05 қар, 2018 сағат 13:47

«KazSat-2» ғарыш аппараты ауыстырылады

«KazSat-2» ғарыш аппаратын жоспарлы ауыстыруға арналған «KazSat-2R» ғарыштық жүйесін құру бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме және техникалық тапсырма әзірленуде. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.   

«ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылатын перспективалық жобаларының бірі - ол «KazSat-2»  ғарыш аппаратын жоспарлы ауыстыруға арналған «KazSat-2R» ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру» жобасы болып табылады. Қазақстан Республикасы үшін меншікті байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесін құрудың және дамытудың іс жүзіндегі маңызды әрі стратегиялық мәні бар. «KazSat» сериялы ғарыш аппараттарының ресурстары базасындағы спутниктік байланыс желілері елді қазіргі заманғы және сапалы байланыс қызметтерімен 100 пайыз қамтумен қатар, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша маңызды міндетті орындап келеді», - делінген аталған ведомствоның мәліметінде.

Белгілі болғандай, «KazSat-2R» телекоммуникациялық спутнигін ғарыш аппаратын пайдалануға берген сәттен бастап \ 86,5° ш.б позициясындағы ГСО-да орналастыра отырып, кем дегенде 15 жыл белсенді жұмыс істеу мерзімімен іске асыру жоспарланып отыр.

«KazSat-2R» ҒА ресурстары «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ауқымында спутниктік байланыстың бекітілген арналарын ұйымдастыру үшін қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде интернетке тегіс кеңжолақты қолжетімділікті, соның ішінде шалғайдағы ауылдық елді мекендерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ жақында орналасқан мемлекеттерге, яғни Тәжікстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның тұтынушыларына (мемлекеттік органдар, күштік құрылымдар, корпоративтік және жеке секторлар) телекоммуникациялық қызметтерді беру мақсаты да көзделіп отыр», - деп атап өтілен министрік хабарламасында.

2016 жылы «РҒБО» АҚ жобаны іске асыруға кірісті. Компанияның мамандары инвестициялық ұсыныс әзірледі, оны ҚР Ұлттық экономика министрлігі мақұлдады. Қазіргі кезде «РҒБО» АҚ «KazSat-2» ғарыш аппаратын жоспарлы ауыстыру үшін «KazSat-2R» ғарыштық байланыс жүйесін құру және пайдалануға беру бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме және техникалық тапсырма  әзірлеуде.

Қазіргі уақытта «KazSat-2» және «KazSat-3» ұлттық ғарыш аппараттары сәтті жұмыс істеп тұр, олардың ресурстарын 15 спутниктік оператор пайдалануда, Қазақстанның бүкіл аумағы бойынша спутниктік байланыстың 11 000 астам жерүсті станциялары жұмыс істеуде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «KazSat-2R» спутнигін құрастыру шаралары 2020 жылы басталады. 

«KazSat-2» жер серігінің жұмыс уақыты 2023 жылға дейін негізделген, яғни ол 12,5 жыл қызмет етуі тиіс (2011 жылы ғарышқа шығарылды).