#
#
Бейсенбі 19/01/2017

Айтыстан кейінгі айтыс: Қазылар алқасы «Алтын домбыраны» не үшін Ниязовқа берді?

  • 05.12.2016
  • 0
  • 1874

Кеше Алматыда «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Айтыстың бас жүлдесін қызылордалық Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Алайда көрермендердің бір парасы қазылар шешіміне қарсы шықты. Жеңімпаз анықталар тұста халық арасынан "Болатбек" деп айғайлағандар қарасы көп болды. Тіпті, Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің өзіне сөз бермей, бірнеше минут қарсылық танытты. Абырой болғанда айтыстың аяғы ешқандай оқыс оқиғаға ұласып кетпеді.

Айтыс аяқталғаннан кейін қазылар алқасының төрағасы Әділбек Ыбырайымұлы фейсбуктегі парақшасында өз пікірін білдірді. 

Әділбек Ыбырайымұлы былай деп тоқтам айтады:

«Балбал тастың бітімі емес, бедері – құнды»

Алматыда үстіміздегі жылғы желтоқсанның 3-4 күндері Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Алтын домбыра» мерекелік айтысы өтті. 

Бұл айтыстың мәресі де, өресі де биік болуы тиіс, өйткені ол – жылына бір рет мемлекеттің қолдауымен ұйымдастырылатын ресми республикалық айтыс. 

Тәуелсіздіктің мерейтойы аясында сыртта да, ел ішінде де түрлі шаралар өтіп, мемлекетіміздің мәртебесі арта түсуде. Осындай ұлы-жіңгір тойда халықтың төл өнері – айтыстың орын алуы әбден лайық нәрсе. 

Айтыс – дәстүрлі өнер. Дана халқымыз «Уықты ұстап тұрар – басқұр, ұлтты ұстап тұрар – дәстүр» деген. Дәстүр – ұлттық сананы қалыптастырады. Ұлттық сана болған жерде «Мәңгілік Ел», «Ұлы Дала Елі» деген сияқты ой-пайым орнайды. Бостан ұғымдағы сана салтанат құрады. 

Бұған жыр додасын көріп, тыңдаған екі күнде куә болдық. Әуелеген аруақты үннен ел рухы асқақтады, Тәуелсіздіктің мазмұны мен мәні көркем сөзбен кестеленді. 

Бұл, «Алтын домбыра» айтысына аузымен құс тістеген кіл саңлақтар жиналды. Қос тәулік бойы Алатаудың етегі жырға қанды, әуенге малынды. Ширек ғасырда қол жеткен жетістіктер кеңінен қамтылды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сөз болды. Қазақ халқының даналығы, дархандығы, ауызбірлігі сипатталды. Көп этносты еліміздің жұмылған жұдырықтай ұйысқаны айтылды. Негізгі мақсаттың – «бір ел – бір тағдыр» бағанына байланғаны көрініс тапты.

Әрбір ақын ішкі әлеуеті мен мәдениетін, ділмарлығын танытты. Қызыл тілге құшырын төгіп, құлақ құрышын қандырған ыңғай сөз сүлейлерінің арасынан бөліп алу қиын болды. Алайда, «Балбал тастың бітімі емес, бедері – құнды, айтыскердің тұқымы емес, өлеңі – құнды» деген өлшемге тоқталдық. 

Қазылар аламанда ақиып, аруағын асырған азаматқа айдар тағып – алғады, сан сұңқардың ішінен самұрығын таңдады.

Жыр додасы Азаттықтың анасы – Алматыда өтіп жатқандықтан, қауым өз өрендері Болатбек Оразбаевтың аты озғанын қалады. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген үдеден қарасақ, бұл да жарасымды. Әйткенмен, ертең Шымкентте де, Атырауда да, өзге де өңірлерде дәл осы республикалық айтыс өтеді, бұйырса. Әр өңірдің көрермені ұлық өнердің үстемдігіне мойынсұнбай, жерлестерін қолдап, өктемсінсе ұлттық мәдениеттен не пәтуә қалмақ?.. 


Рас, ақтық айналымда Серікзат пен Болатбек қатар түсіп, Нарынқолдың жүйрігі мойыны озық отырды. Бәлкім, қарсыласы шаужайынан қағып ширықтыра алғанда одан да ширақ айтар ма еді? «Жүйрік – қосағымен жүгіреді» деген халқымызда керемет сөз бар, осы жолы қосағы дөп табылып, үзеңгі қағыстыра алмады. Сондықтан, өрен жүйрік бауырын жерге төсеп шаба алмады. Қозғаған тақырыптары да майдаланып кетті. Жүрсін ағамыз жүйріктеріне айналымның сыртынан «Тәуелсіздік туралы жырласаңдаршы!» деп, айғайласа да төкпе сөздің лақылы өз бетімен ауа берді... 

Жансая мен Мұхтар ілгерідегі жұпқа қарағанда қыз бен жігіт айтысын көрсете алды. Әзіл, ұлттық нақыштағы қалжың, қоғамдық ой, мемлекетшілдікті ұлықтаған бейнелі сөз жымдаса алмасып отырды. Алайда, Мұхтар жанынан суырып айтып жатқаннан кейін шатасып, сөзінен мүдіре берді. Бірақ, ойлы, ел мүддесін көздеген салмақты сөз айтты. «Қара нардың тізесін бүгіп алып, Шаңырақты қомдағы құлатпайық» деген уәж, тарих көшінде бәрімізді елдікке шақырып тұр емес пе?... Ал, Жансая өз мәнеріне тән күлкімен жан суарды. 

Қалай болғанда да бұл айтыстан төл өнердің үрдісі әрі қазақы пайым көрініс тапты. 

Алдағы уақытта да шашасына шаң жұқтырмайтын күмбір сөздің күліктеріналаманнан көруге жазсын. 

Лайым ел аман, жұрт тыныш болсын. Ұлы Дала Елінің ұландары төрткүл дүниеде дүркіреп жүрсін.

Ұлт порталы

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар