсіз, өзін айтпағанда, Зередей зейіні ұшқыр, зердесі бөлек анасын атамағанда, бүткіл елдің тентегі мен телісін тезге салған аға сұлтан Құнанбайдың қарасөзге, қазақы жосыққа қаражаяу болуы мүмкін бе? Яки, бұл атау ертеден «Пірі кем әйел» мағынасындағы сөз болса, қазақылықтың қаймағы бұзбай, ата-дәстүрдің алдындағы адалдығымен қатал аты шыққан қажының тиусыз, тектеусіз қалдыруы тағы мүмкін болмаса керек. Ендеше, сол алып әкеден тәрбиесімен «оқ жонған» – «Қара сөздің» қаймағын алған Абайды қателесті деудің өзі әбестік емес пе?

  Ал онан арғы тарихтан да ептеп сыр тартқыңыз келсе, том-том кітап ақтармай бір-ақ ертегі атаулының біріне сәл бөгелсеңіз жеткілікті. Ол үшін оны «Ой, бұл ертегі ғой» деп дәйек атына менсінбеуге де қақыңыз жоқ-ты. Себебі, ондағы оқиға аңыздық арқау басым болса да, адамның сыр-сипаттық атауы ғасырларға тін тартқан, қаз-қалпындағы қазыналы дерек. Мәселен, бала күніңізден өзіңіз сүйіп тыңдаған «Ер Төстік» ертегісін алыңызшы. «Бір күні кемпір төсегінен тұрып түндікті ашады» дей берсеңіз, жұрт біткен шалы Ерназардың шаңырақтан төстік көріп, жерден жеті қоян тапқандай қуанғанын, онан ары ертегінің бас кейіпкері Төстіктің өмірге келу барысын суырылып тұрып баяндап береді. Байыптасаңыз, мұнда да кемпір мен шал. Пірі – Ерназары аман. 

Міне, осылайша «Күйеуі тірі адамды ешкім кемпір демеген, кейбір әжелеріміздің кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны сондықтан», – деп тұжырған Жәнібек Қожық есімді маңғыстаулық жазарманның бұл пікірін осы шағын екі мысал арқылы теріске шығаруға болады. 

Бұдан бөлек, «Қазақтың 7777 мақал-мәтелі» деген кітапта тәпсірленген «Қарты бардың жұрты бар, кемпірі бардың құрты бар», «Көне киім жаңаны сақтайды, кәрі кемпір баланы сақтайды» немесе «Күн жаумаса жер жетім, кемпірі өлсе шал жетім» деп жалғаса беретін біраз мақалдың осы ретте назарда болғаны жөн. Ал кейбір ішінәра әзіл-қалжың, қағытпа сықпытта айтылған мәтелдерді ұнамсыз реңк (компонент) деп дабырайтып, біржола кеміткен сөздің кебі деп тану – можантопай түсініктің өзі болмақ. (Мысалы, «Кемпір араласқан ертегі оңбайды» деген сынды қағытпа мәтелдер – Қ. Қ.)

Тағы айталық. Керек десеңіз, «Кемпір» сөзінің бізге парсыдан кіргені жайлы да дерек бар. Ол туралы зерттеуші Б. Әбжетов бір сөзінде:   «кемпір» сөзі түркі халықтарына парсыдан кірген. Сөздің алғашқы буынындағы «кам» «аз» дегенді білдірсе, ал «пір» сөзінің мағынасы «ата», «баба», «ақсақал», «қауым бастығы» дегенді білдіреді. Сонда «кемпір» – «күші кем адам», «әлсіз адам» дегенге саяды. Сонда бұл кейіпкер матриархат культінің жойыла бастаған дәуірінде дүниеге келе бастаған болса керек», – дейді. 

Ең қызығы, біз осы деректерге тоғытылып, ғалымның ойынан бөгде ой қармаудың, жұртқа жұғымды сөз ұсынудың әуресімен отырғанда қолымызға республикалық балалар журналы «Періштенің» тигені бар. Тұп-тура соңғы №14 саны. Сонда: «Баяғыда шал мен кемпір өмір сүріпті...» деп басталатын ертегілерді бәрің оқыған шығарсыңдар, балалар. Кемпір – қазаққа кірме сөз. Біз оны өзімізбен аралас-құралас болған парсылардан сіңіріп алғанбыз. Парсы тілінде бұл сөз «кәм – аздап, сәл» және «пир – егде» деген екі сөзден жасалған.  Кемпір –  аздап егде тартқан адам, – дегенді білдіреді. Қазақ халқы жасы ұлғайған, самайын ақ шалған әйел адамды осылай атап кеткен» деп түйінделетін бір ақпар көзімізге оттай басылды. 

Осыдан соң мақаланың авторы Кенже Қыдырбай ағамызға қоңыраулатып, жазылған жайдың қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрағанымызда: «Сөздік қарасаңыз да, болмаса, кез келген парсы тілін білетін тіл маманына жүгінсеңіз де менің уәжімнің ақиқатына көз жеткізесіз. Қазақтың сөздік қолданысына зер салсаңыз да, «кемпір» сөзінің «кейуана» сөзіне қарағанда сәл аз егделеу мәніндегі сөз екенін мөлшерлей аласыз», – деп нақты әрі қысқа жауап қайырды. 

Енді ойланыңызшы, оқырман. Егер біз кез келген сөздің бәрін жоғардағыдай келсін-келмесін құрылыс, түзіліс ерекшелігіне қарай жіктеуге әуестенсек, одан сөздік қолданысымыз реттеліп, тілдік ғылымымыздың көсегесінің көгеріп кетпейтіні ақиқат. Айталық, осы «кейуана» атауын «кейу+ана» деген, яки мұның мәні өміріне «кейіген ана» деген мәністегі сөз деп болжам жасасақ әрі сол арқылы жүзден асып «кейуана» атанған қарт аналарды бұлай атауға болмайды деп жар салсақ, одан кім ұтпақ? Кім ұтылмақ, сіз ше? Міне, бұл мақаладағы тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні сол – ойнап сөйлесек те, ойлап сөйлейік. Аталы сөздің нарқы мен парқын біліп айтайық дегіміз келеді.

Қозыбай ҚҰРМАН,

"Жетісу" газеті