10 нау, 2017 сағат 13:06

Келер жылдың 1 шілдесінен зейнетке шығатын әйелдер төлемді екі есе көп алады

2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлікке шығатын әйелдердің зейнетақысы 2 есеге ұлғайтылады. 

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңізде білесіздер, 2014 жылы зейнетақыны одан ары жаңғырту жөніндегі тұжырымдама, Заң  қабылданды. Соған сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнет жасын арттыру басталады. Бірақ біз әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін арттыруды 10 жыл  ішінде, 2018 жылдан 2028 жылға дейін  жүргіземіз. Яғни, әйел азаматшаларымыз 2028 жылы ғана 63 жасқа толғанда  зейнеткерлікке  шығады», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде  зейнетақының базалық деңгейі көтеріледі.

«Сондықтан оған іліккен азаматшалардың базалық зейнетақылары 2 есеге ұлғайтылып беріледі. Яғни, азаматшаларымыз зейнетақы көлемінен ұтатын болады. Ары қарай әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін ұлғайту үшін  жарты жылдан қосылып  отырады», - деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда, 2010 жылы құрылған Әлеуметтік сақтандыру қорынан дүниеге  бала әкелген аналарға жәрдемақы беріліп келеді.

«Дүниеге бала әкелген 150  мыңға жуық ана өз жалақыларының 40 пайызын аталған қордан алатын. 2016 жылы аталған қордан жәрдемақы алатын аналардың саны 255 мыңға жетті. Яғни 105 мыңға артып отыр. Демек, біз осы уақытта аналарды жұмысқа тартуға көп көңіл бөлдік деген сөз. Қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген аналардың саны көбеюде»,-  деді Дүйсенова.