14 ақп, 2020 сағат 06:12

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға 4 млн теңге айыппұл салынды

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау филиалына 4 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атыраулық филиалын «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартты. Компанияға 1600 АЕК, немесе 4 040 000 тенге сомасына айыппұл салынды.

Бүгінде айыппұл сомасы мемлекет пайдасына өндіріліп алынды.

Табиғи монополияларды реттеу комитетінен мәлім еткендей, «ҚазТрансГаз Аймақ»-тың заң бұзушылығы тұтынушыға заң шеңберінен тыс талаптар қоюға қатысты болған.

«Атыраулық филиал Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 24-бабының 10-тармағының 3) тармақшасының талабын бұзған, онда реттеліп көрсетілетін қызметке қолжетімділік ұсынылған кезде табиғи монополия субъектісіне, соның ішінде табиғи монополия субъектісінің желілеріне қосуға немесе реттеліп көрсетілетін қызметтің көлемін ұлғайтуға арналған техникалық шарттарды сақтаудан басқа, өзге талаптарды тұтынушыға қоюға тыйым салынатыны айтылған», - деді комитеттен.