04 қаз, 2018 сағат 15:39

ҚазҰУ - Орталық Азия ЖОО-лары арасындағы ең үздігі

Британдық «Times Higher Education» (THE) агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия университеттері арасында бірінші әрі жалғыз болып «THE World University Rankings-2019» рейтінгінде әлемнің үздік ЖОО-ларының 801-1000 тобына енді. Жалпы бұл рейтинг тізімінде 86 елден 1250 университет бар, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

ТНЕ рейтингі 2010 жылы «Global Institutional Profiles Project» жаһандық жобасы аясында «Times Higher Education» және «Thomson Reuters» бірлесе жасаған, университеттердің барынша ықпалды ғаламдық рейтингісі саналады.

ТНЕ рейтингінің айрықша ерекшелігі - бағалау критерийлерінің басым бөлігінің университеттегі ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтерге бағытталуында. Барынша толық әрі үйлесімді салыстырумен қамту үшін: зерттеу және білім беру қызметі, білім трансферті және инновацияға үлес, интернационалдандыру, ғалымдардың ғылыми мақалаларының жариялануы, халықаралық қарым-қатынас сияқты бес бағыт бойынша 13 индикатор қолданылады. 

АҚШ және Ұлыбритания университеттері ТНЕ рейтингінде дәстүрлі түрде көш бастап келеді. ҚазҰУ халықаралық рейтингілерде серпінді алға басуда, бұған білім ордасының әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне табысты трансформациялануы өз септігін тигізуде. Еліміздегі жетекші университеттің жаңа жетістіктері жоғары оқу орнының және жаһандық ғылым-білім беру кеңістігіндегі Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін аңғартады.

Айта кету керек, 2019 жылдың қыркүйек айында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «QS World University Ranking» Халықаралық рейтингінде 220-шы орынды иеленген, «Great Value Colleges» халықалалық ұйымының мәліметіне сәйкес әлемнің технологиялық тұрғыда ең дамыған топ-50 университеттері қатарында, сондай-ақ «UI Green Metric Ranking of World Universities» рейтингінде әлемнің топ-200 «жасыл» университеттеріне кіреді.